Жаңаарқа ауданының орталығы Атасу кентіндегі С.Сейфуллин атындағы тарихи-өлкетану музейінің тарихы өткен ғасырдың 60-жылдарынан басталады. Еңбек және соғыс ардагері, тарих пәнінің мұғалімі, Жаңаарқа ауданының құрметті азаматы Далбай Ізтөлеуов осы іске мұрындық болып, қолына түскен құнды жәдігерлерді бір жерге жинастыра бастаған көрінеді. Бірақ жиырма жылдан аса уақыт музей мәртебесі беріле қоймапты. Тек 1984 жылы ресми түрде ашылып, сол жылы туғанына 90 жыл толуына байланысты музейге Сәкен Сейфуллиннің есімі беріліпті.
2004 жылы ауданның 75 жылдығы және С.Сейфуллиннің туғанына 110 жыл толуына байланысты өткізілген іс-шаралардың аясында музей жеке ғимаратқа көшірілген.
Қазір төрт залдан тұратын музейден елдің, жердің тарихына қатысты көптеген жәдігерді тамашалауға болады.
Солардың қатарында Сәкен Сейфуллиннің тұтынған заттарының орны ерекше.
Мысалы, ақын ұстаған аққұман мен 2 кесені музейге 1994 жылы Сәкеннің інісі Мәжиттің қызы Рымжан тапсырған көрінеді. Қытай фарфорынан шамамен ХІХ ғасырдың соңы ХХ ғасырдың басында жасалған бұл ыдыстарды ақынның жары Гүлбаһрам өзі қуғын -сүргінге тартылған уақытта қайнысы Мәжитке аманаттап тапсырған екен. Рымжан Мәжитқызы сол жолы Сәкен атасының қант ұсатқышын да музейге өткізіпті. «Шайы шүберектен тігілген, астары сұр түсті жібектен салынып, жағасы сырылып тігілген өзбек шапанын да музейге Рымжан сол сапарында тапсырып кетіпті. Бұл шапанды Сәкенге Өзбекстанға іссапармен барғанда ала тақиялы ағайындар иығына жапқан екен», дейді музейдің директоры Ерболат Шубаев.
Ал ақынның сабы тобылғыдан жасалып, терімен қапталған өрім қамшысы мен етік тігуге, жөндеуге арналған құралдарын 1994 жылы Тайтөлеу Асқартегі деген кісі тапсырыпты. Музей әр жыл сайын Сәкен Сейфуллиннің өмірі және шығармашылығына арналған көрмелер ұйымдастырып отырады. Ақынның туғанына 130 жыл толуына байланысты биыл С.Сейфуллиннің есіміне қатысты іс-шаралардың жылдағыдан көбірек бола түсетіні күмәнсіз.
Ұлытау облысы,
Жаңаарқа ауданы