• RUB:
    5.43
  • USD:
    477.03
  • EUR:
    521.44
Басты сайтқа өту
Егемен Қазақстан 01 Ақпан, 2024

«Хат қоржын»

164 рет
көрсетілді

Ұлт болып жұмылсақ

Сөзімізді А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының директоры Анар Фазылжанова келтірген мына бір мәліметтен бастайық: «Қазақ тілі – жер бетіндегі ұлттық тілдер ішіндегі бірегейі, түркілік қана емес, әлемдік өркениеттің ұлы игілігі, жалпыадамзаттық құндылықтарды тасымалдаушы, 6000-нан астам тілдің ішінде 259 мемлекеттік тілдің бірі».

Тіліміз үшін мақтанатын, марқаятын жағдай. Неге десеңіз, тәуелсіз мемлекет атанып, тіліміз мемлекеттік мәртебеге ие болған бақытты елдердің біріміз. Алайда бас тіліміз – мемлекеттік тілдің көсегесін көгертіп, өз тұғырына қондырдық деп айта алмаймыз. Мемлекеттік тілді білу әр отандасымыздың парызы екенін сезінбейтіндер қатары сейілер емес. Осыған орай Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» бағдарламалық мақаласында: «Мемлекеттік тілді білу – Қазақстанның әрбір азаматының парызы. Міндеті деп те айтуға болады. Мәселе ниетте. Ниеттің дұрыс болуы қазақ тілін меңгергісі келетін адамдарға да, осы мақсатқа жетуге жағдай жасайтын Үкіметке де байланысты», деген болатын. Өкінішке қарай, қазақ тілінде сөйлеуге, қолданыс аясын кеңейтуге деген ниетіміз жөнге келмей-ақ тұр.

Өз тілімізді өзіміз өзекке тебетіндей не болды бізге? Күйінесің, жауап іздейсің. Ақырында тілімізді өрге жетелеу қалың халықтың, оның ішінде тілдің иесі – қазақтардың қолында деген тұжырымға келесің. Алдымен қазақтар өз тілінде сөйлеуі керек! Мұны бәріміз де білеміз, бірақ мойындағымыз келмейді, тілді үйренуге, сөйлеуге құлықсызбыз. Өйткені тіл тағдыры тұтас ұлт тағдыры екенін түсінгісі келмейтіндер де, өкінішке қарай, арамызда аз емес.

Не істемек керек енді? Әрекет керек! Әрекет жоқ дей алмаймыз. Бірақ жеткіліксіз. Бастаған істі қолдаушылар аз. Осының салдарынан көптеген әдемі бастамалар аяқсыз қалып жатады. Тұтас ұлт болып жұмылсақ, мемлекеттік тіл проблемасын шеше алмайтынымыз анық. Оның үстіне ортамызда әлі де тіл мәселесіне немқұрайлы қарайтын қазақтар толып жүр. Міне, осы қасірет!

Биалаш СҮЙІНКИНА,

тіл жанашыры

 

ҚОСТАНАЙ

 

 

Мақсатымыз – білікті маман даярлау

Жақында Қазақстандағы аграрлық білім саласындағы жетекші оқу орындарының бірі – С. Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу университетінде (ҚАТЗУ) алғашқы рет республикалық оқу-әдістемелік семинар өтті. «Білім беру үдерісіндегі инновациялар: жоғары мектеп теориясы, әдістемесі, тәжірибесі» тақырыбында өткен іс-шараға еліміздің басқа да жоғары оқу орындарынан 500-ден астам профессорлық-оқытушылар құрамы қатысты. Білім беру үдерісіндегі өзекті тақырыптарды қамтыған семинардың ауқымдылығына офлайн және онлайн түрде ерекше форматта болуы да оң әсер етті.

