Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті жанындағы «Кәусар» мәдени-танымдық бiрлестiгiнде ақын, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Серік Тұрғынбекұлымен кездесу кеші өтті.
Салтанатты шараға университет ректоры Ерлан Сыдықов бастаған Рақымжан Тұрысбек, Қайрат Сақ, Жанат Әскербеқызы, Қайырбек Кемеңгер, Дәулеткерей Кәпұлы сынды ғалымдар мен қаламгерлер қатысты. Кешті жүргізген – Абай атындағы Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, профессор Кенжеғали Мыржықбай.
Сұхбат университет студенттерінің ақын өлеңдерін жатқа оқуымен басталды. Азаматтық және лирикалық бағыттағы жыр шоғыры көрерменнің ыстық ықыласына бөленді.
Ең әуелі профессор Рақымжан Тұрысбек баяндама жасап, ақын шығармашылығының ерекшелігіне тоқталды.
– Серік ағамыздың эпикалық қуатына назар аудармай болмайды. Әсіресе «Махамбет пен Жәңгір хан», «Кейкі батыр» дастандарындағы дәуір дауысымен жаңғырған азатшыл идея оқырман санасына ерекше сілкініс әкелгені ақиқат, – деді ол.
Ақынның дастан дәстүріндегі бұл шығармаларына әдебиет алыптарының өзі ерекше назар аударған. «Кейкі батыр» дастаны жарыққа шығардан бұрын қолжазбамен танысқан Әбіш Кекілбаевтың аталы да, баталы сөзі шығарманың бағын ашты деуге болады. Әбіш алғысөзінде «...Қазан төңкерісінің бізге жасаған ең үлкен қиянаты – халқымызды өз-өзінен екі айырып, бірін-бірі төмпештейтін әлеуметтік қаныпезерлікке баулығаны. Аталған дастан осы бір ащы ақиқатты қаз-қалпында жеткізеді», депті. Ал осы дастанды оқып пікір жазған атақты ғалым-жазушы. Ақселеу Сейдімбек қандай пікір айтады? «Автор кең тынысты эпикалық қарыммен қалам тарта отырып, Кейкінің ғұмыр кешкен заманы мен қоғамына қатысты тарихи деректерді көсіп пайдаланады. Құжатқа түспегенімен құлақтан кетпеген ғибратты оқиғалар мен қимас естеліктер дастанның сюжеттік арқауына айналып, кейкінамалық жыр – шежіресі жасалған», дейді.
Әрі қарай сахнаға айтыскер ақын Тоба Өтепбай шақырылды. Өнерпаз халық ақыны Нұрхан Ахметбектің «Торғай толғауын» орындады. Осы орайда Торғай ән мектебі ерекшелігіне тоқталғымыз келеді. Аталған өңір мақамында Арқа ән айту дәстүріне тән салтанат пен өзі шектесіп жатқан батыс өңірінің жауынгерлік рухы да бар. Серік Тұрғынбекұлы шығармашылығында да осы екі сарын қатар жүреді деп айта аламыз. Ол туралы өзі «Торғай елінің өз мақамы бар. Жасымда өзімнің домбыра тартатыным болды. Сол мақамға, жыраулардың сарынына салатынмын. Соның бәрі ақындыққа әкелетін жол» деп толғанады.
Журналистика және саясаттану факультетінің деканы Қайрат Сақ ақынның «Ақан сері – Балқадиша», «Балуан Шолақ – Ғалия» атты ғашықтық дастандарын айта келіп, серілік мазмұнына байланысты ой қозғады.
– Серіліктің ең басты қасиеті – тазалық. Рух тазалығы. Серағамыздың да бойынан қасиетті өлеңге деген осы тазалықты байқауға болады – деп баға берді ғалым.
Кеш соңында ақын тілегін айтып, келген қауымға ақындық әрі азаматтық алғысын білдірді.