Өткен жылдың аяғында Армения астанасы Ереванда самбодан ерлер мен әйелдер арасында жалауы желбіреген әлем чемпионаты барысында үлкен жиын өтті. Оған ФИАС пен түрлі федерациялардың басшылары мен мамандары қатысты. Сол жиын барысында аталған ұйымның атқару комитеті «2024 жылы дүниежүзілік дода Астанада өтеді» деген шешім қабылдады.
Самбодан әлем чемпионаты 1973 жылдан бері үздіксіз ұйымдастырылып келеді. Тұсаукесер жарыстың жалауы Иранның бас шаһары Теһранда желбіреп, оған 11 мемлекеттің өкілдері қатысты. 10 салмақ дәрежесі бойынша өткен бәсекелер барысында КСРО балуандарының мысы басым болды. Олар тоғыз алтын алса, тағы бір бас жүлдені моңғолиялық Шагдарын Чанграв олжалады. Кеңес одағы тарағанға дейін дүниежүзілік доданы Моңғолияның Ұланбатыр (1974), КСРО-ның Минск (1975), Киев (1983), Мәскеу (1990), Испанияның Лас-Пальмас (1977), Мадрид (1979, 1980, 1981, 1984), Сан-Себастьян (1985), Францияның Париж (1982), По (1986), Италияның Милан (1987), Канаданың Монреаль (1988, 1991), АҚШ-тың Вест-Ориндж (1989) қалалары қабылдады. Ол кездері қатысушы елдердің саны 10-нан әзер асатын.
Кеңес одағы тұсында қазақтың екі балуанына әлем чемпионы атану бақыты бұйырды. Олар – Қанат Байшолақов пен Асқар Шайхиев. Екеуі де аса жеңіл салмақта күресті. Жезқазған облысы Жаңаарқа ауданында туып-өскен Қанаттың 1984 жылы Мадридте мерейі үстем болды. Испанияның бас шаһарында шымылдығы түрілген жарыстың финалында даңқты бапкерлер Диханбай Биткөзов пен Марат Жақыттың шәкірті әйгілі Димитар Димитровты ұтты. Осы орайда Болгарияның беткеұстары әлемдік додада барлығы жеті рет жүлдегерлер (6 күміс+1 қола) санатына қосылғанын айта кетуге тиіспіз.
1989 жылы Нью-Джерси штатына қарасты Вест-Ориндж қаласында Асқар Шайхиев қарсылас шақ келтірмеді. Батыс Қазақстан облысы Сырым ауданының тумасы Америкада асқан шеберлік танытып, миллиондаған жанкүйердің көзайымына айналды. Барлық қарсыласын сыпыра ұтқан Батыр Қуанышевтың шәкірті де шешуші тұста дәл сол болгариялық Димитар Димитровтан басым түсті.
Өкінішке қарай, қазір бұл азаматтардың екеуі де арамызда жоқ. 2000 жылдың 3 мамырында Оралда түн ортасында Асқар Шайхиев өз үйінің іргесіне келіп, таксиден түскелі жатты. Сол мезетте бетін тұмшалап алып, Макаров тапаншасымен қаруланған жендет оған оқ жаудырды. Атылған оқтың төртеуі де саңлаққа дәл тиді. Одан киллер көлікті айналып, тапаншаны жүргізушінің маңдайына кезеді. Бірақ шүріппені баспады. Жүргізуші мен оның серігі аман қалды. Асқардың өліміне кінәлі адам әлі күнге дейін табылмады. Абзал азамат небәрі 37 жаста еді...
2011 жылдың 5 ақпанында Қанат Байшолақов қатты боран соғып тұрғанына қарамастан, жұбайымен бірге Қарағандыдан Жаңаарқаға бет алды. Жол-жөнекей олар мінген көлік қалың қарға көміліп қалды. Оны өз бетімен шығара алмайтынын түсінгеннен соң, Қанат қарсы бетте кетіп бара жатқан КамАЗ-ды тоқтатпақ болады. Алайда боранды түнде жүк көлігінің жүргізушісі жолдың жиегінде тұрған адамды байқамай, оны қағып өтеді. 49 жастағы ақиық азамат ауруханаға жетпей жантәсілім етті. Міне, КСРО дәуірінде әлем чемпионы атанған қазақтың қос қыранының өмірі осылайша кенеттен үзілді.
Тәуелсіздік алғаннан кейін Қазақстан мықты самбо державаларының біріне айналды. Әліміз тек осы күрес түрін ойлап тапқан Ресейге ғана жетпеді. Қалған мықты мемлекеттермен терезесі тең өнер көрсеттік. Кейінгі кездері дүбірлі додалардың жалпыкомандалық есебінде негізінен үздік үштіктің қатарынан көрініп жүрген жайымыз бар. 1993–2023 жылдар аралығында Қазақ елінен әлем чемпиондары да, сол жарыстың күміс және қола жүлдегерлері де көптеп шықты. Солардың арасынан Асхат Шахаров пен Ерболат Байбатыровты ерекше атап өтуге болады. Асхат 2000–2005 жылдар аралығында әлемнің үш дүркін чемпионы атанса, Ерболат 2008–2011 жылдары қатарынан төрт мәрте төрткүл дүниенің теңдессізі деп танылды. Сондай-ақ бұл белес әр жылдары Бауыржан Садыханов (1993), Сәуле Ғабдуллина (1996), Қоныс Жетпісов (2001), Раиса Байлиева (2007), Дәурен Жайнақов (2009), Азамат Мұқанов (2010), Гауһар Тұрмаханова (2014), Бейімбет Қанжанов (2015), Есет Қуанов (2017), Нұрбол Серіков (2018), Ринат Жаңаниет (2021), Гүлдана Әлмұханбетова (2021) және Арайлым Әбенова (2023) сынды балуандарға бағынды.
