Мемлекет басшысының төрағалығымен өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында жаңадан құрылған Үкіметке негізгі 10 мәселені жүзеге асыруға байланысты тапсырма берілді. Оның басым бөлігі тікелей еліміздің экономикасын дамытуға бағытталған.
Айта кетсек, салық және бюджет саласын реформалау, инвестицияға қолайлы жағдай жасау, экономиканы кешенді түрде ырықтандыру, өндірісті және агроөнеркәсіп кешенін дамыту, коммуналдық-энергетика, көлік-логистика, мемлекеттік сатып алу, құрылыс, экономиканы цифрландыру және жасанды интеллект технологиясын кеңінен пайдалану. Көтерілген мәселелерді шешу үшін Экономиканы ырықтандыру туралы Жарлық дайындауды, Ұлттық инфрақұрылым құжатын қайта қарауды, Қала құрылысы туралы кодекс жобасын жетілдіру, Салық кодексін әзірлеу сияқты және тағы басқа да көптеген тапсырма айтылып, нақты жолдары, бағыт-бағдары көрсетілді. Қойылған міндеттерді орындау үшін Үкіметке де, әкімдіктерге де тиісті құзыреттер берілген.
Президент ендігі кезекте бюрократияны тоқтатып, жұмыс істеу тәсілін түбегейлі өзгертіп, жүйелі ұстаным мен жедел шешімдер қабылдау керектігін атап өтті. Экономикамызды әртараптандырып, отандық кәсіпкерлерімізге және инвесторларға жағдай жасап, бірлесіп, тығыз байланыста жұмыс істеу қажет. Сонда ғана ел экономикасы дамып, көтерілген мәселелер өз шешімін табатынына сенімдімін.
Амангелді ТОЛАМИСОВ,
Сенат депутаты