Елордалық зерттеушілер Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Egemen Qazaqstan» газетіндегі сұхбатын талқылауға арналған дөңгелек үстел өткізді. «Жалпыазаматтық бірегейліктің факторлары мен компоненттері» тақырыбындағы жиынды ұйымдастыруға Мәдениет және ақпарат министрлігіне қарасты Қолданбалы этносаяси зерттеулер институты ұйытқы болды.
Іс-шараға «Қазақстандық қоғамдық даму институты» КЕАҚ Басқарма төрағасы Нұрбек Матжани, «Жастар» ҒЗО директоры Айсұлу Ерниязова, «Қоғамдық келісім» КММ директоры Элина Масагутова, Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институты директорының орынбасары Алуа Жолдыбалина, Қолданбалы этносаяси зерттеулер институтының директоры Талғат Қалиев, ҚЭЗИ Этносаралық ахуал мониторингі орталығының директоры Гүлдана Оқасова, ҚХА Ғылыми-сарапшылық кеңесі мүшелері, сондай-ақ сараптамалық қоғамдастықтың басқа да өкілдері қатысты.
– Ұлттық бірегейлік – өте маңызды мәселе. Кей кездері оның маңыздылығын сезбей жатамыз. Алайда ол – күнделікті қоғамдағы бейбітшілікті, тұрақтылықты қамтамасыз ететін негізгі фактор. Ол ұлттық, діни, кәсібилік тұрғыдан болмасын. Бұл туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев та халыққа Жолдауларында, сөйлеген сөздерінде, сұхбаттарында бірнеше рет айтты. Біз көп жағдайда салт-дәстүрлерімізді сақтау, мерекелерді тойлау, ұлттық мәдениет секілді мәселелердің шағын талқылауларда ғана қозғалатынын аңғармаймыз. Ұлттық бірегейлікпен қатар азаматтық бірегейліктің де өзектілігі тіпті әр минут сайын көрінеді. Біз Қазақстан заңдарымен өмір сүреміз. Тауарлар мен қызметтер үшін ұлттық валютамен есеп айырысамыз, жеке басын куәландыратын құжаттармен өзімізді сәйкестендіреміз. Осылайша, жалпыазаматтық бірегейлік біздің күнделікті өмірімізді анықтайды. Жалпы, азаматтық бірегейлік өмірімізді анықтайды. Осы бағыттағы диалог біздің құндылық шкаласын қалыптастыруға өз үлесін қосады, – дейді Талғат Қалиев.
Басқосуда Гүлдана Оқасова азаматтық бірегейлік мәселелері бойынша бірнеше жыл бойы жүргізілген зерттеулер нәтижесімен бөлісті. Оның сөзінше, әртүрлі этникалық топтың, аймақтың, діни конфессиялардың өкілдері үшін азаматтық бірегейлік өмірінің маңызды құрамдас бөлігі әрі отандастарымызды біріктіруші бастама. Осы орайда жастарға да арнайы талдау жасалған.
– Зерттеу нәтижелері көрсеткендей, жастарымыздың көбі қоғамдық-саяси өмірге қатыса бастаған. Осылайша, азаматтық белсенділіктің артқанын байқап отырмыз. Егер 2023 жылы жастардың 25,4%-дан астамы қоғамдық ұйымдарға қатысу тәжірибесіне ие болса, бір жыл бұрын, 2022 жылы бұл көрсеткіш небәрі 14,9% болды. Сонымен қатар жастардың еріктілікке деген қызығушылығы артып келеді. 2022 жылы жастардың тек 3,9%-ы еріктілікпен айналысқан, ал 2023 жылы бұл 15,2%-ды көрсетті. Байқағанымыз, шетелдік контент жастардың дүниетанымына қатты әсер етеді. Фильмдерді, телехикаяларды көру мәдениетті қалыптастырудың кең таралған түрі ретінде есептелінеді. «Netfliх» шығарған киноөнімдерді жастардың 37,8%-ы, ал Қазақстанда өндірілгендерді тек 12,3%-ы көреді. Жастардың 16,8%-ы ғана театрлар мен мұражайларға үнемі барады. Басым көпшілігі, яғни 74,3%-ы әлеуметтік желілерді парақтағанды құп көреді. Алайда олардың төрттен бір бөлігі өз қалауын жаман әдет ретінде қабылдайды, – дейді Айсұлу Ерниязова.
Жиын соңында спикерлер азаматтардың әлеуметтік-саяси үдерістерге қатысу дәрежесін арттыру негізінде және қоғамдық бастамаларды кешенді қолдауда ғылыми-тәжірибелік тәсілдің қажеттілігін айтып, аталған жұмыста ғылыми-сараптамалық қоғамдастық пен мемлекеттік органдардың тиімді өзара іс-қимылының маңыздылығын еске салды.