Мемлекет басшысы бас басылымдағы сұхбатында тұрғын үйлерді жылумен қамту мәселесіне мән беріп, тозығы жеткен орталықтардың жайына назар аударды. Расында, елімізде отын қоры жеткілікті болғанымен, қыс мезгілінде үйлерді жылыту мәселесі желілердегі апаттар салдарынан қиындап кететіні – үйреншікті жағдай. Жылыту маусымына дайындық ерте басталса да, үдесінен шыға алмайтын осы жүйедегі негізгі мәселе неде?
Мәселенің мәнісіне үңілгенде, 50–60 жыл бұрын қолданысқа берілген, бүгінде тозығы жеткен желілерді ауыстыруға бюджеттен жеткілікті қаражат бөлінбей, мемлекеттік деңгейде қадағалану қолға алынбай тұрғанға ұқсайды. Былтыр «Электр энергетикасы туралы» заң жылу энергетикасы саласын толық көлемде реттей алмайтындықтан, «Жылу энергетикасы туралы» заң жобасы тұжырымдалды.
Осы ретте «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының басқарушы директоры, елімізге еңбек сіңірген энергетик Жақып Хайрушев: «Қыс ортасында көптеген өңірде жылуды өшіру немесе жылыту маусымына дайындықтың кешеуілдеуі сияқты мәселелер кездесіп отыратыны шындық. Оған көбіне қатты аяз бен жылу желілерінің тозуына байланысты құбырлардың істен шығуы себеп болып жатады. Биылғы жылыту маусымында, әсіресе, Ақтау, Степногор, Кентау, Қостанай, Жезқазған секілді қалалар көп зардап шекті. Жылу желілерінің әбден тозуы, оларды пайдалану мерзімдері мен шарттарының бұзылуы кейде төтенше жағдайларға алып келеді», дейді.
Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»
Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің деректеріне қарағанда, жылу желілерінің 50%-дан астамы тозған, ал нормативтік пайдалану мерзімі әлдеқашан асып кеткен. Бұлардың 7 550 шақырымын дереу ауыстыру қажет болса, оның 14 мың шақырымын, яғни 54%-ын жылу желілері құрайды. Инфрақұрылымның тозуы салдарынан апаттардың 80%-ы жылу желілерінде орын алып отыр.
Аталған саладағы апаттардың жиілеп кетуі әкімдіктердің жылыту маусымындағы дайындық жұмыстарына формалды көзқарасының салдары деуге болады. Екібастұз, Рудный, Риддердегі тұтас бір қаланың жылусыз қалуы – осыған дәлел. Тіпті ірі қалаларда жылу энергиясының жетіспеушілігінен жылу берудің орташа температурасы төмендеген. Мұндағы бар мәселе, жабдықтың тозуынан көптеген басқа инфрақұрылымдық шығынға әкелгені бар. Жақып Ғалиұлының айтуынша, еліміздегі бұл саланың басты мәселесі – жылумен жабдықтау жүйелерінің жылыту маусымына дайындық дәрежесін бағалайтын жылумен жабдықтау нобайының жоқтығы. Бірыңғай жауапкершілік орталығын құру осы саладағы дайындық есебінің елдің энергетикалық балансына және энергетика саласындағы басқа да нормативтік құжаттарға сәйкестігін талдауға мүмкіндік берер еді. Бүгінде жылу желілерін жаңғыртуды қаржыландыруда жергілікті бюджеттің мүмкіндіктері аз екені түсінікті. Жылумен жабдықтау секторында инвестиция тапшылығы да – бұрыннан келе жатқан мәселе.
«Тарифтерді инвестицияға айырбастау» бағдарламасына сәйкес инвестицияларды тарту және желілердің тозуын төмендету 2029 жылға дейін жылумен жабдықтау секторына 900 млрд теңге инвестиция құю жоспарланған. Бұл 2 300 шақырым желіні жөндеуге және тозу пайызын 40%-ға дейін төмендетуге мүмкіндік береді. Бірақ қолданыстағы тариф шеңберінде республикалық және одан да көп өңірлік бюджеттерде қаражат табу екіталай. Сондықтан сыртқы инвестициялар керек. Бұл үшін әлі де Мәжілістің қарауында тұрған инвестицияларды қайтару тетігін заңнамалық тұрғыдан бекітуге тиіс. Мемлекеттік-жекешелік әріптестік тетіктерін, мемлекеттік қаржы институттарының қаражатын жеңілдікті пайызбен іске қосуға тырысу қажет.
«Тарифтерді инвестицияға айырбастау» бағдарламасын табысты іске асыру үшін барлық мүдделі тараптың, соның ішінде энергия тұтынушылардың мүдделерін ескеретін теңдестірілген тәсіл керек-ақ. Тарифтерді анықтау үдерісінде ашықтық пен инвестициялардың пайдаланылуына бақылау жүргізіп отыру, қаражаттың мақсатсыз қолдануға жол берілмеуі аталған бағдарламаға деген сенімді нығайтады. Мәселен, өткен жылы осы бағдарлама аясында 300 млрд теңге қосымша инвестициялар тарту жоспарланған.
