• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Жәдігер 08 Ақпан, 2024

Ықыластың қобызы

175 рет
көрсетілді

Домбыра мен қобызсыз қазақтың күні болмаған. Бұл аспаптар елдің есін кіргізеді десе артық емес. Атам заманғыны ғана емес, алдағыны да байыптауға үндейді. Рухтандыру арқылы. Бұдан бес мың жыл бұрын тасқа қашалған таңбалардағы домбыра, қобызды айтпай-ақ қояйық, тіпті Қазақ хандығы заманындағы жырларды қозғамағанның өзінде Абай айтпай ма? «Қобыз бен домбыра алып топта сарнап...» деп. «Қобыздың шанағында есіл «Ерден» (Ғ.Жайлыбай) болып өрби береді. Өлген баласын аза тұтып басын көтермей жатып алған сол Сандыбайдың Ерденін күй тәңірі Ықылас қобызымен барып жұбатқанда бір-ақ тұрғаны туралы дерек жетерлік ел аузында. Әдебиетке де аз енбеген бұл туралы.

Бүгінде Жамбыл облыстық мұра­жайын­да, қасиетті Тараз то­пы­­ра­­ғын­да атақты Ықылас Дү­кен­ұлы­­ның қобызы тұр. Қор­­қыт­тан көшкен көне сарын­ды бойынан өткізіп, иініне дәуір­лер­ді артқан осы қасиетті аспап­тың бүгінге жетуі, негізі ғаламат деу­ге әбден тұрады. Оның үстіне даңқ­ты Ықы­лас ұстаған болса, нағыз күй­сіңді, киесіңді, қасиетсіңді, аса қас­терлі дүние. Жүз елу жыл­ға жуық уақыт сақталып келген қо­быз­дың бұл за­манға қалай жет­кенін естігенде қай­ран қалған аз. Кеудеде жан болса тебіреніп кете­сіз. Ықыластың қобы­зына ықы­­­лас жоқ екен-ау, әйт­песе ға­сыр­­­дан астам жасаған көне мұ­ра­ны мен деген қобызшыға ұста­тып сөйлетер ме еді деген ойға қаласыз.

Ықыластың қобыз шалғанын көрген адам жоқ шығар. Көрген­дерден естігендер де қалма­ған шығар, сірә. Ал күйін тыңдап мейірі қанғандардың айтуынан қалған естеліктердің біршама­сын әдебиеттен оқыдық. Сәкен Сей­фуллин, Тәкен Әлімқұлов, Ілия Жақанов шығармалары­нан. Ал­ғашқылардың бірі болып, әлде тұңғыш қалам тартқан Сәкен Сей­фуллин «Тар жол, тайғақ ке­шуінде» Ықаңның алдын көрген Ашай батырдың әңгімесіне арнайы тоқталады: «...Бала күнім еді. Төрт-бес кісі Сәтбайдың қасына еріп, Ықыластың ауылына кел­дік. Ауылы Шудың бір аралында, қалың, биік дүлей қамыстың арасында отыр екен. Қалың қамыстан ауылы көрінбейді. Ықыластың үйі үлкен қоңыр үй екен. Үйге түс­тік. Ықылас өзі қапсағай, ұзынша бойлы, қараторы, қыр мұрынды, шұңғыл қара көзді, орта ұзынша қара сақалды, сіңір денелі ашаң кісі екен. Сәтбай қол ұстасып амандасты, біз де Ықаңның қо­лын ұстадық. Біздің кісілер төрге шығып отырды. Мен атқосшы баламын, бәрінен төмен отырдым.

