Бүгінде республика мектептерінде 5 мыңға жуық педагог жетіспейді. Білім беру жүйесін жоғары білікті мамандармен қамтамасыз ету көкейкесті мәселеге айналып отыр. Көрсеткіш жылдан-жылға артып келеді, ал педагогика саласында оқыған әрбір бесінші түлек өз мамандығы бойынша жұмыс істемейді.
Біліктілік санаты жоғары мұғалімдер 23 пайызды ғана құрайды. Ал магистр дәрежесін алған біліктілігі жоғары педагогтердің санын арттыру білім беру ісіне озық әдістерді енгізе алатын кәсіби мамандардың жаңа легін қалыптастыруға ықпал етеді. Осы жайттарды қаперге алған Мемлекет басшысы педагогтерді даярлау мен біліктілігін арттыру тәсілдеріне өзгеріс қажеттігін айтқан болатын. Жуырда Оқу-ағарту министрлігі еліміздегі білім сапасының толық көрінісін және түрлі факторлардың ықпалын сараптауға, ескеруге мүмкіндік беретін орта білім беруді бағалаудың ұлттық үлгісін әзірледі.
Құжат формативті және жиынтық бағалау, қорытынды аттестаттау, сонымен қатар мектептерге арналған халықаралық PISA зерттеуінің нәтижелеріне қатысты деректерді қамтиды. Яғни төрт құрамдас бөліктен тұратын құжатта оқушы, педагог және білім беру ұйымдарының жұмысы бағаланатын болады. Тиісті министрліктің хабарлауынша, құжат Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы ұсынымдары негізінде әзірленген. Сарапшылар білім сапасын бағалау республика мектептеріндегі мәселелерді жедел анықтап, шешуге мүмкіндік беретінін айтып отыр.
Педагог кадрларды даярлайтын еліміздегі байырғы оқу орындарының бірі Қыздар мемлекеттік университетінің ғылыми жұмыс және халықаралық ынтымақтастық жөніндегі проректоры Закир Жұмақұловтың айтуынша, еліміздегі білім сапасын, яғни өлшемдерін зерттейтін жоғары ғылыми дәрежедегі мамандарды даярлау әлі күнге өзекті. Сарапшының пікірінше, білім өлшемдерін зерттейтін мамандар Орталық Азия, Ресей, тіптен посткеңестік елдерде дайындалмайды. Ал шетелдер бұл жағынан бізден озып кеткен. Елімізде санаулы университет бакалавр, магистр дәрежесінде мамандар дайындағанымен, жалпы білім беретін мектептердегі функционалдық сауаттылық, білім сапасын зерттейтін доктор дәрежесіндегі мамандар жоқтың қасы. Бұл ғылыми вакансия әзірге бос тұр.
Дамыған елдерден білім сапасы жағынан қалып қойғанымыз рас. З.Жұмақұлов бүгінде Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы елдерінде мақұлданған PISA, TIMSS сияқты халықаралық зерттеулерге қатысу Қазақстан әлемнің бір бөлшегі ретінде өзге елдермен білім саласында бәсекелесуге мүмкіндік беретінін айтады. Өйткені көш ілгері кеткен бұл елдерде білім жүйесін сараптайтын докторлар даярлау ісінің көпжылдық тәжірибесі қалыптасқан. Осы орайда білім саласындағы түйткілді мәселелерді негізге алатын болсақ, «Алдағы 3-4 жылда салада оң өзгерістерге қалай қол жеткізуге болады?» деген заңды сауал туындайды.
– Ол үшін жыл сайын білім сапасын екі-үш сатыға көтеріп отыратындай жүйелі мақсат қажет. Мысалы, Назарбаев зияткерлік мектептері тәжірибесін өзге білім ошақтарына таратамыз дегенді жиі көтеріп жүрміз. Ал оған қажетті ресурс жеткілікті ме? Заманауи мұғалімдер даярлау ісі, педагог кадрларды даярлайтын оқу орындарының оқу-әдістемелік, инфрақұрылымдық мәселесі, оқытушы-профессорлар біліктілігі әлі күнге өзекті мәселелер қатарында тұр. Жыл сайын педагогикалық жоғары оқу орындары мыңдаған педагог кадрларды дайындайды. Өкінішке қарай, олардың тең жартысы әрі қарай өз мамандығымен жұмыс істемейді. Тығырықтан шығудың жолы – салада жүрген мамандармен жұмысты күшейтіп, педагогикалық жоғары оқу орындарының инфрақұрылымдық жағдайын, оқытушылардың біліктілігі мен ресурсын күшейтуге мән беру. Ол мемлекеттің инвестициясынсыз іске аспайтыны белгілі. Бұл бағытта тиісті министрлік тарапынан іске асып жатқан ілкімді істер бар. Бірақ өзгерісті жоғарыдан күтпей, білікті маманның көбеюіне көңіл бөле отырып, осы жауапкершілікті ұстаздықты таңдаған әр маманның түсінуі маңызды, – дейді З.Жұмақұлов.
