Жаңа жасақталған Үкімет жұмысының басымдықтарының контуры ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Жолдауында айқындалған еді.
Мемлекет басшысы атап өткендей: «Қазақстанның экономикалық дамуының жаңа парадигмасы еліміздің бәсекелік артықшылықтарын тиімді пайдалануға және өндіріс саласындағы еңбек, капитал, ресурстар, технология сияқты негізгі факторлардың әлеуетін барынша ашуға негізделеді». Сондықтан Үкіметтің кеңейтілген отырысында айтылған он міндет кешенді жұмыстың арқасында жыл сайынғы экономика көлемінің өсімін кемінде 6 пайыздан төмендетпеуге тиіс.
Әлемдік тәжірибе көрсеткендей, экономикалық өсімнің маңызды факторларының бірі – Үкіметтің кеңейтілген шығындары. Кейінгі 40 жыл ішінде дүние жүзінің көптеген елі мемлекет көлемі мен экономикалық өсім қарқыны арасындағы теріс қатынаспен сипатталды. Сол себепті мемлекеттің үлкен көлемі – ІЖӨ-дегі мемлекеттік шығындардың жоғары үлесі, оның ішінде экономиканың құрылымына байланысты, экономикалық өсуді тежейді. Сәйкесінше Үкіметтің басты басымдығы мемлеткеттік шығындарды оңтайландырып, кіріс бөлігін жүйелі арттырудың тетіктерін қарастыру болмақ. Оны жүзеге асыру үшін қазіргі экономикалық ахуалға қатысты өзекті мәселелерді «кіші жеңістер» стратегиясы арқылы еңсеріп, экономиканың ұзақмерзімді сапалы дамуын қамтамасыз ету жоспарын ойластыру қажет. Экономиканың тиімділігі мен қаржылық тұрақтылықтың тағы бір маңызды көрсеткіші – ұлттық валюта бағамы. Халықтың жыл бойы көңіл күйіне тікелей әсер ететін көрсеткіш. Үлкен мәселелерді шешу жолында жаңа Үкімет мұндай сезімтал нәрселерді де ойдан шығармауы керек.
Әлемде мемлекеттің қаржы мөлшері деп елдің аумағы мен халық саны емес, мемлекеттік секторда жұмыс істейтіндердің үлес салмағы, мемлекет меншігіндегі активтердің үлес салмағы, мемлекеттік кәсіпорындарда өндірілген өнімнің үлес салмағы (мемлекеттік кәсіпкерлік), ІЖӨ-дегі мемлекеттік шығындардың үлес салмағы есептеледі. Ал мемлекеттің қаржы мөлшерін тез арада арттыру үшін алға жылжуды қамтамасыз ететін экономиканы құрылымдаушы салалар қажет. Ал әлемдегі жаңа төңкеріс алып келетін сала – жасанды интеллект. Оның жуық арада қамтымаған секторы қалмайды. Сондықтан мұндай тенденциялардан қалыс қалу артта қалған мемлекетпен пара-пар. Қазақстанда жасанды интеллект құралдарын дамытудың іргетасы қалыптасып келеді, бастысы жігер де бар. Пайдалана алмаған мүмкіндіктер ретінде емес, әлеуетімізді нақты нәтижемен көрсету маңызды.
Риззат ТАСЫМ,
Қазақстан қоғамдық даму институты Қоғамдық үдерістерді зерттеу орталығының басшысы