Бүгінде әлем де, қоғам да сәт сайын жаңарып жатыр. Жылдар бойы қалыптасқан, мызғымастай көрінген геосаяси, геоэкономикалық қағидалар қайта қаралып жатыр. Халықаралық қатынастар түбірімен өзгерді. Блоктік сана қайта жаңғырып, тұрақсыздық шекарасы кеңейіп барады. Жер-жердегі қақтығыс, соғыс әлемді алаңдатып тұр.
Бұл жағдай мемлекеттерді, халықтарды бір-бірінен алшақтатып, қоғамда наразылық, сенімсіздік пен үрей туғызады.
Күні кеше Швейцарияның Давос қаласында 54-Дүниежүзілік экономикалық форум өтті. Форумның тақырыбы да өткір, өзекті – «Сенімді қайтару». Сенім орнату немесе сенімді күшейту емес, сенімді қайтару. Осының өзінен-ақ жалпы даму мен жаңарудың кепілі саналатын «сенім» ұғымының да шатқаяқтап, дағдарысқа ұшырай бастағанын аңғаруға болады. Бұл ұғым әу бастан тұрақтылықтың іргетасы, алға жылжудың бірегей шарты еді. Ал сенімнің азаюы кез келген мемлекетке, қоғамға қауіп туғызатыны айтпаса да түсінікті.
Давос форумына биыл 60-қа жуық мемлекет басшылары мен 100-ден астам елден келген әлемдік элитаның өкілдері, халықаралық ұйым жетекшілері, белгілі сарапшылар қатысты. Олар «шытынаған әлемдегі» қауіпсіздік пен ынтымақтастық, экономика мен экология, цифрлық валюта мен жасанды интеллектке дейінгі өзекті сұрақтарды, күмәнді құбылыстарды қайта таразылады.
Осы жерде бәрінің назарын аударған бір зерттеуге кеңірек тоқтала кету керек. Давос форумының қарсаңында 1 490 сарапшының болжамы негізінде құрастырылған «Global Risks Report 2022» жаһандық сын-сынақтарға байланысты дәстүрлі есеп ұсынылды. Баяндама қысқа және ұзақмерзімді жаһандық тәуекелдерді қамтиды. Құжатта әлемді алдағы 10 жылда аумалы-төкпелі, турбулентті перспективалар күтіп тұрғаны айтылады. Бұл – сарапшылардың ортақ ұйғарымы. Соның ішінде, 2024 жылғы Топ-7 сынақты бөле-жара қарастырады.
Олар: экстремалды ауа райының жағдайы (66%), жалған ақпарат пен фейк, оның ішінде жасанды интеллект көмегімен жасалғандар (53%), қоғамның әлеуметтік-саяси поляризациясы (46%), өмір сүру құнының төмендеуі (42%), кибершабуылдар (39%), экономикалық құлдырау (33%), маңызды тауарлар мен ресурстарды жеткізу тізбегінің бұзылуы (25%), бір немесе бірнеше мемлекетаралық қарулы қақтығыстардың өршуі немесе басталуы (25%).
Көріп отырғанымыздай, тәуекелдер бір-бірімен өзара тығыз байланысты және бірін-бірі толықтырып тұр. Есепті баяндамада ұзақ мерзімдегі негізгі әлемдік қауіп ретінде климаттың өзгеруі мен мемлекеттердің оны тоқтатуға қабілетсіздігі аталады.
Болжамға сәйкес, алдағы 10 жылдың ішінде адамзат жаһандық деңгейде Жер бетіндегі күрделі өзгерістерге, биоалуандықтың жоғалуына, экожүйелердің ыдырауына және табиғи ресурстардың жетіспеушілігіне тап болуы мүмкін. Бұл қатер Орталық Азия аймағында да күн өткен сайын өткір сезіледі. Кейбір отандық мамандардың айтуынша, елімізде орташа жылдық температураның жоғарылауына байланысты құрғақшылық, орман өрті, өзен тасқыны сияқты табиғи апаттар әдеттегі жағдайға айналуы мүмкін.
Қазірдің өзінде мемлекетіміз «IQAir» ауа сапасын бақылау жаһандық платформасының рейтингінде 131 мемлекеттің ішінде 40-орынға тұрақтап, әлемдегі ең ластанған Топ-50 елдер мен аймақтардың қатарына қосылған.
Экология және табиғи ресурстар министрлігінің түсініктемесіне сәйкес, кейінгі 100 жылда Қазақстанда орташа температура 2 градусқа көтерілген. Дүниежүзілік метеорологиялық ұйымның есептеулері бойынша 2050 жылға қарай орташа жылдық температура 2-3°С жоғарыламақ.