Кейінгі жылдары тиісті министрлік мұғалімнің жүктемесін азайтуға көп күш салды. Алайда ұстаздардың жүктемесі мұнымен азайған жоқ. Ауыл-аймақтарда интернет баяу болғандықтан, мұғалімнің ізденуіне, білім платформаларына қосылуы әлі де қиындық туғызып келеді. Ал биылдан бастап республиканың кабель жетпейтін аймақтарындағы ондаған мектепке «Starlink» ғарыштық интернетін қосу жоспарланып отыр. Осы орайда Закир Жұмақұлов еліміздің банк жүйесіндегі цифрлық жетістіктерді ескере отырып, білікті IT мамандарды тарту арқылы білім саласын цифрландырудың мүмкіндігі зор екенін алға тартты. Оның айтуынша, саладағы заманауи инфрақұрылымдық өзгерістер қағазбастылықтан арылуға, мұғалімдердің жүктемесін азайтып, ізденістеріне мүмкіндік ашады. Бұл бағытта «Жайлы мектеп» жобасының да келешегі зор. Жоба сәтті жүзеге асатын болса, білім саласында қордаланған көптеген мәселенің оң шешілері анық.
Жуырда аталған университетте ауыл мектептеріндегі білім сапасын зерттеу орталығы ашылған болатын. АҚШ сияқты елдерде қалалық мектептерді зерттеу бағдарламалары жақсы дамыған. Бұл істе көптеген елде инвестиция салып білім сапасын бағалау ісіне араласып жүрген қоғамдық ұйымдардың да тәжірибесі назар аударуға тұрарлық. Осы ретте мамандар республикадағы ауыл мектептерінің мәселесіне алаңдаушылық білдіре отырып, жүйелі зерттеу ісіне мәселесі біздің елмен ұқсас Аустралияның да тәжірибесіне зер салып отыр екен. Университетте ашылған орталық мамандары ауыл мектептерінің білім сапасын терең зерттеуді қолға алып отыр. Ауылдық білім беруді дамыту орталығының жетекшісі Елдос Сүлейменовтің айтуынша, «Teachers Lab, HertsCam Network» (Ұлыбританя) және «UNESCO» бірлесуімен іске асып жатқан шалғай және ауыл мектептерінде ұстаз көшбасшылығын дамыту жобасына Алматы облысынан 5 мектеп, Маңғыстау облысынан 2 мектеп және Атырау облысынан 3 мектеп таңдалған екен.
– Жобаның мақсаты – ауыл мектептеріндегі ұстаздардың көшбасшылығы мен мәдениетін дамыту. Ұстаз көшбасшылығы – сыныптағы, мектептегі және білім беру жүйесіндегі білім алуды дамытуға бағытталған әрекет. Көшбасшылық лауазым емес, көшбасшылық – әрекет. Өкінішке қарай, бізде иерархиялық жүйе қатты дамығандықтан, өзгерісті жоғарыдан күтіп отыру қалыпты жағдайға айналған. Бірақ мектептегі ахуал, оқушының білім деңгейі министрліктен гөрі ұстазға мәлім. Жоба барысында қатысушылар өздерінің кәсіби мәселелерін анықтап, орталық мамандарының бағдар беруімен, әдістемелік көмек арқылы ағымдағы мәселелерді бір жыл бойы зерттеп, шешу жолдарын анықтап, өзгерістер енгізеді. Бұл жобаға ұстаздар ерікті түрде қатыса алады, – дейді Елдос Сүлейменов.
Жақында осы орталықтың ұйымдастыруымен «Қазақстандағы ауылдық білім: зерттеу және даму бастамалары» тақырыбында өткен дөңгелек үстелде шалғай аудандардағы педагогтердің кәсіби деңгейін арттыру, оқыту, білім беру үшін инновациялық әдістерді енгізу, тұрақты даму ресурстарын жетілдірудің маңызды екені айтылған болатын. Мамандар ауыл мектебі жетістіктер алаңына айналуы үшін аймақтарда жүйелі зерттеулер жүргізу, қордаланған мәсеөлелерді анықтау міндетіне назар аударды. Ол үшін салаға білікті ғылыми дәрежедегі мамандар қажет.
АЛМАТЫ