• RUB:
    5.44
  • USD:
    478.58
  • EUR:
    520.84
Басты сайтқа өту
Руханият 31 Қаңтар, 2024

«Қазақтай» болсын БАҚ-тың бәрі

559 рет
көрсетілді

ХХ ғасыр қазақ даласының табалдырығынан түнере аттады. Азаттықтың туы болған «Қазақ» газеті мұны көзіқарақты оқырманына былай сипаттап жеткізді: «Төңірекке қарасақ, түнерген-түнерген бұлттар көрінеді, түбі қандай белгісіз, не боларын білмейміз. Нұр болып жауып, жерімізді көгертіп, несібемізді молайтар ма? Болмаса, дауыл болып соғып, үйімізді жығып, үй ішімізді шашып тастар ма? Көзіміз бұған жетпейді. Жалаң аяқ, жалаң бас, жеңдеріміз киюсіз, етектеріміз жиюсыз, ашылып-шашылып, қамсыз жатқан халықпыз.

Күннің не боларына көзіміз жетпей тұр. Дауылды жауын ету қолымыздан келмесе де, үйле­ріміз қирамай, үй ішіміз шашылмай қалуына амал ету керек емес пе? Сол амалға кіруге жұрт­қа мұрындық болатын нәрсенің бірі – газет». Патшалық Ресей монархиясының қатал цензурасы жағдайында осылай астарлап сөйлеп, тұспалдап жеткізуден басқа жол да жоқ еді. Түнерген бұлттар тасыған селдей ішкі Ресейден қазақ даласына ағылған орыс мұжықтар-тын. Бұлардың құнарлы жерлерімізді кесіп алып, тұрақты қоныс теуіп, меншіктеп жатқан қилы заман сүреңінің суреті. Оны қаймана қазақ тұспалдан-ақ терең ұқты. Сол себептен де сеңдей соғылысып, қайда барарын, кімге мұң шағарын білмей, теңселіп тұрған халық «Қазақ» газетін құтқарушысы көріп, көш бастаушысын қуана қарсы алды. Ұлттың жүрекжарды сол қуанышын газеттің 5-санында хакім Абайдың тынысы болған інісі Шәкәрім ақын былай жеткізді:

Дүниеге келді бізден бір талапты ұл,

Ержетсе бар қазақтың басшысы бұл.

Бөгеттен, ауру-сырқау аман сақтап,

А, Құдай, құтты, өмірлі, бақытты қыл!

 

Үмітті Орынбордан бала туды,

Қолына жарық сәуле ала туды.

Мақсаты қараңғыда жүрген халқын

Ойлайды тура жолға қаратуды.

 

Күтіп ем туа ма деп көзім сүзіп,

Бұл кезде кетіп едім күдер үзіп.

Хабарын «Уақыттан» білгеннен соң

Тірілді өлген үміт қаным қызып.

 

Көп қайғы болды бүгін ұмытылғандай,

Бейнеттен бір зор ауыр құтылғандай.

Жақындап жан шығарға шөлдегенде

Құмартқан сусын бейне жұтылғандай...

Әр сөзі маржан өлең шумақтары осыдан жүз он жыл бұрынғы тарихты қашап жазуымен құн­ды, тұнып тұрған тағылым, сонымен бірге бүгін­гі күнмен өзектес екеніне ешкім таласпас. Шын мәнінде, мұны «бар қазақтың басшысы» бола біл­ген басылымға өлең сөзбен тұрғызылған алып ескерт­кіш деп бағалаймыз.