Бұл ретте сарапшылардың пікірі де екіге айырылатыны жасырын емес. Бірі климаттың өзгеруімен күресу үшін барлық күш-жігерді жұмсауға шақырса, басқалары алдымен мұқтаждарға жәрдемдесу керек дейді. Яғни негізгі жаһандық қауіпке қатысты мәселеде адамзат баласында әлі бір ортақ келісім жоқ.
Еліміздің Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 2022 жылы қоршаған ортаны қорғауға 444 млрд теңге бөлінген. Оның 113 млрд-ы ағынды суларды тазартуға, 107 млрд-ы қалдық проблемаларын шешуге, 8 млрд-ы энергия үнемдейтін технологиялар мен жаңартылатын энергия көздеріне, 3 млрд-ы ғылыми зерттеулерге арналған. Соған қарамастан экологиялық тиімділік рейтингінде 180 елдің ішінде Қазақстан 93-орында тұр. Бұл да – ойланатын мәселе.
Қысқамерзімді жаһандық тәуекелдердің қатарына биыл алғаш рет жалған ақпараттар мен теріс мәліметтердің таралуы енген. Есепте фейк ақпарат кибершабуылдар мен жасанды интеллект технологияларының жағымсыз әсерлері сияқты тәуекелдерді басып озған. Бұл кез келген мемлекеттің, қоғамның ішкі тұрақтылығына, ақпараттық қауіпсіздігіне тікелей әсер ететін фактор екенін естен шығармау керек.
Мысалы, биыл 64 елде, жер шарындағы халықтың 4 млрд-қа жуығын қамтитын сайлау науқандары өтеді. БАҚ қазірдің өзінде 2024 жылды «барлық сайлау жылдарының көкесі» немесе «демократиялық Супербоул» деп атап кетті.
АҚШ, Әзербайжан, Индонезия, Иран, Мексика, Оңтүстік Корея, Оңтүстік Африка Республикасы, Ресей, Украина, Үндістан сияқты мемлекеттерде президенттікке және парламентке сайлауалды талас-тартыс қазірдің өзінде басталды. Ең көп сайлау Еуропа құрлығында өтпек. 11 мемлекетте парламент құрамы жаңарып, 10 елде президент ауысуы мүмкін. Сондай-ақ брекситтен кейінгі Еуропарламентке алғашқы сайлау, қоғамдағы оңшылдық көңіл-күйдің артуы осы құрлық үшін «тағдыршешті» болғалы тұр.
Супербоул шымылдығын бірінші ашқан Тайвань аралындағы президенттік таңдау алпауыт мемлекеттер арасындағы ақпараттық текетірестің қаншалықты күрделі екенін көрсетіп берді.
Сайлау науқаны барысында жалған ақпарат, теріс мәліметтер мен фейк жаңалықтар саясаткерлер мен үкіметтердің имиджі мен легитимділігіне елеулі әсер ететіні анық. Сарапшылардың пайымдауынша, бұл біріншіден, азаматтар тарапынан өшпенділіктің артуына, екіншіден, қоғамдағы ашық наразылықтардың өршуіне және үшіншіден, терроризм сипаты бар халықтық толқуларға әкелуі мүмкін. Ал ереуілдердің салдары үкіметтердің демократияны одан сайын тұншықтырып, ақпарат көздерінің қолжетімділігін шектеуге әкелуі кәдік.
Сондай-ақ сарапшылар алдағы жылдарда технологиялар адамзат тұрмысының ажырамас бөлігіне айналып, қоғамның оларға деген сенімі артатындығын болжап отыр. Дегенмен көптеген форум қатысушылары жасанды интеллект жұмысы адамдардың қатаң бақылауында болуы керек деп ескертеді.
«Amanat» партиясы Қоғамдық саясат институтының 2023 жылы жүргізген сауалнамасына сүйенсек, отандастарымыздың 48,7 пайызы жасанды интеллект пен нейрондық желілер технологияларынан хабардар (13,1%-ы – егжей-тегжей, 35,6%-ы – хабардар). Қатысушылардың 40,5 пайызы бұл туралы бірінші рет естіп отырғандығын айтқан. Ал респонденттің жасы неғұрлым үлкен болған сайын ЖИ-дан хабардарлығы соғұрлым төмен және пайдасын да аз көреді екен.
Жасанды интеллекттің оң және теріс жақтарын бағалау бойынша: респонденттер пайдалы жақтары ретінде (81,7%) адамды зиянды және қауіпті өндірістен босататындығын (29,1%), жұмыс тиімділігін арттыратындығын (28,1%) және ресурстарды үнемдейтіндігін (24,5%) атап көрсеткен.
Жасанды интеллектінің дамуының жағымсыз салдарын 69,6% қатысушы атап өткен: жұмыс орындарын қысқартуға әкеледі (33,4%), адамдарға қарсы қолданудан қорқады (18,8%), шығармашылық мәселелерді шешуге қауқарсыз (17,4%).
