Ел күнтізбесінде Ұлттық басылым күнінің пайда болуы – көңілге үлкен қуаныш ұялататын, жүректі жылытатын атаулы күн.
Бұл атаулы күн ХХ ғасыр басында дәл осы күні «Қазақ» газетінің алғаш жарыққа шыққан күнінен тамыр тартып отыр. Бұл рәміздік мәнге ие. Ұлт көшбасшылары қазақ халқының көзі ашық, көкірегі ояу болсын деп талпынып ашқан газеті, соны шығару жолында қаншама тар жол, тайғақ кешуді бастан өткерген. Қазақ жерінде тұңғыш ұлттық баспасөз – «Қазақ» газетінің шығуы үлкен тарихи маңызды оқиға. Ахмет Байтұрсынұлы, Әлихан Бөкейхан, Міржақып Дулатұлы секілді ұлт көшбасшылары қазақтың өркениет көшіне ілесуін қалады. Ескіліктің шырмауында қалып қоймай, жаңа заманға бейімделуін көздеді. Өзге түркі халықтары арасында жұлдызы жарық, ұрпағының сауатты, ілгері болуын тіледі. Жалынды ақын Сұлтанмахмұт Торайғырұлының: «Анау қырда татар тұр. Басқалармен қатар тұр», деп жырлауы – біздің намысымызды қайрауы еді.
Ұлттық деген ұғымға сай келетін дүние көп емес. Соның бірі – басылым. Ұлттық басылым күні дегеніміз – «Қазақ» газетінің алғашқы нөмірі шыққан күн деп қана ұғыну аясы тар түсінік болар еді. Ұлт тіліндегі газет-журналдардың барлығы дерлік халықтың мұңын мұңдап, жоғын жоқтайтын басылымдар екеніне дау жоқ. Бірақ соның барлығының алғашқысы «Қазақ» газеті болса керек. Демек Ұлттық басылым күні – барлық қазақтілді, ұлттық басылымдардың туған күні. Бұл мерекені барлық ұлттық басылымдар өз тамырындай танып, айрықша атап өтуге тиіс.
Айтқанымыздай, ХХ ғасыр басында қазақ жерінде ұлттық баспасөздің қарлығаштары пайда болды. Ұлттық, республикалық газеттермен қатар қазақтың облыстық, округтік газеттері жарыққа шықты. Солардың бірі – 95 жыл бұрын (1929 жылдың 15 ақпанында) Павлодар округтік «Кеңес туы» (қазіргі «Saryarqa samaly») газеті оқырманға жол тартты. Оны ұйымдастырушылардың басында әйгілі түркітанушы, ғалым, публицист, сұлтанмахмұттанушы Бейсенбай Кенжебаев тұрды. Бұл басылымдарда өкіметтің бастамаларын қазақ жұртына түсіндіру, насихаттаудан басқа, ұлттық мақсатты көздеген ірі тұлғалар қалыптасты. Бұл газет-журналдарда қазақтың ұлт зиялылары жетіліп, өсіп шықты.
Әуелде «Кеңес туы» болып араб, кейін латын жазуымен шыққан газет 1940 жылдары кирилл қарпімен басылды. Елдегі ахуалға сәйкес 1930 жылы «Колхоз», 1938 жылы Павлодар жеке облыс болып құрылғанда қанатын жайып, «Қызыл ту» атанды. Өкініштісі, 1938 жылы «Қызыл ту» газетінің алғашқы редакторы болған Әубәкір Аяпбергенов «Алашордашылармен байланысы болған» деген саяси айыппен сотталып, қайта оралмады. Жалпы, қазақ газеттері де барлық нәубет-қасіретті елмен бірге тартты.
Ұлттық басылымдар рөлін ешқашан да әлеуметтік желілер мен сайттар, пабликтер баса алмасы хақ. Түпкі идеясы әбден пісірілген, адастыратын мақсатты көздемейтін ойлы мақалалар мен талдау-сұхбаттар ұлттық газет-журналдарда жарыққа шығып жатыр. Енді соған жас ұрпақтың мойнын бұрын, оқытып, санасын оздыру керек. Ұлттық басылым арқылы тәрбиеленген ұрпақ қана елдіктің туын берік ұстайды.
Осы ретте Ұлттық басылым күнін қоғамда насихаттау өзіміздің қолымызда екенін ескеруіміз керек. «Қазақ» газетіндей баспасөзіміздің тарихы жүз жылдық екенін айта келе, алдағы мың жылдық бостандығымызды жалпақ елге насихаттауға тиіспіз!
Нұрбол ЖАЙЫҚБАЕВ,
Павлодар облыстық «Saryarqa samaly» газетінің бас редакторы