Сөз бостандығыҚаңтар айының басында-ақ «Правда» газеті атындағы колхоздың жылды қорытындылайтын, алдағы келген жаңа жылдың бағыт-бағдарын белгілейтін өндірістік жиналысы өтеді. Ұмытпасам, 1951–1952 жылдардың бірі болатын. Колхоз қаратаяқтарын айтпағанда, озат қойшы, малшылар мен көп өнім алған диқандар арнайы шақырумен келсе, басқа үлкен-кіші едені жер, төбесі аласа клуб үйіндегі қатар-қатар қойылған ұзынша орындыққа сыйғандарынша отыра береді.
Біз үшін де ол күн шағын мереке іспетті. Класс жетекшіміз Бижамал апай оқытатын төрт сабағын жылдамдатып бітіріп, бізді босататын. Күйеуі әрі мектеп директоры Ғазиз Сүлеев ағамыз өндірістік жиналыс атаулының тұрақты бас баяндамашысы болғаннан кейін бе, әлде ол күні мектебіміздегі айналдырған 5–6 мұғалімді де жиналысқа арнайы шақыра ма, әйтеуір мектеп үйреншікті әдетінен жаңылып, дұрыстап сабақ өткізбейді десе де болады. Біз үшін кішігірім мереке дейтінім, біріншіден, ол күні сабақ оқып жетістірмейміз, екіншіден аулымызға араға ай салып әрең келетін кино дейтін ынтығымыз жиналыстан кейін көрсетіледі. Әрине, жиналыста колхоздың қандай табыстары таразыға тартылып, қандай алар асулары белгіленіп жатыр, мақталатындар кімдер, датталатындар кімдер, онда біздің шатағымыз шамалы. Есіл-дертіміз кино. Жиналыстан кейін қандай кино қойылады, ол қалай аталады, онда да біздің жұмысымыз жоқ. Бізге кино болса жетіп жатыр. Жиналыстан кейін орындықтар қойылмаған тақтақ жерге отырып алып: «Әне, біздің әскерлер, қазір фашистердің әкелерін танытады», деп пікір білдіреміз. Немесе қыз бен жігіт бір-біріне жақындап, құшақтаса бастаса: «Қазір «пацалуй береді» деп елеурейміз. Орындықта шіреніп отырған үлкендердің: «Шуламаңдар ей, оңбағандар!» деген ескертпелерін пәлен рет тыңдап, орнымыздан тұрамыз. Кино көбіне орыс тілінде жүріп, ештеңе ұға қоймасақ та, өзімізше талқылаған боламыз. Жиналыстың аяқталуын күтіп, жылтыңдап, есік-терезеден қарап қойып, қайта айналып соғып жүреміз.
Ғазиз ағайымыз кейде бізді: «Өңшең колхозшының ши түбінде өскен көләгән балалары», деп ұрысып, ашуланғанда пальтосының жеңімен ғана бүйіріңнен нұқып қалатын мінезі болса да, біз үшін ол – бүкіл Жарсудағы ең оқымысты, ең білімді адам. Себебі колхоздың 8 март па, 1 немесе 9 май ма, әйтеуір жиналыс атаулының бәріне баяндама жасау сол кісіге тапсырылады.
Жиналыс өтіп жатқан клубтың есігінен бір қарағанымызда, ол ұлы көсеміміз Сталиннің сара басшылығының арқасында және сүйікті Компартияның пәленбайыншы пленумының шешімдерін жүзеге асырудағы совет халқының коммунизмге бет алған қарышты қадамы туралы бұлжытпас дәлелдермен баяндап тұр екен. Содан кейін ғана ауданның жетістіктерін тізіп келіп, колхоз басшылары мен бухгалтериясынан алған мәліметтерге тоқталып, қай шопан қанша төл алғаны мен қанша жүн қырыққанын, диқандардың мемлекет қоймасына қанша астық құйғанын, бұл көрсеткіштердің өткен жылмен салыстырғанда біршама жоғары екендігін мақтанышпен атап өтіп еді, бұл мәліметті жаңа естігендей колхоз бастығы бір қозғалақатап қалып, қол соғып еді, клубта отырғандар шошып оянғандай дүр-дүр шапалақ соқты. «Алайда, – деп баяндамашы сөзін жалғады. – Биыл қыстың қаһары алабөтен. Мал азығы жетпейтін түрі бар. Ойдан шабылған пішеннің бес-алты-ақ маясы қалыпты. Енді Ертіс пен Жайдақтың құнарсыз құрағынан жиналған маялар көп малды қыстан алып шыға алар ма? Демек жаз айларында пішеншілер мал азығын жеткілікті даярлай алмаған. Оның үстіне мемлекетке ет, сүт, жұмыртқа тапсыру жоспары да орындалмаған».
