Былтыр Түркістан қаласында өткен Ұлттық құрылтайда Мемлекет басшысы балалар әдебиетіне қатысты үлкен мәселе көтере келіп, жас ұрпақты, қоғамды кітап оқуға шақырды. Кітаптың орнын ешқандай смартфон, планшет толтыра алмайтынын қадап айтты.
Елімізде «Ұлттық рухани жаңғыру» идеясының бір тармағы ретінде «Оқитын ұлт» жобасы жақсы қолға алынып келе жатқаны баршаға аян. Қазір көпшілік арасында «ешкім кітап алмайды», «балалар мүлде кітап оқымайды» деген пікір қалыптасқан. Ол пікірмен өз басым келіспеймін. Себебі біздің Ұлттық академиялық кітапханаға келушілердің арасында үлкендер де, студент жастар да, оқушылар да бар. Соңғы уақытта кітап оқуды көбіне интернет желісінің жаңалықтары алмастырғанын да жоққа шығармаймыз. Алайда адамзат мәдениетіндегі ең ұлы дүние кітап екендігін мойындайтын көзі ашық, көкірегі ояу оқырманның да қарасы көп екенін айтпай кетуге болмайды.
Академиялық ұлттық кітапхананың құрылғанына биыл 20 жыл толып отыр. Былтырдан бері кітапханамызға 11 мың жаңа оқырман тіркеліпті. Бұл үлкен жетістік. Қазір Ұлттық академиялық кітапхана оқырмандарының саны, тұрақты және виртуалды оқырмандарды қосқанда 42 пайызға артып, 600 мыңға жуықтап қалды. Оқырман саны артуының басты себебі – кітапхана қорын цифрландыру бағытындағы белсенді жұмыс деп білемін. Біздің кітапхананың ең басты қызметі – Қазақстандық ұлттық электронды кітапхана жобасы. Осы кітапхананың базасында жүзеге асып отырған KazNEB ақпараттық порталын әлемнің 110 елінен 800 мыңға жуық оқырман пайдаланады. Бұл тек электронды кітапхана емес, кітапхананың кітап алу, кітап беру сияқты ішкі жүйесін реттейтін ақпараттық жүйе. Барлығы бір жүйенің ішінде жұмыс істейді. Жуырда KazNEB-тің жаңа мобильді нұсқасы іске қосылды. Жаңа нұсқа қолдануға өте ыңғайлы, ешқайда тіркелмей-ақ App Store мен Android қосымшалары арқылы базадағы бар ақпараттарды күні-түні пайдалана беруге болады. Ұлттық академиялық кітапхана жыл сайын толық мәтінді отандық, ресейлік және шетелдік электрондық дерекқорларға жазылады. Атап айтсақ, Ресей мемлекеттік кітапханасының электронды диссертациялар базасы, East View қашықтағы мәліметтер базасына, сондай-ақ шетелдік Passport (Euromonitor International), Oxford University Press (OUP) Оксфорд университеті баспасынан шығатын толық мәтінді журналдар базасына жазылуға келісімшарт жасалды. Мұнымен қатар біз электронды кітапхананы толықтырумен де айналысамыз. Толықтыру жұмысы авторлық құқық шеңберінде тікелей авторлармен келісімшарт жасау арқылы іске асады. Бұлар негізінен өз авторларымыз бен Қазақстанның тарихы, мәдениеті жайлы жазған шетелдік авторлар да болуы мүмкін. Міндетті түрде Қазақстанға қатысты, елімізде басылып шыққан кітап, газет-журналдар болуы керек. Өңірлердегі институттар мен кітапханалар өлкетану құжаттарын авторлардың келісімін алып, сандық нұсқаға түсіріп бізге жібереді. Біз осы бөлімде түскен құжаттардың барлығын жинақтап, беттері толық па, келісімшарты бар ма деп тексереміз. Барлығы заңды екеніне көзіміз жеткен кезде ғана базаға саламыз. Түрлі баспадан шыққан кітаптардың барлығын базаға жүктемейміз, алдымен іріктеп аламыз. Ол кітап ұрпаққа берері мол, әдеби не тарихи шығарма, өлкетану бағытында жазылған құнды, мағыналы, мәнді дүние болуы шарт.
Сондай-ақ «Түркітілдес елдер әдебиеті» деген айдарымыз бар. Түркітілдес мемлекеттер ұсынған құжаттар сол жерде жинақталады. Мәселен, былтыр Өзбекстандағы Халықаралық Орталық Азиялық зерттеулер институтымен ынтымақтастыққа қол қойдық. Сонымен қатар еліміздегі бірнеше ғылыми зерттеу институттарымен, баспалармен де дәл осындай келісімшартқа отырдық. Ең бастысы, KazNEB порталына мемлекеттің «Әлеуметтік маңызы бар әдебиеттерді басып шығару және тарату» деген кіші бағдарламасы бойынша және «Мәдени мұра» бағдарламасы бойынша шыққан барлық кітап енгізіліп отыр. Бұл – қазіргі кітапханалардың қағаз түріндегі ақпараттық қойма түрінен электронды ақпараттар орталығына айналып келе жатқандығының белгісі.
