Елдігімізді еңселендірген тұлғалар қатарында халқымыздың ардақты перзенті Қаратай Тұрысовтың алар орны ерекше. Тұрысовтың табиғатын танытатын бір ғана түйінді сөзді іздер болсақ, қазақтың тұлға деген асыл ұғымы ойға оралады.
Мемлекет басшысы өткен жылы Республика күніне орай салтанатты жиында: «Біз қазір Әділетті Қазақстанды құрып жатырмыз. Сондықтан өткен заманның қайраткерлеріне, олардың еңбегіне лайықты, әділетті баға беріп отыруымыз керек. Азаттық жылнамасында Салық Зиманов, Серікболсын Әбділдин, Қаратай Тұрысов, Зинаида Федотова, Ерік Асанбаев, Әбіш Кекілбаев, Ғайрат Сапарғалиев, Сұлтан Сартаев, Өзбекәлі Жәнібеков, Олжас Сүлейменов, Александр Княгинин, Мырзатай Жолдасбеков, Өмірбек Байгелды, Қуаныш Сұлтанов, Сергей Терещенко және тағы басқа көптеген тұлғаның есімін құрметпен атап өту керек. Елін сүйген ерлердің отаншылдығы және олардың ұлт мүддесіне адалдығы әрдайым кейінгі ұрпаққа үлгі-өнеге болуға тиіс. Біз тарихи әділдік жолын берік ұстануымыз керек», деген еді.
Шындығында да мемлекеттіліктің нығаюы жолында тер төккен қайраткерлерді бағалай білуіміз керек.
Ол шын мәнінде нағыз тұлға еді. Қаратай Тұрысов кәсіби биік өрісімен, ұйымдастырушылық қарым-қабілетімен, елім деген, жерім деген перзенттік жүрегімен, қоғамдық белсенділігімен елдігімізді еңселеткен ерлеріміздің ортасынан ойып тұрып өз орнын иеленді. Мемлекетіміздің дамуына іскер басшы ретінде де, экономист-ғалым ретінде де, дара бітімді депутат ретінде де ерекше еңбек сіңірді. Замандастары Қаракеңді асыл адам, ардақты елағасы ретінде жоғары бағалайтын.
Қаратай Тұрысов осынау абырой жолына қалай жетті? Балалық шағы, отбасы туралы ол төмендегіше баяндаған еді:
«Абырой дейсің бе, дәреже дейсің бе – тоқетерін айтқанда, мұның бәрі маңдайдың терімен, таза еңбегіңмен келетін дүниелер. Әлімсақтан сондай. Әйтпесе бізді қай көкеміз тіреп тұрды дейсің. Қарапайым шаруаның баласымын. Әкем оқымаған, молдалығы бар, бірақ тіке айтатын дуалы ауызды, құдай деген кісі еді. Жамбылдың іргесіндегі қырғызбен шекаралас «Жас өркен» деген колхозда өмірін мал бағумен өткізген. Анам Күлімхан сауыншы, кейін қызылшашы болды. Анаммен бірге қаршадайымнан сиыр бақтым. Кейін қызылшашы болғанда бүкіл бала-шаға таңнан кешке дейін жұмыс басында жүретінбіз. Жалақы деген жоқ. Тек қант беретін. Сол соғыс басталарда 1940 жылы мектепке бардым».
Қаршадайынан еңбекпен шыңдалған Қарекең адал еңбек етті. Адал еңбегінің арқасында абыройлы болды. Биік белеске де маңдай терінің арқасында жетті. Әділетсіздікке төзген жоқ. Әкесінен жұққан осы қасиеті елдік мәселе таразыға түскенде қаймықпауға үйретті. Соның бір дәлелі ел басына күн туған Желтоқсан кезінде болды. 1986 жылы Желтоқсан көтерілісі басталған күні Мәскеудегі аузы дуалы, сөзі уәлі әр ұлт өкілдерінен құралған делегацияны бастап Алматыға ұшқанды. Ондағысы – алаңдағы жастарды әділетсіздіктен арашалау еді. Бірақ Мәскеудегі қауіпсіздік қызметі ұшақты Қарағандыға қондырды. 18 желтоқсанда Бас хатшы Горбачев «Алматы зиялылары мәскеуліктерді араластырмай, алаңға шыққан жастармен өздері мәселені шешеміз деді», деп хабарласқан соң, амал жоқ, Мәскеуге қайта оралған. Бұл Қаратай Тұрысовтың Бүкілодақтық кәсіподақтары Орталық Комитетінің хатшысы қызметінде жүрген кезі-тұғын.