Бекер обалы қане, баяндамашы жоспарды орындай алмаған бригадирдің аты-жөндерін әйгілеп, атай бастаған.
– Әй, бұлар әлі жарыссөзге шығып, біраз езеді. Барып, аз уақыт сырғанақ теуіп қайтайық, – деді Меңғали. – Бізге керегі екеуіміздің әкелерімізді де озат шопандар қатарында атап өтті ғой.
Біз тағы бір айналып келіп, есіктен қарап, жиналыс барысына барлау жүргізгенімізде, колхоздың әлде бригадир, әлде шаруашылық меңгерушісі ме, Ағзам ағамыз мінбеге шығыпты. Стақандағы судан бір ұрттап алып, сөзін жалғаған.
– Колхозшы жолдастар, біз мал азығын даярлауға жеткілікті мән бере алмай жүрміз. Ұлы көсеміміз Сталин жолдас «Қыстың қамын жазда ойлаған шаруа ешқашан ұтылмайды» деген болатын, – деп сәл тыныс алған кезде отырғандардың ішінен қайсыбірінің күлгені, қайсыбірінің күбір-сыбыры естіле бастаған кезде әлдебіреу шешенге сөз жүгірткен.
– Ақа, ұлы көсемнің еңбектерін оқып қана қоймай, керекті сөздерін жаттап алыпсың ғой, – деді. Бұл қоштау емес, мысқылды пікір екені анық еді.
– Әй, кітапты оқығанды қойып, «Правда» газетінің бетін ашпайтын сен надан не білуші едің? Сенбесең ұлы көсемнің жетінші томын алып, 442-бетіне қара, – дегенде отырғандар тағы бір жымыңдасып, жеңіл күлкіге ерік бере бастап еді, президиумда отырған колхоз бастығы тыныштыққа шақырды.
Жарыссөзге Қапсемет Қалиұлы дейтін әлі мектепті бітіре қоймаған, бірақ мектеп қана емес, колхоз көркемөнерпаздарының белді мүшесі атанған бозбала шығып, колхоз басшыларының жастарға көбірек көңіл бөлуін, көркемөнерпаздардың ферма орталықтарына барып, концерт қойғылары келетінін, бірақ оларға көлік ұйымдастырып бермейтінін, тіпті колхоз орталығына кино қоюшылардың сирек келетінін айтып, мінбеден түскен. Сол кезде ортадан почтальон Қали ақсақал орнынан тұрып:
– Маған сөз беріңдерші, – деген батыл үн қатып.
– Келесі сөз атақты майдангер, еңбек майданында да алдыңғы шепте жүрген почтальонымыз Қали Төленов жолдасқа беріледі, – деп жиналыс басқарушы хабарлай бергенде-ақ қос балдағына сүйенген Қалекең жіті басып, сахнаға көтерілді. Кідірген жоқ, бірден бастап кетті.
– Жаңа ғана менің алдымда сөйлеген шешен Қапсемет Қалиев жолдас өте дұрыс айтады...
Жұрт ду күліп, біреуі: «Оу, майдангер, ұлыңды өзің қолдамасаң, кім қолдайды» деп дауыстаған. Қалекең неменеге күлесіңдер дегендей аңқиып тұрып қалған...
Заман талабы
Тағы да совхоздың жылды қорытындылау жиналысы болатын. Бұл кезде өзінше ірі шаруашылықпын деп жүрген «Правда» колхозын толайымымен өзіне қосып алып, ірілендірілген «Азаттық» совхозының бір мүшесіміз. Мектептен соң жоғары оқуға түсу үшін екі жыл жұмыс істеу қажет деген Мәскеудің пәрменімен совхоздың «анда бар да, мұнда бар» деп, әр шаруаға жегіп жүрген жұмысшысы кезіміз.
