Еңбек дауының төркіні жалақының кешіктірілуінен туындайды. Ал жалақысын уақытында алмаған жұмысшылар прокуратура мен мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасына жиі жүгінеді. Сөйтіп, тиісті органдардың қызметкерлерінен қолдау күтеді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев азаматтардың еңбек құқығын қорғауды назарға алып отыр. Осыған орай Атырау облыстық прокуратурасының алқа отырысында еңбек заңнамасының сақталуы, еңбек қатынастары саласында туындаған дауларды болдырмау мәселесі талқыланды. Оған облыс әкімі Серік Шәпкенов, қала және аудандардың прокурорлары, өңірдегі ірі мұнай компанияларының бірінші басшылары қатысты.
Облыс прокуроры Бауыржан Жұмақановтың дерегіне сүйенсек, прокуратураның қадағалау жұмыстары нәтижесінде кейінгі 20-ға жуық кәсіпорын әкімшілік жауаптылыққа тартылған. Кәсіпорындарда жұмыс істейтін 1 мыңнан аса жұмысшының құқығы қорғалып, 586 млн теңге жалақысы өндірілді.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауында азаматтардың еңбек құқығын қорғауды қатаң қадағалау тапсырылды. Осыған орай Бас прокурордың тапсырмасымен бірқатар іс-шара атқарылды. Мәселен, «Gold Construction», «Вест Дала», «КМГ-Секьюрити» және басқа да мекемелерде еңбек қауіпсіздігі бұзылып, жалақы уақтылы төленбеген. Еңбекақы мөлшерін арттыру, тұрғындарды жұмыспен қамту саласында орын алған осындай құқық бұзушылықтар жойылды. Біліктілік талабы мен лауазымы сәйкес емес 200-ден аса шетел жұмысшысының рұқсаты кері қайтарылды. Ал заңсыз еңбек қызметін жүзеге асырған 18 шетелдік ел аумағынан депортациялау арқылы шығарылды», дейді Б.Жұмақанов.
Оның айтуынша, прокуратура қызметкерлері Мемлекет басшысының тапсырмасына орай азаматтардың құқығын қорғауды жалғастыра береді. Осы орайда прокурорлардың азаматтарды қабылдау тиімділігі артып отыр. Бұрнағы жылдың 6 айымен салыстырғанда, былтырғы сәйкес кезеңде жеке қабылдауға жазылған адамдардың саны 4,5%-ға өскен. Өткен жылдың алғашқы 6 айында 58 мыңнан аса азаматтың, оның ішінде 18 мың баланың, 4,2 мың кәсіпкердің құқығы қорғалған. Прокурорлық ден қою шараларымен мемлекетке 489 млн теңге залал өтеліп, 6,1 млрд теңгенің мүлкі қайтарылыпты.
Былтыр Жылыой ауданының прокуратурасы жұмысшылардың еңбек құқығын бұзу дерегін анықтады. Оның ішінде «Батыс Тех Инвест» ЖШС-ның жұмысшыларына еңбекақыны төлемеу, сондай-ақ «ЖылыойСу» МКК мен «ИнтерТаско» ЖШС-ның «Теңіз» кен орнындағы жұмысшыларына зейнетақы мен әлеуметтік төлемдер аударылмай келген. Прокурорлық қадағалау актілері негізінде Жылыой ауданындағы 180 жұмысшыға 32 млн теңге еңбекақы берешегі өтелді. Ал 744 жұмысшыға 48 млн теңге көлемінде зейнетақы және өзге де әлеуметтік төлемдер өндірілген.
«Қадағалау органы қызметінің алдағы уақытта атқарар жұмысының басым бағыттары айқындалды. Оның ішінде азаматтардың, кәмелетке толмағандардың, әсіресе ана мен баланың, кәсіпкерлердің конституциялық құқықтарын, мемлекет мүддесін қорғау, заңсыз шығарылған активтерді қайтару секілді міндеттер бар. Сондай-ақ атмосфералық ауа мен ауызсудың сапасын қамтамасыз ету, сыбайлас жемқорлыққа, есірткінің заңсыз айналымына қарсы күреске ерекше назар аударылады», дейді Б.Жұмақанов.
Атырау облысының әкімі С.Шәпкеновтің айтуынша, азаматтардың еңбек құқықтарын қорғау басты назарға алынып отыр. Өйткені мемлекеттің басты ұстанымы – адамның құқығын қорғау, заң үстемдігін сақтау. Әр адам құқығы мен атқарған жұмысына сай жалақысын мерзімінде алуы керек. Осы орайда кәсіпорындар басшылары тарапынан жұмысшыларға қолайлы жағдай жасалып, әлеуметтік ахуалына көңіл аударылғаны жөн.
Ал Атырау облыстық мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасы баспасөз қызметінің мәліметіне қарағанда, өткен жылы жұмысшылардан 2 456 шағым түскен. Мемлекеттік еңбек инспекторлары 2 158 шағымды қараған.
«Басқарма қызметкерлеріне бірнеше міндет жүктеліп отыр. Біріншіден, еңбек заңнамасының сақталуына мемлекеттік бақылауды қамтамасыз ету көзделген. Екіншіден, жұмысшылардың құқықтары мен бостандықтарының сақталуын, оның ішінде қауіпсіз еңбекпен қамтамасыз ету қатаң қадағаланады. Үшіншіден, жұмысшылар мен жұмыс берушілердің еңбек заңнамасы бойынша арыз-шағымдары қаралады. Өткен жылы басқармада 2 456 өтініш тіркелді. Мемлекеттік еңбек инспекторларымен 2 158 өтініш қаралды. Еңбек инспекторлары шағымдарға байланысты және профилактикалық бақылау негізінде 330 тексеру жүргізді. Оның қорытындысымен еңбек заңнамасын бұзудың 367 дерегі анықталды. Заңсыздықтарды жою үшін 153 ұйғарым енгізіліп, 127 әкімшілік хаттама толтырылды. Заң талабын бұзғандарға 17,4 млн теңге айыппұл салынып, 15,4 млн теңге өндірілді», деп хабарлады басқарманың баспасөз қызметі.
Жоспардан тыс тексеруінің бірі медициналық мекемеге жүргізілген. Мемлекеттік еңбек инспекторлары 38 жұмысшының құқығы бұзылғанын анықтады. Заңсыздық жойылып, былтырғы қаңтар-қараша айында қызметкерлерге 27,6 млн теңге өтемақы толық өндірілген.
Атырау облысы