1987 жылы БҰҰ Бас Ассамблеясының 42-сессиясында Кеңес одағы атынан мінберге шығып сөз сөйледі. Құрамында депутаттар мен одақтың айтулы азаматтары енген КСРО-ның делегациясын кезекті сессияға басқарып барған болатын. Сапар барысында БҰҰ Бас хатшысы Хавьер Перес де Куэльярмен кездесу өткізген. БҰҰ 1986 жылды «Бейбітшілік жылы» деп жариялаған. Өз сөзінде Қ.Тұрысов нағыз бейбіт заманға жақындау үшін жаппай ядролық қарудан бас тартудың бағдарламасын ұсынды. Семейдегі ядролық полигонның зардаптары әлемдік мінберде сонда алғаш айтылған еді. Хакім Абайдың «Адамды сүй, Алланың хикметін сез» ұлағатын ғаламдық жұртқа жеткізген. Бейбітшілікті бәрі қалайды. Бейбіт заман мақсатымыз десек ядролық қарудан бас тартуымыз керек деген.
КОКП Бас хатшысы Михаил Горбачев дуалы ауызды Қаратай Тұрысовты сан сынақтан өткізді. Өзі жариялаған «қайта құру» мен «бетбұрыс» партиялық ашық саясат жүргізу кезінде 300 миллиондық кеңестер елінде наразылықпен ереуілге шыққан жұмысшылар шерулерінің көбейген кезі еді. Сол кезде Қарекең басшылығында жүрген одақтық кәсіподақтың қатарында 120 миллион мүшесі болған. Кәсіподақ жұмысшылар мен еңбеккерлердің мүддесін қорғайды. Қарекеңнің абырой-беделі 1987 жылы «Жалақы төлеуді жетілдіру туралы» кеңес елінің үкіметі бекіткен 1115-қаулысының толық нұсқасын дайындайтын топтың жетекшісі болып, оны жүзеге асырғанда ерекше өсті. Сол жылдары ол Норильск, Воркута, Кузбасс, Архангельск, Мурманск, Нарьян, Мар, Оңтүстік Сахалин, Владивосток, Түмен тағы басқа ірі өндіріс орны шоғырланған өңірлерде болып, ереуілшілдермен бетпе-бет сөйлесті. Жер астына түсіп кеншілермен тәулік бойы бірге кеңесіп, екі апта жер астынан шықпай наразылық жасаған шахтерлермен келісімге келе білді. Тіптен атом қаруы бар крейсерде басталған матростардың кемесіне тікұшақпен қонып, көкейкесті проблеманы шешті.
Қаратай Тұрысов Мәскеудегі қызметі кезінде ортақ қазынаның қаржысын еліне бұрды. Кәсіподақтар миллиардтарына Қазақстанда ондаған емдеу-сауықтыру шипажайы, жұмысшылар мен еңбеккерлердің демалыс үйі салынды. Алматы мен облыс орталықтарында бірнеше қонақ үй тұрғызылды. Алматыда «Түркісиб» пен «Алма-Арасан» демалыс және «Алатау» мен «Медеу» қонақүйі. Талдықорғанда «Қарғалы» мен «Арасан-Қапал» емдеу-сауықтыру орны салынды. Сондай-ақ Қызылорда, Қостанай, Атырау мен Оралда, Семейде шипажайлар салынды. Әйгілі «Сарыағаш» шипажайын кеңейтіп, қосымша құрылым жасауға қомақты қаржы бөлгізді. Қазақстандағы экономикалық-әлеуметтік көрсеткіштерде артта қалған, жағдайы нашар шалғайдағы 30 ауданының әлеуметтік әлеуетін жақсарту туралы одақтық орталық комитеттің арнайы қаулысын қабылдатты. Мәскеуде жүрсе де Қазақ елінің өркендеуіне, әлеуметтік жағдайының жақсаруына септігін тигізді.
