1969 жылы қазақ даласы қарқылдап тұрып бір күлді. Күлкісі мынау Алатаудан анау Мәскеуді шарпыды. Бұл 1936 жылы Мәскеудегі Қазақ өнері мен әдебиетінің онкүндігінде қойылған «Қыз Жібек» операсында Бекежан болып күлген Құрманбек пен көп айтыла бермейтін ақын Тайжан Қалмағамбеттің «Сақ-сақ» күлкісінен кейін естілген Әмина Өмірзақованың күлкісі еді.
Не жоқ дейсіз бұл күлкілердің астарында? Ата қазақтың азат өмірі, қолдан сусытып алған соң соған деген қимас құштарлық, өктемдікке деген ыза мен кек, кезі келгендегі риясыз көңіл мен ұлы жүректен туған өнер. Кім болса да табанын сүртіп, таза кіріп, тасыраңдамай жүрсін дегендей қазақ періштенің өзіне тақия кигізіп қойды сол заманда. Құдай жоқ, ұлт жоқ, ұлыс жоқ деген уақытта. Солай істеу керегін біле тұра қазір қолға алсақ олай шығара алмайсыз, себебі ұлттың төл қасиеттерінің көбінен көз жазып қалғанбыз. «Ескі ақын бізден әлі артық, ол кезде туған бала артық» деп Шәкәрім айтпақшы, қазақ киносының атасы Шәкен Айманов күнде туып жатқан жоқ.
Сол кездің идеологиялық нұсқауымен ұлттар достығын насихаттағанымен, Шәкен Айманов «Тақиялы періште» комедиясында күлдіре отыра келмеске кетіп бара жатқан құндылықтарымыз бен ұлттық ерекшеліктерімізді, онымен қоса келе жатқан заман аңғарын да тамыршыдай тап басып көрсете білген. Бәрі бір қазақ ұлт болып өз орнын алмай қоймайды деген қарсылық та жоқ емес кинода. Осының бәрін советтік идеологияны көз қыла отыра мыңдаған деталь арқылы орап жеткізу және бір жарым-ақ сағатқа сыйдырып жіберу деген... Айтып болмайтын шеберлік.
Сіз бұрын байқамаған болуыңыз мүмкін, тағы бір тамашалап көріңізші фильмді. Ауылдан келген қазақ анасы, басында ақ жаулық, қолында қазақтың оюлы сандығы, әжелердің құтындай қоржын, жүрісі шалт, астам, автобустан түскен бойда маңайын билеп-төстеп алмай ма? Таксистің өзімен «әй, тоқта, мені мында жеткізіп салшы» деп жеке сөйлеседі, бойында кіріптарлық жоқ, қазақ табиғатына тән кеңдік пен еркіндік бар. Тайлақтың үйіне кіре бергенінде алдынан ит жетектеп шыққанды көргенде бір жағы шошыса, бір жағы тіксініп, жиреніп қалмай ма? «Қай атаң итпен тұрып еді, ей?» дегендей. Автобустан түскен бойдағы еркіндігі «күйеуге тидің бе?» деп сұрайтын барша бойжеткенмен қарым-қатынасында сақталады. Мұндағы қазақ қолданысына тән «әй, балам немесе бері келе қойшы» дегендей қаратпа, одағай сөздер. Бізге кейіннен киліккен «кешіріңіз, жолдас» деу жоқ. Әлгіндей оқшау сөздер – астамсығандық, дөрекілік емес, өзімсігендік, бауыр тұтқандыққа жақын қазақы назар аудару.