Сәтбай Ықыласпен амандық сұрасып, елдің жай-жапсарын сөй­лесіп отыр. Менің қобызға құмар кезім, есіл-дертім – Ықылас­тың қобызы. Көзімді Ықыластан алмай қарап отырмын. Оның қия­паты, түрі маған өзге жұрттан өз­ге­­леу көрінеді... Өзі күлмейтін адам сияқты. Беті тіпті ашаң, жақ сүйек­терінің, маңдай сүйектерінің қыр­­лары білініп тұрады. Қолының сау­сақ­тары ұзын, тарамыс-сіңірлі екен. Денесі де тарамыс, қапсағай, ұзын­ша екен. Біз бар, ауыл кісілері бар, үйге бірсыпыра жұрт жиылып отырды.

Жайласып отырғаннан кейін Сәтбай Ықаңның қобызын сағын­ғанын айтты. Ықыластың бір ай бұрын бір жақсы баласы қайтыс болған екен. Баласы өлгелі қолына қобыз алмапты. Ықылас:

– Бала өлгелі қолыма қобыз ұстаған жоқ едім, алып бер­ші қо­бызды, мына Сәтбай «сағын­дым» деді ғой! – деді.

Ықаңның қобызын алып берді. Мен екі көзімді алмай, телміріп қарап отырмын... Ықылас қобызын алып, қылын жөндеп, шайырлап алып, ақырын ырғап сыза бастады. Ықаңның ұзын саусақтары­ның ұшынан ыңыранған мұңлы күй сарнай бастады. Қобыздың ыңыранған үнімен бірге менің жүрегім лүпілдей бастады... Ықаң­ның қобызының күйі әуелі ақы­рын ырғалып, сызылып отырып, бірте-бірте күңіреніп кеп, зарлай жөнелді. Еңіреген, күңіренген күй көктен құйылып отырған сияқ­ты болды. Менің жүрегім лү­пілдеп, бүкіл жұлыным шымырлап кетті. Үйде отырған жұрттың бәрі де қатып қалды. Күй еңіреп, сұңқылдап жылаған сияқты болып зарлады. Еңіреп төгілген, еңіреп сызылған күймен бірге адамның жүрегі, жүрек-бауыры елжіреп қозғалған сияқты болды. Мен төмен қарап қатып қалған екем. Әлден уақытта есімді жиып алып, көзімнің астымен ақырын қарасам, қобыздың құлағы Ықыластың сүйекті шықшытына қатты жабысып қалған екен. Ықыластың екі қолы қобызды есіп, еңіретіп отыр екен де, еңіреген қобыз күйі­мен бірге өзінің шұңғыл көзінен жас тарамданып ағып, сақалына тамшылап отыр екен. Менің де жүрегім елжіреп кетті. Сәтбайға қарасам, о да төмен қарап жылап отыр. Ақырын, жағалай өзге жұртқа қарасам, үйде отырған жұрт­тың бәрі де ақырын жылап отыр, мен қозғала алмадым. Біраздан соң Ықылас өксітіп кеп қобызын тоқтатты... Бірсыпыраға дейін жұрт есін жия алмай отырды... деді Ашай».

Сәкен замандасы Ашайдан естігенін осылай жазады да, өзі де әсірелеп сөйлейді. Бұл жерде біз Сәкен арқылы қазақ сөз қолданысынан түсіп, бәлкім ұмы­тылып қалған «қобыз сызу» тір­кесін қаперлемекпіз:

«Ықыластың қобыз сызғанын көрмеген, Ықыластың еңіреген күйін өз сызғанынан естімеген мен де Ашайдың айтуының өзінен өте қатты әсерленіп тыңдап отырдым. Менің көз алдыма Шу бойындағы, қалың дүлей қамыс ішіндегі төрт-бес үйлі ауылда қобызын сызып, еңіретіп, көзінен жасын тарам-тарам қылып, парлатып ағызып отырған Ықыластың суреті келді...

Осындай бір түн. Бетпақтың, Шудың түні. Қанаушылар билеген – патша заманы...