Ел құрметіне бөленген кейіпкеріміз туралы кезінде замандастары да жақсы пікірін білдірген.
«Тарихымыздың сан ғасырлық шежіресіне зер салсақ, сол замандарда билер мен батырлардың әр айтқан сөзін халық бар ықыласымен қабылдайтын ақсақалдар болған ғой», дейді ақын, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Фариза Оңғарсынова. – Осы қазіргі біз өмір сүріп отырған уақытымыздың ХХ-ХХІ ғасыр тоғысында сондай айтулы тұлғалардың бірі деп Қаратай Тұрысовты айтар едім. Халқымыздың қымбат та қасиетті салт-дәстүрін бойына сіңірген ерекше мінезді, бір көрген кісіні өзіне құрмет тұтқызбай қоймайтын азамат.
Қамқор еді қарындасқа, бауырларға,
Шаң басып аласарған ауылдарға.
Адалдық, әділдікпен өтті өмірден...
Жүректен жас тамады сағынғанда.
Қазаққа Қаратайдай ұл сыйлаған
Жасай бер,
«Жас өркеннің» топырағы»,
деп жырлады ақын.
«1985 жылы Шымкенттегі Қорғасын зауытының директоры едім, деп еске алады мемлекет және қоғам қайраткері Қылышбек Ізбасқанов. – Бір күні кабинетіме ақ шашты сұсты кісі кіріп келді.
– Қаратай Тұрысовпын, – деді.
Сасқалақтап қалдым. Қазақстандағы Үкімет басшысынан кейінгі өндіріс саласындағы үлкен басшы.
– Сіз жалғызсыз ба, жаныңызда басқа ешкім жоқ па? – деппін сасқанымнан.
– Бастық деген керуен басы емес, үлкен көшпен жүретін. Мәселелеріңді естіп келдім. Зауытыңа барайық. Көрейік. Шешейік, – деді».
«Міне, сонда Қаратай Тұрысовтың нағыз мықты маман екеніне куә болдым. Жалпы, еліміздегі үлкен өндіріс орындарының ашылуына, сосын олардың қалыпты жұмыс істеуіне үлкен үлес қосты. Ел өркендеуі, өсуі үшін өзінің өндіріс орындары болмай келешек кемел болмайды. Ән айту үшін де қарын тойып, нан жеу керек дейтін. Сосын жалған сөйлеп, өтірік көлгірсігендерді жақтырмайтын. Нақты айтатын. Нақты сөйлейтін. Қызмет бабында талай рет куә болдым. Мемлекет басшысының кабинетінде өтетін жабық жиындарда экономикалық жағдайымыздың қиындыққа ұшырай бастағанын жасырмай жария ететін. Сол кездері кейбір әкімдер мен министрлер Президентке жағу үшін жалбақтап өтірікті шындай соғатын. Сондай кездері Қарекең оларды бірден тыйып тастайтын. «Жігіттер, бүгінгі алдамшы қызметтерін үшін болашағымызға балта шаппаңдар. Қазір осы кемшіліктерді жаба тоқысаңдар, бүткіл өндірісімізден айырылып қаламыз. Ертеңгі ұрпақ қайда барып жұмыс істейді? Шетел кезіп, нан іздеп безіп кетсін демесеңдер, экономикамыздың күретамыры саналатын зауыт пен фабрикалар жабылып қалмауын қадағалауымыз парызымыз», деуші еді. Сондай келешекті болжай білген мықты экономист-ғалымның сөзіне құлақ асқандар аз болды. Қаратай ағамыз да ақыры Үкімет басшылығынан кетуге мәжбүр болды. Бүгінде жастарымыз өткен 30 жылда ештеңе істелмеді деп жатыр. Міне, соны ол кісі ерте болжады. Барынша күресті. Бірақ жалғыздың дауысы көп жағымпаздың ұраны астында қалып қойды», дейді Қылышбек Ізбасқанов.