Кітапханамызда іске асырылып жатқан іс-шаралар мен түрлі жобалар жайлы әңгімені бір мақаланың көлеміне сыйдыру мүмкін емес. Мәселен, кітап оқуды кеңінен насихаттайтын «Kitap Time», балаларға арналған «Оқитын ұлт» жобасы, 2007 жылдан бері тұрақты түрде жүргізіліп келе жатқан «Бір ел – бір кітап» акциясының оқырмандар өміріне қосып келе жатқан үлесі зор. Әсіресе көктемде ғана ауыл кітапханаларына қолдау көрсету мақсатында жыл сайын өткізілетін «Eurasian Book Fair» Еуразия халықаралық кітап жәрмеңкесі үш күн бойы қала өмірін сән-салтанатқа бөледі. Қолы жетпей, таппай жүрген кітабымен қауышқан мың сан кітапсүйер қауым, жәрмеңке аясында жаңа кітаптарының тұсауын кесіп жатқан қажырлы, аға буын қаламгерлер, жас буын ақын-жазушылар бір-бірімен қауышып, байғазы сұрасып қарық болды. Сол жәрмеңке Абайдың «Қырдағы ел, ойдағы елмен араласып, Күлімдесіп, көрісіп, құшақтасып» деп келетін «Жазғытұры» өлеңінде сипатталатын көрікті көктем келбетін көз алдыңызға әкеледі.
Сонымен қатар Ұлттық академиялық кітапханада оншақты жыл бұрын құнды сирек басылымдарды жинау, сақтау және ғылыми өңдеу мақсатында құрылған қолжазбалар мен сирек кітаптар қоры жұмыс істейді. Бұл жерде араб әрпімен жазылған мыңға жуық көне кітаптар мен қолжазбалар бар. Көпшілігі зерттелмеген тың материалдар. Филологтер мен түркітанушылар, шығыстанушылар үшін аса құнды дүниелер. Осындай құнды кітаптардың қатарында Ахмет Байтұрсынұлының 1909 жылы жарық көрген «Қырық мысал» кітабы мен 1926 жылғы «Әліпбиі», ұлы Мұхтар Әуезовтің «Абай» романының 1942 және 1945 жылдары жарық көрген нұсқалары да бар. Сирек қор өткен жылы «1929-1940 жылдары жарық көрген латын қарпіндегі қазақ басылымдары» атты екі томдық кітаптар мен газет-журналдардың библиографиялық көрсеткішін құрастырып шығарды. Бұл үлкен ізденіс пен қажыр-қайратты қажет ететін еңбек. «Сирек кітаптар сөйлейді» айдары «Аnа tili», «Egemen Qazaqstan», «Aikyn» газеттеріне жиі шығып, оқырманды атқарылып жатқан шаралардың барлығынан хабардар етіп отыр.
Былтыр «Шетелдерден Қазақстанның тарихына қатысты ұлт мұрасын жинау» халықаралық жобасы жасалды. Жоба жұмысы аясында Б.Ельцин атындағы Санкт-Петербургтегі Президент кітапханасынан 200 құжат, Мәскеу қаласындағы Ресей мемлекеттік кітапханасынан 110 құжат, Татарстан электронды кітапханасынан 140, Түркия ұлттық кітапханасынан 190, Беларусь, Түрікменстан, Қырғызстан секілді тағы бірқатар елдің кітапханаларынан алынған Қазақстанның тарихы мен мәдениетіне қатысты сан мыңдаған құжаттың онлайн каталогін жасақтадық. Болашақта шетел мұрғаттарында сақталған бес мыңға жуық сирек құжаттың көшірмесін алу жоспарланып отыр. 2023 жыл жаман нәтиже берген жоқ. Ұлттық академиялық кітапхана басшылығы Ресейдегі Б.Ельцин атындағы Президент кітапханасымен ынтымақтастыққа қол қойып, е-көшірме алмасу жолымен 270 құжаттың көшірмесі KazNeb қорына келіп түсті. Сондай-ақ Түркиядағы «TURKTAV» түркі тарихы мен мәдениеті халықаралық қорынан 100 құжаттың е-көшірмесі алынды. Осы жылдың ақпан айында Қазақ ұлттық университетімен жасалған ынтымақтастық келісімшарты арқылы KazNeb порталына 800 жаңа кітаптың е-көшірмесі алынады деп жоспарланып отыр.
Кітапхана қорына былтырғы жартыжылдықта 8 987 жаңа кітап келіп түскен. Бір өкініштісі, сырттан кітап сатып алу, жаңа кітаптармен қорды толықтыруда қаражат мәселесі қолбайлау болып келе жатыр. Жоғарыда өткен жылы кітапханамызға 11 мың жаңа оқырман тіркелгенін айттық. Бұл көрсеткіш жылдан-жылға артуға тиіс. Қазір кітапхана қызметін пайдаланушылар саны көбейді. Біздің ендігі міндет осы қорды әлемдік стандартқа сай толықтырып, оқырманға барынша жағдай жасау.
Қорыта айтсақ, өткен ғасырдың ортасынан бастап әлем ғалымдары адам санасының функциясын атқаратын жасанды интеллект ойлап табуға барынша тырысып келді. Технологиялары ғарыштық жылдамдықпен қарыштап дамыған жаңа ғасыр адамның кітап оқуға деген құмарлығын шектеудің түрлі тәсілін ұсынып отыр. Қазір жасанды интеллект пен табиғи интеллект тайталасы басталды. Жасанды ителлектіге қызығушылардың, оны зертеушілердің саны күрт артып келеді. Кей салаларда оған кәдімгідей қажеттілік туындап отыр. Алайда әлі олар кітап жаза ала ма, жоқ па белгісіз. Сол себепті заманауи қандай озық техника болсын, мейлі ол жасанды интеллект болсын, басқа болсын – барлығы түптеп келгенде, кітапқа қызмет етуге тиіс.
Ғазиза НҰРҒАЛИЕВА,
Ұлттық академиялық кітапхананың директоры