Қазақ аттан түспеген алтын дәуреннің өтіп кеткенін Тана апайдың қыз күніндегі естелік арқылы жеткізеді. Онда қазақтың сал-серілік дәурені, қыз бен жігіт айтысы, жастардың еркіндігі, сонымен қатар халық әні «Құралайды» қайта бір жаңғыртады. Аталған әнді кейін эстрадамен салған Досымжан Таңатаров осы кинодан алғанын айтады. Мұндағы салт-сана көрінісі, жеңілген қыздың айып-шамы, жігітке ұсынған орамал, арадағы серт – өз алдына жеке әңгіме. Бойжеткен кезінде Тана сертке сеніп қалған, өмір бойы соны кешіре алмаған. Демек серттен аттау бұл елдің салтында жоқ деген сөз. Серттен тайғанға кешу жоқ. Соны кеңестік заман аяқасты етіп тұрған жоқ па? Тайлақ ұнатқан Айша Досанова кезінде серттен тайған Досанның қызы болып шығады. Ақыры Айшамен табысады Тайлақ. Демек дүниеге басқа ұрпақ келді. Олар өмірлерін өзі билегісі келеді. Салтпен емес, санамен. Бірақ ұстап қалатын тұстары да жетерлік екен салт-дәстүрдің. Жастар жартылай жалаңаш билеген балет театрынан еңгезердей ұлын ала жөнеледі апасы. Жап-жас Ермек Серкебаев халықтың «Япырай» әнін операмен орындағанда, жасы үлкен қазақ Нияз «опера операсымен, дәстүрлі ән-күйге жететін қазына жоқ» деп тыйып тастамай ма? Сондай-ақ Қыздар институтының жатақханасындағы жағдай. Қалың бойжеткен советтік заман тыйым салған джазға билеп болған соң, қалың қыздардың бірін де менсінбеген қазақтың екі кемпірі ақырында Одиссейді көксеген олардың үстінен аттап кетпей ме? Және Тайлақ (қазақ баласы деп ұғу керек) соңынан қалмай қойған әлгі темекі тартатын келіншекті маңына жолатпайды. Мұндай елеусіз болса да, есті элементтер жетерлік.
Тана мен Тайлақ, ана мен бала келіспей қалғандағы диалогке мән берген жөн. Кемпір: «Төрт жыл кейін тусам да Кеңестен кем білмеймін», деп салады. Шешесі қазақтың атынан сөйлеп тұр. Өйткені кинода бүкіл Алматы бір төбе болса, бұл кісі бір төбе, ерекше қазақ екенін ескеру керек. Соғыста өлген күйеуінен жастай қалған, сөйтсе де бес баласын жетімсіретпей жеткізген қазақ анасының басында ұлттың қасіреті тұр. Және сол ана үйленбей жүріп алған ұлына «сенің кеңесіңнен көп білемін» дегені тегін емес. Отызға келгенше үйленбей жүріп алу қазақ салтында жоқ еді. Құда түсу, атастыру бәрі далада қалған... Осылай қалдыру керек пе, ойлану керек пе, көрерменге қалдырады.
Тайлақ пен Айша табиғат аясында жүргенде бойжеткен «Швейцариядағыдай» десе, Тайлақ «қайдағы Швейцария, Қазақстан!» деп туған өлкесі туралы айтып кетеді. Тана апай әлгі орыс қызды ұнатып, коньки тебу жарысына барғанда тағы бірер шетелдіктің аузына «қазақтың қысы» деген әңгімені салады. Сценариін өзі жазып, өзі түсірген Шәкен Аймановтың біртуар екенін осы жалғыз-ақ комедиясынан көруге болады.
Фильмнің о бастағы мазмұны ұлттың қасіретінен бас тартады, негізі. Шәкен ата сюжетті туған інісі Кәукен Кенжетаевтың жары, атақты опера әншісі, Қазақстанның халық әртісі Шабал Бейсекованың анасы Айнакүлден алған. Шабалдың әкесі Қаратайдың Бейсегі Сәкеннің жақын досы, оқыған, заңгер, Ақмола облысының прокуроры қызметін атқарған. 1937 жылы ату жазасына кесілген. НКВД үйіне тұтқындауға келгенде, күш көрсеткендермен айқасқа түсті ме екен, содан бесіктегі балалары Сакко қатты шошып қалған да, кейін кісімен сөйлесе қоймайтын томаға-тұйық болып, үйленбей ұзақ жүреді. Бірде Кәукен мен Шабалдың үйінде ұлын үйлендірем деп жүріп басынан кешкендерін Айнакүл апа Шәкенге жайып салса, «мынауыңыз киноға сұранып тұр екен» депті Айманов. «Тақиялы періштенің» прототиптері Сакко Қаратаев пен Бихан апа белгілі адамдар, көркем бейнесі аталған фильмде болса, шынайы бейнелері журналист Айгүл Аханбайқызының «Аймановтың Танасы мен Тайлағы» мақаласында жазылған.