«Бұған қоса желілерді тарту және пайдалану үшін біз бұрынғы құрылыс нормалары мен ережесін қайта қарауымыз керек. Мұнда тәуліктік температураның шекті, күндер мен айлардағы орташа тәртібі көрсетілген. Соған сай желілерді құрып, біздің аязға төтеп беретін материалдарды жобаға енгізу керек. Бұл жылда қайталанатын мәселе екені рас. Негізгі жылу желілерінің тозуымен қатар ЖЭС басшылары жауапкершіліктерінің төмендігін де көрсету керек. Мемлекет былтырғы көктемнен бастап жылумен жабдықтау саласында тәртіп орната бастады. ЖЭО аудиттері жүргізілді, тарифтер мен жылу желілерінің жай-күйі талданды, бірақ мұнымен тоқтап қалуға болмайды. Тұтынушыларды жылумен жабдықтау сенімділігінің нақты өлшемдерін белгілеу, жылу желілері ұйымдары үшін де, жылу энергиясын тұтынушылар үшін де жылыту маусымына дайын болу міндеттерін белгілеу керек. ТЖ қызметтерінің жылу желілері мен басқа да жылумен жабдықтау нысандарындағы штаттан тыс жағдайларды жоюға дайындығын жаттықтыру қажет. Осыған байланысты биыл Үкімет жоспардан тыс тексерулер жүргізуге энергетикалық қадағалау қызметін заңнамалық тұрғыдан күшейтуді қолға алып отыр», дейді Ж.Хайрушев.
Мемлекет энергиямен қамтамасыз ету жүйелерінің қызметіне қауіп төндіретін жағдайға жеткізетін болса немесе оларды тиісінше қалыпты деңгейде ұстамаған жағдайда энергия нысандарын жекеменшік құқығынан алып қоюды заңнамалық тұрғыдан қарастырып жатыр. Тағы да Үкімет, әкімдіктер мен меншік иелері басым тәртіппен энергетикалық инфрақұрылымды жөндеу мен реконструкциялаудың тиісті жобаларын қаржыландыруды қамтамасыз етеді.
Бүгінде шамамен 77% тозығы жеткен 2 мың шақырымдай жылу желілері – жекеменшік құқығында. Осы желілердің жай-күйін, міндетті жөндеу жұмыстарын бақылауды күшейту қажеттілігі Үкіметте айтылып жатыр. Мұндағы энергия тасымалдау нысандары иелерінің жауапкершілігін арттырып, қызмет көрсету туралы шарттарда қарастыру керектігі қолға алынған.
«Электр энергетикасы туралы» заңның нормаларында жылу стансалары мен қазандықтардың жабдықтарын пайдалану, жылумен жабдықтау нысандары мен жылу желілерін жобалау және пайдалану кезіндегі қауіпсіздікке қойылатын талаптар жеткіліксіз деңгейде көзделген. Сондай-ақ жылу стансалары мен қазандықтарды жылыту кезеңіне дайындау кезіндегі қауіпсіздікті қамтамасыз ету тәртібі, жылу энергетикасы саласына қатысушылардың міндеттері толық айқындалмаған.
Сондықтан жылу және электр энергетикасы салаларының аражігін нақты ажырату қажеттігі туындаған еді. Аталған заң қабылданған жағдайда жылу желілерін күтіп ұстауға және жылыту маусымына дайындыққа жаңа талаптар қойылады. Бұл өзгерістердің мақсаты – апаттардың алдын алу және елді мекендерді жылумен жабдықтау қауіпсіздігін қамтамасыз ету.
«Министрлік аймақтардағы жылумен жабдықтау нобайын бекітіп, сенімділік критерийлері мен жүйелердің мазмұнына қойылатын талаптарды белгілеуі керек. Жергілікті өзін-өзі басқару органдары жылумен жабдықтау, жылу желісі және тұрғын үй-коммуналдық ұйымдардың қыс мезгіліне дайындығын тексеріп, бағалауы шарт. Ал өткізілген дайындықты бағалауды мемлекеттік энергетикалық қадағалау инспекторлары жүзеге асыруға тиіс. Кемшіліктер анықталған жағдайда орындаушы әкімшілік жауапқа тартылуы керек. Сондай-ақ әкімдіктер ТЖ органдарымен бірлесіп, апатты жағдайларды жою жөніндегі іс-қимыл жоспарын әзірлеуге және әрбір жылыту маусымы алдында жылумен жабдықтау нобайын өзектендіруге тиіс», дейді сарапшы.
Бұл өзгерістер қазандықтардың, ЖЭО мен инженерлік желілердің сенімді жұмысын қамтамасыз етіп, елді мекендерді жылумен жабдықтаудың сапасы мен қауіпсіздігін арттырады.