«Нарықтық экономика деп халыққа әлеуметтік қолдауды азайтпайық, соған барынша мұқият болыңдар», деп Үкімет мүшелері мен депутат әріптестерін қадағалап отыратын. Қарекең Мәжілісте экономика және бюджет комитетін басқарған тоғыз жылда Парламент мыңнан астам заң қабылдады. Соның 60 пайыздан астамы экономикаға қатысты. Үкіметтің бір қайнауы ішінде болған заң жобалары Қ.Тұрысовтың сүзгісінен өтпей, Парламенттен талай рет қайтарылған. Сенатор Әбіш Кекілбайұлы Парламенттің бірлескен отырысында: «Қарекең қырдағы ауыл балалары ішіп отырған сапасыз судан келешекте өмірге келер ауру ұрпақ бізді кешірмейді деп мәселе көтерген соң «Таза ауыз су» мемлекеттік бағдарламасы қабылданды», деген еді. Бүкіл ел үшін маңызы өткір мұндай мысалдарды ондап емес, жүздеп келтіруге болады.
Қаратай Тұрысов ұлтын сүйген, қазағына адал қызмет еткен кешегі алашорда-шыл ағаларымыздың жалғасы еді. Биік биліктегі үлкен лауазымдағы қызмет жолын елдің тұтастығы мен бірлігіне арнады. Ешқашан еңбегін міндетсінбеді. Тек қазақ деген ұлттың мүддесіне қызмет қылды.
Ұрпаққа арнаған аталы сөзін таспаға түсіріп алған едік. Соны қаз-қалпында келтірейік. «Мен дүние жүзін көп аралаған адаммын... Шамамен 50-60 мемлекетте болған шығармын. Бірталай халықты көрдім. Бірақ біздің қазақтай кең халықты көрген емеспін. «Осыншама жерді қалай ұстап отырсыңдар деп» басқа жұрт қайран қалады. Шындығында Каспийден Алтайға дейін созылған ұлан-ғайыр жер. Баяғыда Алматыдан Мәскеуге дейін 4 сағат ұшатын. Оның 3 сағаты Қазақстанның үстінде өтеді, әрі қарай 1 сағат қана. Осыған қарап найзаның ұшымен, білектің күшімен қорғап, қасиетті даланы кейінгілерге несібеге қалдырған қайран батыр бабалардың рухына бас иесің. Осыншама кең жерді ұстап тұрудың өзі ерлік қой. Жер болғанда да жай жер емес, асты мен үсті толған байлық. Біз басқаларды мақтап, өзімізді даттауға құмармыз. Сол мақтағандар бір уыс жеріне ие бола алмай сансырап жүр. Қазақ бірлікте болса, ешбір жау бізді ала алмайды!»
Қайраткер қай қызметте жүрсе де қарапайымдылығынан, адалдық қағидатынан айныған емес. Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің хатшысы, Бүкілодақтық кәсіподақтары Орталық комитетінің хатшысы, Қазақ КСР Министрлер кеңесі төрағасының орынбасары, Туризм, дене шынықтыру және спорт министрі, Орталық сайлау комиссиясының төрағасы қызметтерін абыроймен атқарды. Өмірінің соңғы жылдары Парламент Мәжілісінің Қаржы және бюджет комитетінің төрағасы қызметінде де өз қолтаңбасын қалдырды. «Жерді сатуға қарсымын», деп табандылық танытқан да Қаратай Тұрысов еді. Елдік мәселеге, мемлекет мүддеге келгенде турашылдықтан таймайтын Қарекеңнің пайым-парасаты, ұстанымы кейінгілерге өнеге болмақ.
Махат САДЫҚ,
журналист