Өткен аптада Арқада соққан ақтүтек боран біршама елдің есін шығарды. Әйтеуір, құтқарушылар мен полиция қызметкерлерінің жедел қызметі арқасында жолда қалғандар мен адасып табылғандар дін аман.
7 ақпан күні Ақтоғай ауданы орталығынан шалғай жатқан Айыртас ауылында күндізгі сағат екі шамасында әйел баласымен боран кезінде үйден шығып, одан қайтып оралмаған.
Дәп осы күннің түнінде туыстарынан жоғалғаны туралы хабар алғаннан кейін бірақ жергілікті құтқарушылар қызметіне кіріскен. Боранды түні адам іздеу былай тұрсын, аяқ алып жүрудің өзі мүмкін емес шаруа. Бірақ ақтоғайлық құтқарушылар ауыл жұртымен бірге алаңдап, аман-есен табуды мақсат тұтады.
Міне, сөйтіп 1993 жылғы әйел мен 2017 жылғы жас баланы таңғы 08.50-де бір-ақ табады. Айыртас ауылының батыс бөлігіне қарай 6 шақырым жерден табылып, бірден аудандық орталық ауруханаға жеткізіледі. Қазір жағдайлары қалыпты, қажетті дәрі-дәрмек беріліп, ем-дом жасалды.
Өз кезегінде, туыстары, ауыл жұрты құтқарушылардың түні бойғы тынымсыз еңбегіне айрықша алғыс айтты.
Міне, елдің осындай шынпейіл тілегін алу – мінсіз қызметтің нақ өзі.
Мұнымен қоса, Бұқар жырау ауданында бірнеше көлік қар құрсауында қалып қойды. Төтенше жағдайлар қызметі көліктерін сүйреп шығарып беріп, полиция қызметкерлері жол бастап, діттеген жерлеріне аман жеткізді.
Осындай жағдай Қарағанды – Теміртау тасжолында да жиі болады.
Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері сол жолда қалып қойған №107 маршруттық автобустың 30 жолаушысын қалаға жеткізді.
Осы ретте, полицейлердің де жолаушылар амандығы деп шапқылаумен болғанын атап өтуіміз қажет-ті. Қызметтік көліктерімен қарға батып қалған бірнеше техниканы сүйреп шығарды. Бір-біріне жаны ашыған жолаушылар да көмек қолын созып жатты. Осындай қиын-қыстау кезеңде ештеңеден қаймықпай елдігімізді көрсеттік, ерлігімізді де паш еттік. Әсіресе әлеуметтік желілерге жарияланған жазбалардан төтенше жағдайлар департаменті мен полиция қызметкерлеріне деген көптің ықылас-пейілін анық аңғаруға болады.
Қарағанды облысы