«Қазақ» газетінің құндылығы туралы бірауыз сөз. Ең алдымен, халқымыздың төл атауын қайта­руымен құнды. Ел тари­хынан хабары барлар біледі, қазақ ХХ ғасырдың басында ресми «киргиз» атанып тұрды. Оған оқыған Алаш қайраткерлері ретімен қарсылық таныта білді. Алаш жұртын бір жұдырық қылып біріктіруді мақсат тұтып шығарған газеттерінің атын «Қазақ» қоюының басты себебі сол болатын. Басылымның беташар санында жалпақ елге жария еткен: «Аталы жұртымыздың, ауданды ұлтымыздың әруақты аты деп, газетіміздің есімін «Қазақ» қойдық. Ұлт үшін деген істің ұлғаюына күшін қосып, көмектесіп, қызмет ету қазақ баласына міндет. Халыққа қызмет етемін десеңдер, азаматтар, тура жолдың бірі осы. Жол ұзақ, ғұмыр қысқа, қолдан келгенін ғұмыр жеткенінше істеп кетелік. Малша оттап, асап ішіп, халық үшін қам қылмай, қарын тойғанына мәз болып, мал өлімінде өлмейік. Милет халін ойымызға алып, қызмет етуді мойнымызға алып, арнаған бір ісіміз. Құдай сәтін салсын, «әумин» деп қол жайып, «әуп» деп күш қосып, «Алла» деп іске кіріселік», деген аталы сөздері сол жайынан сыр шертеді.

Бүгінде этникалық атауымызды қай­тарды деп осы басылымның шәкірттерін атын атап, түрін түстеп жүрміз. Олардың «Қазақ» газетін оқып-жетілгенін осы басылымнан нәр алған Мұхтар Әуезов нақты айтып кеткен жоқ па еді? Оны ел білуге тиіс. Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының 50 жас мерейтойына орай, 1923 жылы «Ақ жол» газетінде жарияланған еңбегінде Мұқаң: «Қазақ» газетінің сүтін еміп өскен бір буын осы күнде пікір-білім жолында бұғанасы бекіп, іс майданына шығып отырса, кейінгі жас буын Ақаң салған өрнекті біліп, Ақаң ашқан мектепті оқып шыққалы табалдырығынан жаңа аттап, ішіне жаңа кіріп жатыр» деп жазуы – соның нақты айғағы. Ендеше қазақ атауын ресми орнықтыруға күш салған «Қазақ» газеті екенін тарихта таңбалау әділеттіктің салтанат құрғаны болар еді.

Шәкәрім ақын айтқандай, «Қазақ» газетінің ендігі бір құндылығы «бар қазақтың басшысы» болуы еді. Ол кезде қазақтың заң шығарушы билігі болмады, атқарушы және сот билігі де мардымсыз еді. Отарлаушы елдің боданындағы бар билік патшалық монархия құзырында екені бесенеден белгілі. Қаймана қазақтың мұң-зарын тыңдайтын билік құрылымы болмағандықтан, оның қызметін «Қазақ» газеті атқаруына тура келгеніне тарих куә. Демек халықтың басына қиын-қыстау күн туғанда БАҚ биліктің де қызметін атқара алатынын есте ұстауымыз керек.

Алдымен патшалық Ресей монар­хия­сы­ның, кейін кеңес өкіметінің «Қазақ» газеті шыға­ру­шыларының ізіне тал түсте шырақ алып түсіп, әр бас­қан қадамын аңдуы, қазақтың қамы үшін атқарған ізгі істерін жөн-жосықсыз айыптауы, абақтыға қамап, жер аударуы, оны аз көріп, ақыр соңында ату жазасына бұйыруы, ал артында қалған мол мұраларын архив зынданында құлыптап ұстап, оны іздегендерді саяси қуғын-сүргінге ұшыратуы бекер емес-тін. «Қазақ» газеті кезінде халықтың көзі, құлағы һәм тілі қызметін атқар­ды. Көзі ашық, құлағы еститін, тілі ұлт мүддесіне қызмет ететін халықтың санасын жаулау мүмкін еместігін отар­шыл пиғылдағы елдің «көсемдері» терең ұқты. Сондықтан газеттің шығуын тоқтатып қана қоймай, оның атын халық жадынан өшіруге бар күштерін салды.