Меніңше, бұл ретте ескеретін нәрсе – жасанды интеллект көмегімен жасалатын бұқаралық ақпараттардың ықпалына назар аудару. Өйткені қоғам «өзі қабылдайтын ақпаратының айнасы» екені жасырын емес.
Сарапшылардың айтуынша, жалған ақпараттардың таралуымен күрес цензура, адам құқықтарын бұзу және «ішкі дезинформацияның» пайда болуы сияқты бірқатар тәуекелді де тудыруы мүмкін. Айналып келгенде, ол саяси, әлеуметтік тұрғыдан қоғамның алшақтануын жеделдете түседі. Бұл үрдіс алдағы жылдары әлемдік деңгейде барынша өткір сезілетін сияқты.
Тағы бір тәуекел. Сарапшылардың ойынша, жаһандық пандемиядан кейін қарқын алған қоғамның әлеуметтік, саяси поляризациясы барған сайын үдей түспек. Әсіресе табыс деңгейінде, денсаулық сақтау және білім беру қызметтеріне қолжетімділік, цифрлық орта, технология және жұмысқа орналасу мүмкіндіктерінде әлеуметтік жікке бөліну зорая бермек. Ал әлеуметтік бөліністің ауылы саяси поляризациядан алыс емес екені анық.
Ашығын айтқанда, бұл – демократиялық бастамалардың, реформалардың іске асуына кедергі болатын, керек десеңіз, мемлекеттердің іргетасын шайқалтуға алып келетін фактор. Қоғамдағы алауыздықтың неге апарып соқтыратынын өзіміз де жақсы білеміз.
Бүгінде әлем «жаңа ойын ережелеріне» бейімделмеген жағдайда өмір сүріп келеді. Геосаяси қақтығыстар, пандемиядан айықпаған қоғам, әлсіреген еңбек нарығы сенімсіздік пен поляризацияның артуына алып келетін қазіргі «қалыпты шындықтар».
Әсіресе Ресей мен Украина, Израиль мен Палестина, Қытай мен Тайвань арасындағы шиеленістер әлемдік саяси поляризацияны тереңдетіп, әлеуметтік жікке бөлінушілікті одан сайын алшақтатып жібергендей.
Міне, осы үш тәуекелдің өзінен-ақ бізді алда қандай сынақтар күтіп тұрғанын болжай беруге болады. Жоғарыдағы жаһандық тәуекелдер мен үдерістер Қазақстанды да айналып өтпейтіні түсінікті. Әрине, олардың жүгі мен салмағы ауыр. Бірақ оларды еңсерудің жолдары мен мүмкіндіктері бізде кешенді, жүйелі түрде жасалып жатыр.
Ең бастысы, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ауқымды саяси, экономикалық реформалары жаңа жағдайларға бейімделудің басты алғышарты болды. Мемлекеттің табанды, батыл қадамдары сынақтар мен тәуекелдер күшейген сәттен анағұрлым ерте, жоспарлы, мақсатты түрде басталғанын атап айтуға тиіспіз.
Елде түбегейлі конституционалды өзгерістер жасалды. Мемлекеттік институттардың сипаты мен құрылымы толықтай жаңғырды. Қоғамдық ой-санада позитивті, прагматикалық көңіл-күй ауаны қалыптасып келеді.
Өзгерістер – халықтың сарыла күткен қалауы, талабы болатын. Және бұл ешқандай баламасыз, артқа қайырылмайтын, тек алға жетелейтін таңдау еді. Өткен жылдардағы саяси науқандар кезінде бұған біздің де көзіміз анық жетті.
«Amanat» партиясы өзінің саяси платформасында, Сайлауалды бағдарламасында Мемлекет басшысының реформаларын темірқазық етіп алды. Елдегі оң өзгерістер халықтың үмітін еселеп, сенімін оятып қана қоймайды. Қоғамның, түрлі әлеуметтік топтардың, саяси күштердің осы идеялар төңірегіне тұтас бірігуіне, жоғарыдағы тәуекелдер мен сынақтарға қарсы тұрып, еңсеруде басты факторға айналады. Өйткені сенімнің кілті – бірлікте.
Алдымызда әлі де қыруар шаруа тұр. Жаңа жағдайларда ішкі-сыртқы кез келген құбылысқа жан-жақты, объективті талдау жасау маңызды. Мемлекеттік институттар қандай да бір сын-сынақтар мен тәуекелдерді барынша зерделеп, таразылап отыруы қажет. Біз осы дәуірдің тынысын, болмысын, ой-әрекет жүлгесін болжап, қадағалап қана қоймай, соған дер кезінде беймделуге, жауап беруге әзір болуымыз қажет. Болашақты болжаудың ең дұрыс жолы – оны өз қолыңмен жасау.
Дәулет КӘРІБЕК,
«Amanat» партиясының
атқарушы хатшысы