Жарсудың баяғыдай саман кірпіштен соғылған тоқал там-клубы емес, Қарабұлақтың салтанаты бөлек, тақтай еденді, кең де жарық клубына жиналған жұрт залды лық толтырған. Президиумда аудандық партия және атқару комитеттерінен келген, галстуктері тоқпақтай атқамінерлердің қара костюм, ақ көйлектері олардың аса жауапты қызметкер екендіктерін әйгілегендей. Дәл солардай киінген совхоз бастауыш партия ұйымының хатшысы жиналысты ашық деп жариялап, совхоз директоры Қабақай ағамызға сөз берді. Директорымыз шаруашылықты алға сүйреген іскер, әрі үлкен-кішінің тілін оңай табатын жұртқа жағымды жан болатын. Ол отырғандарды жанарын қыдырта бір шолып шықты да:
– Құрметті жолдастар, қазір заман талабына байланысты және ауданнан келген өкілдердің өтініші бойынша баяндамамды орыс тілінде даярлап едім, – деп бір жымиып қойды. – Оның үстіне ортамызда өздеріңіз Көзмә деп атайтын ұлы орыс халқының бір ұлы Кузьма Иванович отыр, әрі соның құрметіне мен баяндаманы орысша оқиын, ал сіздер жарыссөзді қазақша айта беріңіздер...
Қарабұлақ атты үлкен ауылдағы жалғыз орыс отбасы осы Көзмәнікі болатын. Қ, ң сияқты орыс тіліне шалқақтап, бағынғысы келмейтін үш-төрт әріп болмаса, ол таза қазақша сөйлейтін. Балаларының алды қазақша мектепті бітіріп, қазақша мүдірмей сөйлесе де, кейіндері өз ұлтының қыздарына үйленіп, Өскемен асып, таза орыс болып кетіпті десетін. Сол сияқты біздің Жарсуда да Даша есімді жалғыз орыс кемпірдің Барыс есімді ұлы да қазақ мектебін бітірердегі орыс тілінен «үштік» деген баға алған екен, сонда Сарбасов Ризабек есімді мектеп директоры «Қымбатты Борис Николаевич, ұлтыңды сыйлағандықтан ғана орыс тілінен «үштікті» әрең қойдық» десе, біздің Барыс: «Осы шіркіннің «оканчаниелерін» ұқпай-ақ қойдым» депті. Сол Барыс та Өскемен асып, Борис Николаевич болғаннан кейін орысшаға судай ағатын болыпты деседі. Бұрын жә деген домбырашы еді, қазір балалайканы безілдететін болыпты...
Сол Көзмәнің бұрын қандай қызмет істегенін біз білмейміз, әйтеуір зейнеткер болатын. Бұрындары бірді-екілі доңыз баласын ұстаған екен, көршілері: «Мына пәлекеттеріңнің сасық иісі қолқамызды қауып барады» дей берген соң, «ал, ендеше» дегендей оларын шыңғыртып пышаққа іліндіріпті. Содан бері төрт-бес ешкі, екі-үш сиыр баласын ұстайды екен. Еңбекқор, тізе бүгіп отыруды білмейтін қария жалғыз көк есегімен шапқан шөбін тасып, малдарын жүдетпейді десетін.
Есек демекші, ол кезде ауылды қойып, аудан аумағында бұл қадірсіздеу жануардың тұқым-тұяғы болмайтын. Біз Зайсандағы орта мектепке барып, оқи бастағанда қаладағы Жеменей өзенінің арғы бетінде тұратын бір сыныптасым: «Үш-төрт жыл бұрын кешкілік еш хайуанның үніне ұқсамайтын бір жабайы дауысты естіп, зәреміздің зәр түбіне кеткені бар. Ішін тартып, ышқына ақырғанда арыстан екен деп шошып едік. Сөйтсек, Павел дейтін көршіміз қайдан әкелгені белгісіз, екі есекті алып келіпті» дейтін.
Жұрттың айтысы, Көзмәнің көк есегі сол Павелдің есектерінің қодағынан өсірген көлігі екен...
Директор баяндамасын орысшалап бастаған кезде жұрт жалтақтасып, бір-біріне қарасып қалысқан. Сол кезде Көзмәнің қарлығыңқы дауысы естілген:
– Ай, Каке, орысшага тилинди бурамай-ак, казакша айта бермейсин бе? – демесі барма. Директор да бөгелген жоқ.
– Кузьма Иванович, заман талабын түсінуіңіз керек, – деп жауап берді. Алайда өзі ерекше бір мысқылға ұқсас күлген. Ал ауданнан келген үлкен бастықтардың бірі үстелді тықылдатып, жұртты тәртіпке шақырды.
Кәдірбек СЕГІЗБАЙҰЛЫ,
жазушы, Абай атындағы Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты