Екінші дүниежүзілік соғыста ерліктің сан үлгісін көрсетіп, қыршын кеткен ерлер қаншама? Олардың нақты санын ешкім ешқашан айта алмайды-ау. Олай дейтініміз, сол соғыстан сыр шертетін архив құжаттары әлі күнге ізденушілер мен зерттеушілердің қолына толық берілген емес. Тек бірен-саран зерттеуші сол кезеңнің там-тұм деректерін мерзімді басылымға жариялап жүр. Бұл дегеніміз теңізге тамған тамшыдай. Жалпы, 1941–1945 жылдардағы соғыстың зауалы мен зардабы жайлы да әлі күнге нақты дерек толық жарияланған емес.
Ресей Федерациясы Қорғаныс министрлігінің Орталық архивінен «Память народа» және «Подвиг народа» сайттарын қарап, батысқазақстандық сардарлар мен жауынгерлер жөнінде мәлімет іздестіріп жүремін. Осындай бір сәтте «Ильяс Есенберлин» деген жазу көзіме оттай басылды. Архив құжатын қайта-қайта оқыдым.
Иә, «бала күнімізде том-том еңбегін жастанып оқыған Ілияс Есенберлин бе? Әлде аты-жөні ұқсас басқа адам ба?» деген сұрақ ойымда тұрды. Шыны керек, қаймана қазаққа Ілияс Есенберлинді таныстыру артық болар. Сөйтсем, Ілияс Есенберлин тарихқа терең сүңгіген жазушы ғана емес, сайыпқыран сардар болып, майданда ерлік көрсеткен екен.
Ресей Федерациясы Қорғаныс министрлігінің Орталық архивінде сақталған [Қор:33. Тізбе:686046. Іс:133. Парақ:79] құжатта Ілияс Есенберлиннің ерлігі жөнінде айтылады. Бұл құжатты Алматы облыстық әскери комиссариатының комиссары, майор Мошки мен облыстық әскери комиссариаты саяси бөлімінің бастығы майор Чебатарев толтырып, қол қойған. Құжатта Ільяс Есенберлиннің әскери шені кіші саяси жетекші, лауазымы КП (б) Қазақстан Компартиясы Орталық комитеті партиялық кадр бөлімінің нұсқаушысы екені, 1915 жылы өмірге келгені, ұлтының қазақ екені, ВКП (б) мүшесі болғаны, Ұлы Отан соғысына 1941 жылғы 23 маусымнан 16 қыркүйек аралығында Солтүстік-батыс майдан бағытында қатысқаны, аяғын оқ тесіп өтіп, жараланғаны, Қызыл Армия құрамында 1940 жылдан қызмет еткені, Қазақ КСР-і, Алматы қаласы, Фрунзе аудандық әскери комиссариатынан әскерге шақырылғаны, бұрын марапатталмағаны жазылған.
«Кіші саяси жетекші Есенберлин Ілияс – Отан соғысының мүгедегі. 1941 жылғы 8 маусымда Псков қаласына маңындағы ұрыста ұшақтан түсірілген диверсант-сигналшыларды ұстауға аттанған жауынгер тобын жеке басқарды. Диверсанттар тұтқындалып, Псков қалалық комендатурасына жеткізілді.
1941 жылғы 14 қыркүйекте Мычково стансасында жаудың оқ жаудырған нүктелерін жойған жауынгер тобына басшылық етті. Жауынгерлік тапсырманы сәтті орындағаны үшін Есенберлин мен жауынгерлердің бір тобы үкімет марапатына ұсынылды.
Сол жылы 16 қыркүйекте шабуыл кезінде батареяны ұрысқа бастап, ауыр жарақат алды. Осы ерліктері үшін үкіметтік награда – «Жауынгерлік еңбегі үшін» («За боевые заслуги») медаліне лайық».
Ілияс Есенберлин 1945 жылы 21 ақпанда КСРО Жоғарғы Кеңесі төралқасы Жарлығымен «Жауынгерлік еңбегі үшін» медалімен марапатталған.
Жоғарыдағы құжаттан кіші саяси жетекші Ілияс Есенберлиннің соғыс басталмай тұрып 15 күн бұрын 1941 жылы 8 маусым күні Псков қаласының іргесіне ұшақтан түсірілген жау диверсанттарын ұстауда топ басшысы болғанын оқып білдік. Сол сұрапыл соғыстың басталатынын шетелде басын қауіп пен қатерге тігіп жүрген кеңес барлаушылары бірнеше рет ескертті. Өкінішке қарай, И.Сталин бастаған жоғары билік сенбеді. 1941 жылы 22 маусым күні кеңес шекарасына неміс-фашист әскері тақалып келген кезде де командирлер тарапынан оқ атуға бұйрық болмағаны туралы соғыс тұтқындарының естеліктерінде айтылған. Ал мына құжаттағы Ілияс Есенберлиннің ерлігі көп жыл бойы құпия болып қалғаны өтірік емес. Бұл енді өткен соғыс ақтаңдақтарының бірі демеске амал жоқ.
Екінші құжатта Ілияс Есенберлиннің 1915 жылы 10 қаңтарда Қазақ КСР-і, Целиноград облысы, Атбасар қаласында дүниеге келгені, әскер қатарына 1941 жылы шақырылғаны, әскери шені капитан, әскери бөлімі атауы Ленинград Старая Руса деп, сонымен қатар оның «Жауынгерлік еңбегі үшін» және «Ленинградты қорғағаны үшін» медальдарымен марапатталғаны тайға таңба басқандай жазылған.
Ресей Федерациясы Мемлекеттік архивінде сақталған [ҚорР7523. Тізбе:4. Іс:382. Парақ:322] құжатты қараған кезде 1945 жылы 29 маусымда Мәскеу қаласы Кремльде КСРО жоғарғы кеңесі төралқасы төрағасы М.Калинин мен КСРО жоғарғы кеңесі төралқасы хатшысы А.Горкин қол қойып, 8035 адамды марапаттаған. Осы құжаттың 92-бетінде кіші саяси жетекші Есенберлин Ілиястың аты-жөні жазылған. Оқып көрелік. «Ілияс Есенберлин. Марапат құжаты. Әскери шені Кіші саяси жетекші. Марапат атауы: ІІ дәрежелі «Отан соғысы» ордені» деп мәлімет келтірілген. Яғни ол ІІ дәрежелі «Отан соғысы» орденімен марапатталған.
Ілияс Есенберлиннің Ресей архивінде сақтаулы қызметтік есеп картотекасында Қазақ КСР-і, Ақмола облысы, Атбасар қаласында 1915 жылы 7 тамызда туғаны, 1940 жылғы қазан айынан әскери қызметте екенін, әскери шені капитан, әскери бөлім атауы 46-танк полкі және қызметін аяқтаған мерзімі 1942 жылғы қаңтар деп жазылған.
Ілияс Есенберлинді бір құжатта 1915 жылы 10 қаңтарда дүниеге келді десе, екінші құжатта 1915 жылы 7 тамызда жарық дүние есігін ашықанын жазылған екен.
Сонымен қатар Ресей архивінде Ілияс Есенберлиннің екі суреті сақталған.
Әрине, ел басына қара бұлт төнген жылдары аталарымыз орден-медаль үшін соғыспағаны анық. Біздің басты мақсатымыз – сол соғыстағы қазақ халқының жаужүрек ұл-қыздарының ерлігін кейінгі ұрпаққа насихаттау.
Ахмедияр БАТЫРХАНОВ,
М.Мәметова мемориалдық музейінің меңгерушісі
Орал