Кеше Мемлекет басшысы Үкіметтің кеңейтілген отырысында былтырғы жұмысты қорытындылап, алдағы кезеңде әлеуметтік-экономикалық салада атқарылуға тиіс басты міндеттерді белгілеп берді.
Ең алдымен, еліміздің сапалы экономикалық дамуын және азаматтардың нақты табысының өсуін қамтамасыз ету қажет. Президентіміз атап өткендей, ол үшін мемлекеттік аппараттың жұмысы нақты нәтижеге бағытталуға тиіс. Сондай-ақ экономикада мұқият зерделенген, батыл әрекет керек.
Осыған орай Үкіметке бюджет және салық саясатының тиімділігін барынша арттыру міндеті жүктеліп отыр. Мемлекет басшысы жаңа Салық кодексін әзірлеу барысында инвесторларға және кәсіпкерлерге қолайлы жағдай жасау мен бюджетке қажетті көлемде қаржы түсірудің арасында теңгерім болу керектігін атап өтті.
Сондай-ақ Президент тиімді даму үшін экономиканы кешенді түрде ырықтандырудың маңызы зор екенін айтты. Мемлекеттің экономикалық үдерістерге шамадан тыс араласуынан бас тарту қажет. Бақылаусыз монополияны, ресурстарды әділетсіз бөлуді, бәсекенің заңсыз тәсілдерін қолдануды да жою қажет.
Мемлекет басшысы агроөнеркәсіп кешенін дамыту және су ресурстарын үнемдеп пайдалану мәселесіне де баса мән берді. Алдағы уақытта ауыл шаруашылығын қаржыландыру дәйекті түрде артады. Жерді барынша тиімді пайдаланып, заманауи агротехнологияларды енгіземін деген шаруаларға мемлекет тарапынан жан-жақты қолдау көрсетіледі. Бұл ретте үш жыл ішінде агроөнеркәсіп саласындағы өңделген өнімнің үлесін 70 пайызға жеткізу басты міндет екенін атап өткен жөн.
Аграрлық сала үшін су аса маңызды ресурс екені белгілі. Еліміздің оңтүстік өңірлерінде су тапшылығы өте өзекті мәселе. Сондықтан су үнемдеу технологиясын енгізу және суды көп қажет ететін дақылдарды азайту бағытында жүйелі жұмыс жүргізу қажет. Бұл ретте шет мемлекеттердің озық тәжірибелерін зерделеп, елімізде суды үнемдеп пайдалану мәдениетін қалыптастыру жолында іргелі істерді қолға алу қажет екені айтылды.
Сонымен қатар Президент инфрақұрылымды дамыту саласында шұғыл шаралар қабылдау керектігіне назар аударды. Бұл бағытта Үкіметтің алдында, бірінші кезекте, бұған дейін басталған жылу орталықтарын жаңғырту жұмыстарын аяқтау және қосымша қуат көзімен қамтамасыз ету міндеті тұр.
Елімізде республикалық маңызы бар жолдарды жөндеу жұмыстарын аяқтау және теміржол саласындағы өзекті мәселелерді шешу де ерекше мәнге ие. Мұндай кешенді қадам Қазақстанды Еуразияның толыққанды көлік-логистикалық хабына айналдыруға мүмкіндік береді.
Қасым-Жомарт Тоқаев маңызды бағыттардың бірі саналатын әлеуметтік саланы реформалауға да айрықша тоқталды. Қазіргі таңда республикалық бюджеттің жартысына жуығы аталған салаға бөлініп жатыр. Сондықтан мемлекет қаражатын жұмсаудың тиімділігі ерекше бақылауда болуы керек. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінің жұмысын бақылау, халыққа көрсетілетін медициналық қызметтердің сапасын арттыру жөнінде де нақты тапсырмалар берілді.
Кеңейтілген отырыста Президент мемлекеттік сатып алу, мемлекет пен жекеменшік серіктестігі, құрылыс саласын реттеу жүйесін реформалауға арналған маңызды заңдар қабылдау керектігін де атап өтті. Сенат депутаттары бұл бағыттағы тиісті заң жобаларын пысықтауға және Қала құрылысы кодексін әзірлеуге белсенді қатысады.
Бұл істе Сенат Үкіметпен конструктивті өзара іс-қимылды әрі қарай жалғастырып, Президент жүктеген міндеттердің орындалуын заңнамалық тұрғыдан қамтамасыз ету үшін тиісті жұмысты сапалы әрі уақтылы атқаратын болады.
Мәулен ӘШІМБАЕВ,
Сенат төрағасы