Білім алушылардың демалысы кезінде ұйымдастырылуы да оқытушылардың семинарға еркін қатысуына мүмкіндік туғызды. Бұдан университет басшылығының маман даярлауға ғана емес, оқытудың сапасына да үлкен мән беріп отырғанын көруге болады. Семинар спикерлері ретінде өз саласының мықты сарапшылары таңдап алынғанын да айта кетейік.

Университетке келген жас оқытушы ретінде байқағаным, іс-шара статистика үшін емес, білім беру саласына қатысты озық ойлар мен алдыңғы қатарлы тәжірибелермен бөлісетін үлкен алаң ретінде өтуге тиіс екен. Бұл мақсат орындалды деп толық сеніммен айта аламыз. Оқытудың инновациялық әдістерімен бөліскен әр сабақ студенттерге тек білім беріп қана қоймай, оларға әлемдік өзгерістерге, озық технологиялар мен білімді қатар меңгеруге ұмтылу қажет екендігін ұқтырғандай болды. Ал іс-шара барысында ауыл шаруашылығы саласының білікті мамандарын даярлайтын бірегей университетіміз заманауи білім беруде тәжірибе алмасуға, жаңа мүмкіндіктерге үнемі ашық екендігін көрсетті.

Еліміздің дамуына өзінің қомақты үлесін қосатын, экономикасы мен ауыл шаруашылығы саласының әлемдік бәсекеде қабілеттілігін арттыруға еңбек ететін мамандар даярлау жолында университет әрдайым жаңашылдыққа ұмтылады.

Жанар СМАХАНОВА,

С.Сейфуллин атындағы ҚАТЗУ-дың аға оқытушысы

 

АСТАНА            

 

 

Орамалдың орны ерекше

«Ұлы дала елі» орталығы – көптеген тақырыпта іс-шаралар мен көрмелер ұйымдастырып, жұртшылықтың алғысына ие болып жүрген мәдениет мекемесі, ұлттық құндылықтарымыз бен тарихымызды насихаттайтын музей. Бүгінде осы мәдениет мекемесінде 1 ақпан – Халықаралық орамал күніне орай «Баскиімдер әлемі» көрмесі ашылды. Онда қонақтар әр елдің ұлттық баскиімдерімен таныса отырып, өздері де осы баскиім жасау үдерісіне қатыса алады.

Көрменің негізгі мақсаты – түрі мен пішіміне қарамастан, баскиімнің үлкен құрметке лайық екенін көрсету. Ежелгі дәуірде баскиімнің биліктің символы болғаны белгілі. Сондай-ақ адамның баскиімінен оның қандай дәрежедегі адам екені аңғарылған. Қазіргі кезде бас киіміне қарап, адамның қай ұлттың өкіліне жататынын да білуге болады. Олардың қазір киілмейтін ескірген түрлері де әр халықтан табылады, бірақ көптеген әйел адамдар, әсіресе мұсылман әйелдер осы күнге дейін орамал тартуды жөн көреді. Қазақ халқы орамалды ежелден әйел сұлулығының белгілі бір нышаны санаған. Сондай-ақ орамал – ана екеніңді, біреудің Құдай қосқан жары екеніңді, ақ-адал ниетпен аттаған шаңырағың бар екенін білдіретін белгі. Оның басты қасиеті де осында жатса керек.

Ертеде жайлауда отырған бір елдің азаматтары жаңа қонысқа мал айдап кетеді. Бас көтерер азаматы қалмаған ауылға тұтқиылдан жау шапқанда, сол ауылдың бәйбішесі басындағы ақ орамалын шешіп сойылға байлап, жауға қарсы шығып, оларды тоқтатады. Сөйтіп, ауылды аман алып қалады. Сол күннен жауды тоқтатқан ақ орамал «жаулық» аталып кетсе керек. Демек ел билеген əмірші де ақ орамалдан аттамаған.

Орамалды құрметтегендер мойнына салады, қадіріне жеткендер басына шығарады.

Дилорам ТАУАСАРОВА,

«Ұлы дала елі» орталығының маманы

 

ТҮРКІСТАН