Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің 90 жылдық мерейтойы аясында оқу орны базасында химиялық гальваникалық қаптамалар шығаратын «Chemical Coating innovations» ғылыми-өндірістік орталығы ашылды.
Жоба Ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым қорының қаржылай қолдауымен жүзеге асып отыр. Мұнда машина жасау және техникалық құрал жасау қажеттіліктері, сондай-ақ кәдесыйлар мен зергерлік бұйымдар өңделіп, арнайы гальваникалық қаптамалар шығарылатын болады. Орталықтың ашылу рәсіміне қатысқан Ғылым және жоғары білім вице-министрі Дархан Ахмед-Зәки ғалымдардың жұмысына сәттілік тілеп, отандық ғылымды дамытуда заманауи өндірістерді ілгерілетудің маңызды екенін жеткізді.
Ұлттық университеттің басшысы Жансейіт Түймебаевтың айтуынша, гальваникалық қаптамалар өнімнің қызмет ету мерзімін ұзартады. Яғни бұл өндірушіге де, тұтынушыға да тиімді әрі тат басудан қорғаудың жаңа әдісі болып саналады. Жаңа орталықта өндіріс технологі және операторы мамандары даярланатын болады.
Өндірістің материалдық-техникалық базасымен таныстыру барысында жоба жетекшісі, «Chemical Coating innovations» ғылыми-өндірістік орталығының басшысы Алина Галиева «Бүгінде елімізде электрхимиялық қаптамаларды жасау қарқынды дамып келеді деп айта алмаймыз. Мұндай ғылыми-өндірістік орталықтар іс жүзінде жоқ. Электрхимиялық қаптамалардың сапасы жоғары әрі тәжірибедегі қолданысы өте тиімді. Қазіргі уақытта біздің орталықта мырыштау, никельмен қаптау және мыс өңдеу желілері орналасқан қойма бар. Өндіріс жылына он мыңдаған шаршы метр қаптамалар алуға мүмкіндік береді», деді.
Алдағы уақытта жоспарға сәйкес осы орталықта әртүрлі агрессивті ортадан қорғайтын қаптамалар және қолдану технологияларын әзірлеу жұмыстары іске асатын болады. Жоба өнеркәсіп секторының нақты сұранысы негізінде жүзеге асып отыр.
АЛМАТЫ