Жыл сайын Алматы қаласында қолқа қақпақшасы тарылған 20-22 науқасқа операция жасалса, осындай хирургиялық операцияға мұқтаж науқастардың саны 200-250-ге дейін жетіп жығылады. Осы орайда Алматыдағы Кардиология орталығында жүрекке жоғары технологиялық және зақымы барынша аз операция жасайтын TAVI орталығының ашылуын мегаполис медицинасындағы ілкімді оқиғалар қатарына қосар едік.
Ендігі жерде елімізде жүрегіне ашық операция жасауға болмайтын ауыр науқастарды инновациялық әдіспен емдеуге болады. Орталықта тарылған қолқа қақпақшасын жүрекке ашық операция жасамай-ақ, тамыр арқылы ауыстыруға болады. «Қолқа қақпақшасының стенозы» диагнозына жоғары технологиялық операцияның бұл түрі наркозсыз жасалады әрі ағзаға зақымы барынша аз. Қысқасы, көзіміз үйренген дәстүрлі хирургиямен салыстырғанда науқас тез оңалады, ауруханада бұрынғыдай ұзақ жатпайды. Мұндай инновациялық операцияның жасы 70-тен асқан және одан егде жастағылар үшін тиімділігі жоғары.
«Қолқа қақпақшасының стенозы» – орта қақпақшасы тарылып, қажетінше ашылмаған кезде, яғни жүректен денеге қанның қалыпты өтуіне кедергі келтіретін саңылаудың қатты тарылуынан пайда болатын кесел.
Ал науқастар қалалық Кардиология орталығында жүректің ультрадыбыстық зерттеуінен өте алады. Бұған қоса жоғары деңгейде диагностикалауға мүмкіндік беретін 128 тілімнен тұратын заманауи КТ аппараты бар. Көрсеткіштер бойынша қажет болған жағдайда пациенттерге жедел хирургиялық TAVI (transcatheter aortic valve implantation) операциясы жасалады.
Осы арада TAVI орталығының ашылуына орай, Кардиология орталығының қызметкерлеріне шеберлік дәрісін өткізу үшін Фрайбургтен (Германия) эндоваскулярлық хирургия директоры Франц-Йозеф Нейман арнайы шақыртылғанын айта кеткен жөн.
Қалалық кардиология орталығының директоры, медицина ғылымдарының докторы, профессор Роза Қуанышбекова: «Қолқа қақпақшасы тарылған пациенттеріміз біздің стационарға қайта-қайта түсіп жатады. Ал консервативті ем-дом барлық кезде тиімді бола бермейді. TAVI әдісін қолдану және оған қоса TAVI орталығының ашылуы – денсаулық сақтау жүйесіндегі маңызды оқиға. Пациенттерге де айтарлықтай пайдасы көп. Дәстүрлі операция жасы келген, егде жастағы пациенттер үшін тым қауіпті. Ал бұл операциядан кейін науқас тез оңалады әрі асқыну ықтималдығы аз. TAVI отасы қолқа қақпақшасы стенозының ауыр түріне душар болған жандардың денсаулығын айтарлықтай жақсартады. Сондай-ақ TAVI орталығы кардиохирургия саласындағы маңызды медициналық зерттеулерді дамытуға, арнайы мамандарды даярлауға өз үлесін қосады», дейді.
Орталықта осы операцияны жүзеге асыра алатын, Ұлттық ғылыми кардиохирургия орталығының мамандары машықтандырған Германия мен Түркия клиникаларының жетекші дәрігерлерінен білім алған қызметкерлер бар.
«TAVI процедурасы сандағы күретамыр арқылы баратын катетер арқылы жүзеге асырылады. Катетер жаңа клапанды қалаған жерге жеткізіп, онда ол тарылған клапанды ашып, ауыстырады. Бұл үдеріс наркозсыз жасалады және жүрекке ашық операция жасауды қажет етпейді, қан ағымын қалпына келтіруге мүмкіндік береді. Ал мұның барлығы бір жерден табылуы науқастың мәселесін жедел шешуге мүмкіндік береді», дейді қалалық кардиологиялық орталықтың рентген хирургиясы бөлімінің меңгерушісі Оразбек Сахов.
Эндоваскулярлық хирургия директоры Франц-Йозеф Нейман өз елінде қолқа қақпақшасын ауыстыру операциясы жиі жасалынатынын, TAVI импланты өте дамығанын, Германия осы отаны жүргізу жағынан Еуропада алдыңғы орынға ие екенін айтады.
Ал 2 миллионнан аса халқы бар мегаполиске де осындай бір орталық аса қажет екені айтпаса да түсінікті. Сондықтан бұл жоба МӘМС пен ТМККК аясында атқарылғанын айта кеткен жөн. Ең бастысы, Алматы аймақтардан келген науқастарды да ажалдан арашалап қана қоймайды, бұл жерде майталман мамандар тәжірибе алмаса отырып, медицинаны да дамытуға болады.
АЛМАТЫ