Спорттық медицинаның мүмкіндігін молайту – маңызды мәселелердің бірі. Осы бағытта Қарағандыда тоқсаныншы жылдары жабылып қалған диспансер былтыр қайта ашылып, қызметін әрі қарай жалғады. Бұған дейін жарақат алған спортшыларымыз Алматыдан ем-дом алып, қатынап жүрген еді. Енді саңлақтарымыздың деніне шипа диспансер ел ішінде, Қарағандыда бар.
Облыстық дене-шынықтыру және спорт басқармасының «Дәрігерлік-денешынықтыру диспансері» коммуналдық мемлекеттік мекемесі өз жұмысын былтыр қазан айында бастады. Диспансер 1996 жылы жабылып қалған екен. Аты аңызға айналған небір спортшыларымыз осында емделген. Мұндай диспансерлер қазіргі таңда Алматы, Астана, Шымкент, Павлодар және Өскеменде ғана бар.
Диспансердің спорттық медицина бөліміндегі ағымды, кезеңді және тереңдетілген медициналық тексерулерден соң спорттық еңбекке жарамдылықты, уақытша еңбекке жарамсыздықты сараптайды, спорт түрлері бойынша жарыстарға рұқсат беру мәселелерін қарайды. Емдік-денешынықтыру бөлімі бұзылған функцияларды қалпына келтіреді. Емдік-денешынықтыру әдістерін қолдану мәселелері бойынша емдік-консультативтік қабылдауларды жүзеге асырады. Ал функционалдық диагностика бөлімі диагностика және зерттеудің функционалдық әдісін жүзеге асырады. Клиникалық-биохимиялық зертханада науқастың қаны арқылы бойында қандай дерт бар екенін экранға шығарып беретін заманауи құрылғы бар. Әлгі құрылғы «BA 200» деп аталады. 1 сағатта 200-ге жуық зерттеу жасай алады. 1 күнде 44 адамның қанына талдау жүргізеді. Бұл бөлімнің басшысы Дана Утенованың айтуынша, осы құрылғы арқылы көп уақыт үнемделеді.
– Бұл құрылғы адамның ағзасы қандай жағдайда екенін айтып береді. Спортшыларымыз өз дертін анықтау үшін емханаларды аралап жүрмейді. Кезегін күтіп сарғаймайды. Бір күннің ішінде бәрі анықталып, ем-шаралар қабылдай бастайды. Пайдасы мол. Көбіне спортшыларымыз емге уақытын жоғалтып алады. Ал елдің намысын қорғайтын саңлақтар әрқашан сақадай сай жүруі керек, – дейді Д.Утенова.
Физиотерапия кабинеті – диспансердегі маңызды бөлімнің бірі. Бұлшық еті, сіңірі созылған немесе аяқ-қолы сынған спортшыларға осында ем-дом жүргізеді. Баяу қимылмен жаттығулар жасайды. Мұнда мамандандырылған әдіскерлер бар.
Бұған қоса көздің көру деңгейін анықтайтын құрылғылармен жабдықталған бөлме бар. Ультрадыбыстық аппаратпен қамтылған. Жүйкесі сыр берген спортшыларды да емдейді. Жүйкеге жауапты жіңішке тамырлардың да ақауын анықтайтын құрылғы бар. Травматолог, кардиолог, невропатолог, ортопед, реабилитолог, психолог және тағы басқа мамандар қызмет көрсетеді. Диспансерде 20 дәрігер және 9 орта медициналық қызметкер жұмыс істейді.
Жақында диспансерден джиу-джитсудан Қазақстанның спорт шебері, биылғы Азия ойындарының жеңімпазы, Әлем кубогінің иегері, былтырғы Азия ойындары мен Әлем чемпионатының қола медалін алған Аян Әмзе ем қабылдап кеткен. Спортшымыз диспансер дәрігерлерінің кәсібилігін жоғары бағалайды. Жарақаты ауыр болғаны соншалық, «спортпен қош айтысамын ба?» деп уайымға түскен. Бірақ ауыр операция жасатып келген спортшыны диспансердің дәрігерлері дертінен құлан таза айықтырған.
