Афоризм – шағын философиялық ой, тәжірибелік түйін, логикалық қисын. Афоризмнің басты шарттары – өмірлік құбылыстарға және адам мінездеріне деген көзқарастағы анықтық, ойды жеткізудегі дәлдік пен қысқалық. Афоризм – ой тамызығы. «Афоризмдер» айдарында бүгін Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатов ойларын ұсындық.
(XX-XXI ғғ.)
Ахмет Байтұрсынұлы
1) Жер мәселесі – қазақтың тірі я өлі болуының мәселесі.
2) Адамға ең қымбат нәрсе – жұрт қамы, жұрт ісі.
3) Ақын сөзіне жұрт рухының сәулесі түспей тұрмайды.
4) Сөздің ең ұлысы – тарих!
5) Елде жоқ рух ақын сөзіне қайдан келсін?!
6) Жерді жалдаудан тартынбағандар, сатудан да тартынбайды.
7) Қазақ – жоқшы, жоғын іздеген қуғыншы!
8) Ұлт жұмысы – үлкен жұмыс: үлкен жұмысқа көп жұмыскер керек.
9) Неше түрлі ғылым, өнер – бәрі де тіршіліктің ауырлығын азайту үшін, рақатын молайту үшін шығарған нәрселер.
10) Халықтың ісі – бұрап қалса басқа жөнге келетін машинаның тетігі емес.
11) Жұртқа керегін білетіндер көп, істейтіндер аз.
12) Жұрт жұмысы құмырсқаның илеуіндегі жұмысқа ұқсайды: құмырсқаша жабыла тыңбай істесе өнеді.
13) Көсемдер көбейсе, ерушілер де көбейер еді.
14) Алашқа аты шыққан адамдар! Көсемдіктеріңді адаспай түзу істеңдер! Сендер адассаңдар, арттарыңнан алаш адасады: арттарына ергендердің обал-сауабына сіздер қаласыздар.
15) Біздің заманымыз – өткен заманның баласы, келер заманның атасы!
Міржақып Дулатов
1) Зиялы қауым халықтың қамын ойлауға міндетті.
2) Надандық – қараңғы түн.
3) Ақиқат жеңер жалғанды.
4) Күніңде қызғылықты қимылдап қал,
Тіл мен жақ, байланарсың бір күн әлі-ақ.
5) Пайдасыз мылжың сөзді әркім айтар.
6) Қан түссе аяғыңа, озар мәстек.
7) Халық тағдыры – карта ойыны емес.
8) Сот түзелмей, халық түзелмейді.
9) Заң әдет-ғұрыпқа қайшы келсе, үлкен аяққа тар етік кигенмен бірдей.
10) Әр заманға – бір зауал.
(Ербол Шаймерденұлы құрастырған «Қазақ афоризмдері» кітабынан іріктеліп алынды)