1 ақпан – Дүниежүзілік сайлау күніне орай «Maqsut Narikbayev University»-де «Сайлау мемлекеттік биліктің заңдылығын қамтамасыз ету механизмі ретінде: конституциялық-құқықтық өлшем» атты дөңгелек үстел өтті.
Құрылтайшылардың идеясымен бұл күні бүкіл назар азаматтардың сайлау құқықтарын қамтамасыз ету және сайлау үдерісін жетілдіру мәселелеріне аударылуы керек. Дөңгелек үстелге университет басшылығы мен профессор-оқытушылар құрамы, ОСК жанындағы Сарапшылық кеңес мүшелері, ОСК өкілдері, студенттер қатысып, Ыстанбұл университетінің деканы, құқық докторы Фитхи Гедикли құттықтаухатын жолдады. Іс-шараның модераторлары – Сарапшылық кеңес мүшелері, заң ғылымдарының докторы, профессор Марат Қоғамов пен Индира Әубәкірова.
Басқосуда ОСК төрағасы Нұрлан Әбдіровтің құттықтау сөзін ОСК мүшесі Шавхат Өтемісов оқып берді. Ортсайлаукомның басшысы құттықтаухатында азаматтардың сайлауға қатысуға ажырамас құқығы мен азаматтық бостандықтарды құрметтеуді білдіре отырып, «Қазақстан Республикасының сайлауын ұйымдастырушылар бұл күнді кәсіби мереке ретінде таниды. Бұл күні сайлаушылардың сайлау мәдениетін арттыруға бағытталған түрлі маңызды іс-шара өткізу дәстүрге айналды», деп атап өтті.
Индира Әубәкірованың айтуынша, 2024 жыл сайлау науқанына толы, әлем бойынша халықтың жартысынан көбі сайлау үдерісіне қатысады. «Биыл 60 мемлекет ұлттық деңгейде сайлау өткізеді, оның ішінде Еуроодақтың елдері, АҚШ, Үндістан, Индонезия және басқа да мемлекеттер бар», деді ол.
Басқосу барысында ғалым Қабдулсамих Айтхожин «Қазақстан Республикасының сайлау құқығы: қазіргі жағдайы мен болашағы» тақырыбында баяндама жасап, сайлау мәдениетін арттыру бағдарламасын әзірлеуді ұсынды.
Сайлау науқандарын қаржыландырудың негізгі аспектілері туралы заң ғылымдарының докторы Алпысбай Жүсіпов айтып берсе, заң ғылымдарының кандидаты Әлия Оразбаева конституциялық реформа аясындағы сайлау институтына қатысты заңнамалық новеллаларға кеңінен тоқталды.
Іс-шарада профессор Марат Қоғамов Сайлау туралы Конституциялық заңға жақында басылып шығарылған түсініктеменің тұсаукесерін өткізді. Ал профессор Индира Әубәкірова іс-шараға қатысушыларды өз авторлығындағы электоралдық онлайн-сөздікпен таныстырды. Сөздік Орталық сайлау комиссиясының ресми сайтында қолжетімді.
Естеріңізге сала кетейік, түсініктеме мен онлайн-сөздікті өткен жылы 7-8 желтоқсанда өткен халықаралық ғылыми-практикалық конференция кезінде Орталық сайлау комиссиясының 30 жылдығына орай ОСК қолдауымен ОСК жанындағы Сарапшылық кеңес мүшелері дайындаған болатын.
Сонымен қатар дөңгелек үстелде университет магистранттары сөз сөйлеп, еліміздегі сайлау циклінің ауқымды тақырыптарын, оның ерекшеліктері мен перспективалары жөнінде ой-пікірлерін ортаға салды.
Мәселе, магистрант Мадина Болат 2022 жылғы конституциялық реформалардың нәтижесінде сайлауда бәсекелестік пен азаматтардың Парламент Мәжілісіне деген сенімі артқанын атап өтсе, Зарема Маткенова еліміздің сайлау ценздары халықаралық стандарттарға сәйкес келетініне назар аударды.
Сондай-ақ Дүниежүзілік сайлау күніне орай ОСК жанындағы Сарапшылық кеңестің мүшелері – заң ғылымдарының докторлары, профессорлар Эдуард Мұхамеджанов пен Лейла Жанұзақова Алматы қаласында Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университеті мен «Тұран» университетінің студенттеріне тақырыптық дәрістер өткізеді.
Қоғамның назарын отандастарымыздың сайлау мәдениетін арттыру мәселесіне аудару мақсатында республика бойынша Дүниежүзілік сайлау күнін мерекелеу аясында жастар арасында 260 астам түрлі іс-шара жоспарланған. Аумақтық сайлау комиссиялары ЖОО студенттерімен кездесулер, колледж студенттерінің пікірсайыстарын, дөңгелек үстелдер, ашық есік күндерін, мемлекеттік қызметшілер, ҮЕҰ және саяси партиялардың өкілдерімен кездесулер, жоғары сынып оқушыларына арналған сынып сағаттарын, көрмелер, түрлі конкурс, олимпиада мен викторина ұйымдастырады.