– Былтыр мамыр айында Әлем кубогінің финалында иығымды жарақаттап алған едім. Жарақаттан соң дер кезінде емделе алмадым. Моңғолияның астанасы Ұланбатырдағы Әлем чемпионатына жөнелдім. Бірінші белдесуімде жарақатымды асқындырып алдым. Иық сүйектерін жалғап тұратын ет пен сіңір жыртылып кеткен екен. Астанада операция жасатқаннан кейін осы диспансерге келдім. Маған кәсіби реабилитолог қажет еді. Себебі жарақат өте ауыр. Операция да оңай болған жоқ. Мұнда массаж қабылдадым, физиотерапиядан өттім. Осы диспансердің мамандарына алғысым шексіз. Әсіресе реабилитолог дәрігер Жанат Молдаканова мен Зәру Елшебекова деген массажисті ерекше атап өткім келеді. Күнделікті жағдайыңды, көңіл күйіңді бақылап отырады. Әр күн сайын «Әлі-ақ жазылып кетесің, мұңайма», деп жігерлендіреді. Виктория Регер деген нұсқаушының да жұмысына жоғары баға беремін, – деген лебізін біз арқылы жолдады чемпион.
Жоғарыда атап өткеніміздей, Қарағандының кәсіби спортшылары бұрын жарақатын емдету үшін Алматыға баруға мәжбүр болған. Өйткені кәсіби мамандар сол жақтағы диспансерде. Ұлттық құрамаға талай чемпионды шығарған Қарағандының енді өз диспансері бар. Лондон Олимпиадасының чемпионы, Вэл Баркер кубогінің иегері, қазақ боксының жарық жұлдызы Серік Сәпиев «Бұл диспансердің басқаларына қарағанда медициналық мүмкіндігі зор», деп отыр.
– Көптеген диспансерлерді, оңалту орталықтарын көрдім. Алайда мұнда ең жаңа жабдықтар орнатылған, барлығы сапалы спорттық медицина үшін жасалған. Бұрын ем алу үшін Алматыдағы спорттық медицина және оңалту орталығына тексеруге баруға тура келетін. Қазір осы жерде қолжетімді. Меніңше, бұл – қарағандылық спортшылар үшін үлкен мүмкіндік. Барлық жағдай жасалған. Енді тек жеңіс тұғырына шығу қалды. Осындағы мамандардың жұмысына сәттілік тілеймін. Спортшыларымыз жарақатсыз өнер көрсетсін деген тілегім бар, – деді былғары қолғап шебері.
Ибрагим Магомадов – халықаралық дәрежедегі спорт шебері. Грек-рим күресімен 13 жасынан айналысады. Былтыр Астанада өткен Азия чемпионатында Ұлттық құраманың қоржынына жалғыз алтынды салған балуанымыз. Саран қаласының тумасы. Өкініштісі, былтырғы Әлем чемпионатының алдында абайсызда қабырғасын жарақаттап алған.
– Қабырғаның жарақатынан күреспек түгілі емін-еркін қимылдауым қиындап кетті. Дем алуым да азапқа айналды. Қарағандыда дәрігерлік-денешынықтыру диспансері ашылды дегенді естіп, бірден келдім. Тексерістен өтіп, ем-шараларға кірісіп кеттік. Қарағандылық дәрігерлерден мұндай кәсібилікті күтпегенімді жасырмаймын. Қысқа уақыт ішінде жарақатымнан айықтырды. Емнен бөлек, психологиялық қолдау көрсетті. Уайымымды сейілтті. Міне, қазір жағдайым жақсы. Дәрігерлерге шексіз алғысымды білдіремін, – деп И.Магомадов ризашылығын білдірді.
Жаңадан ашылып жатқан орталық болған соң, кәсіби мамандардың жетіспеушілігі де бар көрінеді. Диспансер басшысы Алшынбай Сұлтанов аймағымызда ұзақ уақыт диспансер болмаған соң, спорттық медицина кенжелеп қалғанын айтады.
– Бұл проблеманы шешудің жалғыз жолы бар. Біз Қарағанды медицина университетінің басшылығымен қажетті спорттық медицина мамандарын оқытуға келісімшарт жасамақпыз. Яғни мамандарымыз нақты осы сала бойынша тереңдетілген білім алып шығады. Қарағанды медицина университетінің бізге қажетті мамандарды дайындауға әлеуеті зор. Еліміз бойынша үлкен беделге ие оқу орны. Қолда бар мүмкіндікті пайдаланған жөн, – дейді А.Сұлтанов.
Алдағы уақытта диспансердің ойға алған жоспарлары жүйеленіп, спортшыларды емдейтін еліміздегі ең озық орталыққа айналатынына сеніміміз мол.
Қарағанды облысы