Күні бүгінге дейін әлем чемпионатының жалауы 49 мәрте желбіреді. Соның біреуі Қазақстанда өтті. Анықтап айтсақ, 2005 жылдың 11–15 қараша аралығында 29 мәрте ұйымдастырылған байрақты бәсекені Астана қабылдады. Аса жоғары деңгейде ұйымдастырылған жарыста қазақ самбошылары 1 алтын, 3 күміс және 6 қола медаль иеленді. Барлығы – 10 жүлде. Елорда төрінде 74 кг салмақ дәрежесінде күш сынасқан Асхат Шахаров Қазақ елінің әнұранын шырқатты. Финалда ол армениялық Ашот Данелянның аяғын көктен келтірді. Сөйтіп, қандасымыз үш дүркін әлем чемпионы атанды. Одан бөлек, Асхат дүниежүзілік додада екі рет қола медаль иеленді. Басқа да көптеген аса ірі халықаралық жарыста топ жарды. Бір кереметі, А.Шахаров самбомен бірге дзюдоны да қатар алып жүрді. Бұл ретте де ол несібесіз емес. Аталған балуан дзюдодан әлем чемпионатының қола және Азия біріншілігінің күміс жүлдегері деген атаққа қол жеткізді. Бұл күндері Асхат Шахаров Ақтөбе облысының әкімі қызметін абыройлы атқарып жүр.
Аталған жарыста Дидар Молдағалиев (57 кг), Арсен Хатип (68 кг), Жұлдыз Айтмағамбетованың да (72 кг) алтын тұғырға көтерілуге мүмкіндіктері болды. Алайда олар ақтық айқаста ұтылып, күміс медальды қанағат тұтты. Дидар ресейлік Руслан Кишмаховқа, Арсен моңғолиялық Хашбаатарын Цагаанбаатарға, Жұлдыз украиналық Марина Прищепаға есе жіберді. Ал Тимур Оңдағанов (62 кг), Дінмұхамед Мүсірәлиев (82 кг), Келбет Нұрғазина (48 кг), Раиса Баялиева (60 кг), Динара Оразбекова (80 кг) және Алмагүл Кашина (+80 кг) қола жүлдені иеленді. Жалпыкомандалық есепте Ресей құрамасы (8 алтын+4 күміс+4 қола) көш бастады. Екінші және үшінші орындарды Моңғолия (4+1+3) мен Украина (3+1+4) еншіледі. Еліміздің самбошылары төртінші сатыға тұрақтады. Сондай-ақ бас жүлдені олжалағандар қатарында Өзбекстан мен Беларусьтің балуандары да бар.
Еліміздің жанкүйерлері сол кезде өз өрендерімізден бөлек, шетелден келген атақты спортшылардың өнерін тамашалап, бір жасап қалған еді. Астананың бозкілемінде өнер көрсеткендер қатарында Моңғолияның марқасқасы Хашбаатарын Цагаанбаатар (дзюдодан Олимпиаданың қола жүлдегері, әлем чемпионы, Азия ойындарының жеңімпазы, Азияның 2 дүркін чемпионы), Ресейдің мақтаныштары Раис Рахматуллин (самбодан әлемнің 7 дүркін чемпионы), Руслан Гасымов (дзюдодан Еуропа чемпионы), Мұрат Хасанов (самбодан 11 дүркін әлем чемпионы), Украинаның дүлдүлдері Виктор Савинов (самбодан әлемнің 6 дүркін чемпионы) пен Евгений Сотников (дзюдодан әлем мен Еуропаның қола жүлдегері), Беларусьтің беткеұстары Дмитрий Базылев (самбодан әлемнің 6 дүркін чемпионы) және тағы басқа саңлақтар өрелі өнерлерімен дүйім жұртты қуантты.
Астанада спорттық самбомен қатар жауынгерлік самбодан да жарыс ұйымдастырылды. Тоғыз салмақ дәрежесі бойынша өткен бәсекеде Ресейге тең келер команда табылмады. Олардың сегіз спортшысы алтын медальды мойындарында жарқыратты. Солардың арасында кейіннен аралас жекпе-жектің шоқ жұлдызына айналған Федор Емельяненко да болды. «Соңғы император» деген жанама есіммен танылған орыс файтері финалда чехиялық Адам Бекиден басым түсті. Тағы бір бас жүлдені тәжікстандық Сайиридин Икрамов олжалады. Спорттың бұл түрінде Қазақстанға екі қола медаль бұйырды. Оның иегерлері – Құтжан Бекәлиев (52 кг) пен Аманжол Ағыбаев (62 кг).
Осылайша, араға 19 жыл салып самбодан әлем чемпионаты қазақ жерінде қайта өткелі жатыр. Бұл жарыста біз 2005 жылға қарағанда әлдеқайда табысты өнер көрсететінімізге сенімдіміз. Өйткені қазір қандастарымыздың қарқыны өте жақсы. Былтыр Ереванда аяқталған байрақты бәсекеде ел самбошылары 1 алтын, 2 күміс және 4 қола медаль иеленіп, жалпыкомандалық есепте үшінші орынға көтерілуі – жоғарыда айтылған сөзіміздің айқын дәлелі.