Мемлекет басшысы әлемдегі күрделі жағдайды еске салды. Ырғалып-жырғалып жүретін кезең емес, ширақ қимылдап, шұғыл шешім қабылдап, нәтижеге жұмыс істейтін уақыт келгенін баса айтты.
«Бүгінде бүкіл әлем мемлекеттердің алдағы ұзақ жылға даму векторын айқындайтын өте күрделі тарихи кезеңді бастан өткеріп жатыр. Біз уақыт көшіне ілесуіміз керек – тез әрі батыл. Уақытты бос сөзбен өткізбей, нақты істерді қолға алып, саяси жауапкершілік танытуымыз керек», деді Президент.
Министрлер мен әкімдердің нақты нәтиже көрсету мерзімі де белгіленсе керек. Одан кейін ұйымдық қорытындылар және тиісті кадрлық шешімдер қабылдануы мүмкін. Тығыз және нақты мерзімдер – мемлекеттік аппаратты кәсібилендірудің алғашқы қадамы. «Елді мекендердегі тіршілікті қамтамасыз етудің барлық жүйесінің үздіксіз жұмысын қамтамасыз ету – Үкімет пен әкімдіктердің негізгі функцияларының бірі. Дегенмен, әр жылыту маусымы бір мәселенің бетін ашады», деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент мемлекеттік органдар саланы қазіргі жағдайға жеткізген жүйелі қателер мен олқылықтардан сабақ алмағанын да ашық сынға алды. «Он жылдан астам уақыт Екібастұз ГРЭС-1 энергия блогін қалпына келтіре алмадық. Екібастұз ГРЭС-2-де кеңейту және қайта құру жобасын уақтылы жүзеге асыруға қатысты мәселелер бар. Үкiметтiң басым мiндетi – биыл қызыл тәуекел аймағында орналасқан 19 жылу көзiн жаңғыртуды аяқтау. Сондай-ақ 700 мегаваттан астам қосымша генерацияны енгізуді қамтамасыз ету қажет. Енді кейінге қалдыруға болмайды», деп тапсырды Мемлекет басшысы.
Тұтастай алғанда, Президент елімізде электр, жылу және суды өндіру және тасымалдау бойынша қуат тапшылығы байқалып отырғанын мәлімдеді. Бұл – Балқаш ЖЭО құрылысын аяқтаудан бас тарту, табиғи монополиялар субъектілерінің жұмысында ашықтық, сондай-ақ тарифтерді жасанды түрде тежеу сияқты үлкенді-кішілі көптеген қате есептеудің салдары. Бізге бірнеше жүйелік элементті қамтитын саланы терең реформалау қажет.
Мемлекеттік қызметтердің тарифтеріне қатысты Қасым-Жомарт Тоқаев ресурстарды есепке алу және деректерді онлайн беру жүйесін енгізуді тапсырды. Оның айтуынша, тарифтердің көтерілуі тұтынушыларды мақсатты субсидиялаумен қатар жүруі керек. Бұл үдерісті барынша жеңілдету және автоматтандыру қажет. Үкімет елдің коммуналдық-энергетикалық инфрақұрылымын қалпына келтіру және дамыту шаралары кешенін әзірлеуге тиіс. Қалаларды абаттандыруға, олардың ластануымен күресуге әкімдер де белсене араласуы керек.
Бибігүл ЖЕКСЕНБАЙ,
Сенат депутаты