Ұлттық сананың ұйытқысы бола білуі – «Қа­зақ» газетінің тағы бір құнды­лығы. Алаш ардақты­­ла­ры қазақ жұр­ты бір атаның баласындай бірігіп, ­бір ту­дың астында топтаспаса, азаттыққа қол жет­кізу қиын екенін терең ұқты. Сол себепті бірігу идеясын басты орынға қойды. Газет атын «Қазақ» қоюларының тағы бір мақсаты сол болатын. Әр ру басшысын болыс етіп, сол арқылы рулар­ды біріне-бірін қарсы қойып, араздықты қоздырып, атыстырып-шабыстырып, қырылыстырып отырған орталықтың империялық саясатына қарсы осылай да күрес жүргізді. Қазақты біріктіру идеясы басылымның «шапкасынан» да көрініс тапты. «Шапка» деп журналистер баспасөздің, телевидение мен радио бағдарламаларының аты мен затына, жарық көрген мерзіміне, мақсат-мұратына қатысты ақпарат жиынтығын атайды. «Қазақ» газетінің шапкасында орда суреті бейнеленген. Ол туралы басылым басқармасы мынадай анықтама берген: «Киіз үй киіз туырлықты халық дегенді білдіреді. Үйдің түндігі ашық, есігі жабық болуындағы мағына түндік жарық беретін жол, есік түрлі заттар кіретін жол дегендік. Жарық жолы ашық, еркін болсын, түрлі заттар кіретін жол еркін болмасын делінген еді. Түндік күнбатыс жағынан ашылуы өнер-ғылым Еуропа жағында күшті болған себепті қазақ ішіне Еуропа ғылым-өнері таралсын деген мағына еді. Үйдің есігі қазақ деген сөзден жасалған. Ондағы мағына «Қазақ» газеті қазақ жұртына әрі мәдениет есігі болсын, әрі сырт жұрт жағынан күзетшісі болсын делінген еді. Қазаққа деген игілік нәрсені енгізу жолында газет қызмет етсін, сырттан келер қазаққа жамандық болса, күзетші орнына газет қызмет қылсын дегендік еді».

Шын мәнінде, 1913 жылдың 2 ақпа­нында Орынбор қаласында шығып, 1918 жылдың күзінде шаһарды большевиктер басып алғанға дейін қазақты оятып қана қоймай, ұлт санасын өсірген, Алаш жұртын кемінде елу жыл ілгері оздырған «Қазақ» газетінің осынау дара жолы – бүгінгі Қазақстан бұқаралық ақпарат құралдарына өнеге. «Ештен кеш жақсы» дейді ұлт даналығы. Жур­налистиканың түрлі бағытын, форматын қалыптастырып, дамытарда осы өнеге есте болғаны абзал.

Өткен жылы Мемлекет басшысы «Қазақ» газетінің жарық көрген күні құрметіне 2 ақпанды елімізде «Ұлттық баспасөз күні» деп бекітуі – қазақтың көзі, құлағы һәм тілі қызметін адал атқарып, дара жол салып кеткен басылымды бағалауы, оны шығару жолында басын тауға да, тасқа да соққан, қайт­сек ұлттың көсегесін көгертеміз деген ұстанымы үшін тауқымет шеккен Алаш қайраткерлеріне, олардың ұрпақтары мен мұрасын зерттеушілерге үлкен ілтипаты. Бұл – әділетті Қазақстанның зор жеңісі деп білеміз. Ендігі жерде елдің бұқаралық ақпарат құралдары «Қазақ» газетін үлгі тұтып, халқымыздың бір­лігі мен берекесін арттыруға, қиындық­пен келген азаттығымызды баянды етуге жұмылса, кәсіби деңгейін, мемлекет­шілдігін көрсетер еді дегіміз келеді.

 

Қайрат САҚ,

Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ журналистика және саясаттану факультетінің деканы, алаштанушы