Үй айнала қалың, биік дүлей қамыстар. Ызыңдап ескен қоңыр жел. Биік дүлей қамыс қоңыр жел­мен бірге теңселіп сарнап шу­лай­ды. Сылдырап, сыбырлап, сың­сып, сызғырып шулайды дү­лей қамыс. Тыста, қара түнде шу­ла­ған қамыстың үнімен бірге Ықы­­лас­тың қобызы да сарнап еңі­реп жылайды. Түнгі қамыстың шуы­­на, түнгі қобыздың зарына қо­сылып Ықылас та еңірейді. Көзінен аққан жас тарам-тарам болып, сақалына тамшылап ағады. Қанды патшаның қанаушыл зама­ны қара пәлелі, қара түн сияқ­ты. Қанаушылар билеген заман­дағы терең сырлы күйші еңіре­ме­генде қайтеді?

Көпке дейін Ықыластың суреті менің көз алдымнан кетпеді» депті С.Сейфуллин.

Әрине, мұншама үзіндіні кел­тірудегі себеп – Жамбыл облыс­тық музейіндегі Ықыластың қобызы нақ осы жолы тартқан аспабы дегендік емес. Осыншама құдіретті қол сарнатқан дүние еке­нін таныта түспек ой ғана. Оның үстіне қазақ даласында қобызшы, күйші-композитор көп болса да, көбінің есімі тарихта қала бер­мегені белгілі. Қобыз дегенде Қор­қыттан соң алғаш еске түсетіні осы Ықылас бабамыз. Арнайы тоқ­талатынымыз сондықтан.

Музейдегі Ықаңның қобызы хақында алғаш жазушылардың бірі академик Әлкей Марғұлан болса керек. Ол кісі қобызшының кенже баласы Ақынбайдың үйі­не түскенін, оның жұбайы Рәзия атасының қобызын сақтап отыр­ғанын жазады. «1946 жылы Көктас өзені бойында отырған Тасты сов­хозында болғанымда, кенеттен Ықыластың үйіне кездестім. Үй иесі – Ықыластың келіні, кіші­пейіл қартаң әйел екен. Үйдің жо­ғарғы уығында Ықыластың қобызы ілулі тұрды. Әйел оны ешкімге ұстатпайды. Біз Алматыға апарып халыққа таныс етейік дегенде көнбеді» («Жұлдыз» журналы, 1983, 3-саны).

Кейіннен барып мұражайға өткен қобыздың бүгінге жетуі аңызға бергісіз, адам сенгісіз әңгіме. 1932 жылы ұлт басына төн­ген ұлы нәубеттің бір шеті осы жерден сыз береді. Бұл тура­лы азалы әңгімеге «Қобыз атасы Ықылас» жинағында Ілия Жақанов кеңінен тоқталады. Ықаң­­ның атасы Алтынбек, әкесі Дүкен де қобызшы болғанын айта келе автор: «Ықылас әулетінің қо­быз­шылық рухы Ақынбайға кеп қонып, сонымен тоқтады. Ақынбайдың қобыздың құлақ күйін келтіруін әйгілі қобызшы Дәулет Мықтыбаев ештеңеге тең­гермейтін. Бірақ Ақынбай аңшы, саятшы, балуан, ұста болып қобызға көп үйірілмеген» дейді. Демек, әкесі Ықылас­тан Ақынбайға, одан Дәулет Мық­тыбаевқа тегін жалғасып тұр­ған жоқ. Ал Ақын­байдың жары, Ықаңның көзін көрген келіні Рәзия апай бертінге дейін өмір сүрген. Атасының қо­бызын бүгінге жеткізгені өз алдына, көптеген естелікті жал­ғаған осы күнге. «Мен келін болып түскенде атам жетпіс жаста екен. Атам мүлде қарапайым болатын. Астамшылық, біреуді менсінбеу әсте қаперіне кірмейтін. Бала келсін, үлкен келсін, ешкімді талғамай, «менің қобызыма келіп отыр ғой» деп сан алуан күй тартып беретін. Ондай шақта өзі де бір жасап қалатын» депті бір әңгімесінде Рәзия апа. Күйші 1916 жылы Дулат деген немересінің есімін қойған соң барып сексен жастан асып дүние салғанын айтқан кейуана.

1932 жылы аштықта жан сақтау үшін Арқадан Оңтүстікке қарай шұбырған қаралы көш тарихтан белгілі. Көбі Бетпақ даласында жолда қырылып қалған. Сол шұбырған көштің арасында Ақынбайдың отбасы бар, Рәзияның қолында бесіктегі Қалиман деген нәрестесі және атасы Ықыластың қобызы. Шуға жете бере әбден қажыған ананың титығы құрығанда, баланы емізіп, бесікке бөлеп қайта ілбиді. Сөйтіп, баласын қалдырып, қобызды алып кетеді. Ақынбай екеуі бұлаққа жетіп бір әлденген соң балаға айналып соғатын болады. Қайырылып келсе бесік тұр, бала жоқ көрінеді. Сондағы қобыз бен баланың қайсысын таңдау тұрғысында ойланғанда Рәзия шешей: «Байқаймын, атамның қобызын тастағанша өлгеніміз артық. Ендігі ауырсынғанымыз не, бесік. «Құдай сақтар, бесік тұра тұрсын, қайтып келіп аламыз» дедім. Ақынбай көнбеді. Бі­рақ мен болмадым. Бесікті қалдыр­дық. Шамалы жүріп бұлақ басы­на келдік. Бұл Ақынбайдың аң аула­ғанда тоқтайтын бұлағы екен. Су іштік. Сәл диландық. Көп ке­­шік­­­пей бесіктегі баламызға қайт­­­­тық. Келсек, бесік тұр, бала жоқ...», дейді. Қаншама ғасырлық му­зы­­­ка­ларды толғаған қасиетті қара қобыз осыншама қайғы мен қасі­ретті артқа тастап, жолында ің­гәләған сәби құрбан болып бүгін­ге жеткенін ұғынарға керек. Ықы­ластың өзі бала кезінде түсінде көген алмай, қобыз ұстап қалған екен. Бертін келе көзін көр­ген келінінің өзі баласын тас­тап, қо­бы­зын арқалап кеткені тегін емес.

Мұражайда тұрған осы қобызға көз тоқтатып қараса, шанағын қаптаған көнінің шеті қиқалап кесілгені байқалады. Атасының аманатына адалдық танытып, өмір бойы күзетіп өткен Рәзия апа ол туралы: «Ауылда сандалып жүретін бір молдасымақ мен үйде жоқта балаларды алдап, тәбәрік алам деп шанағының бір шетін кесіп алыпты. Содан кейін бөтен адамды қобызға жолатпайтын болдым», депті.

Біз енді тап басып айта алма­сақ та, жазушы Тәкен Әлімқұлов «Қаралы қобыз» әңгімесінде Ықы­ласқа атақты туындысы «Ер­ден» күйін тарттырған қобыз осы қобыз деген сыңайды емеурін етеді. Сәкен жазып қалдырған Ашай әңгімесін, Рәзия әженің естеліктерін байытатын бірден-бір шығарма ұлы күйшінің шы­ғар­машылық тұлғасын елестетеді. Жазушы соңында мынадай түйін жасайды: «Ықылас күйші әкесі Дүкеннің көзін көрген қара қо­быздың күндердің күнінде артында қалатынын білді. Бірақ күн­дердің күнінде сол қобыздың көнегінен титімдей таспа тіліп алуға құмартушылардың көп болатынын білген жоқ. Қара қобыз үкісі желбіреп, теңгесі саудырлап, немереден шөбереге, шөбереден шөпшекке, ұрпақтан-ұрпаққа ауы­са­тынын ойлаған жоқ».

Тәкеннің бұл жазғаны – баласы өліп, қайғысын көтере алмай жатып қалған Ерден Санды­байұлының басын күймен көтеріп, қайғысын қобызбен жуған Ықылас еді. Осымен сөз де тәмам.