• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Қоғам 16 Ақпан, 2024

Әлеуметтік қорғаудың жаңашыл жолы

119 рет
көрсетілді

Мемлекет басшысы әлеуметтік көмектің тиімділігін арттыру қажеттілігі туралы міндет қойғаны белгілі. Бұл мемлекет жәрдеміне мұқтаж адамдарды нысаналы қолдау үшін ресурстарды босатуға септігін тигізеді. Осы орайда тиісті министрлік өткен жылы атқарылған істерді қорытындылап, алда атқарылар тапсырмаларын пысықтады.

Отырысқа Парламенттің қос палата депутаттары, облыстар мен рес­пуб­ликалық маңызы бар қалалар әкім­дерінің орынба­сарлары, орталық мемлекеттік органдардың, Кәсіподақтар федерациясының, халықаралық ұйымдар мен ҮЕҰ өкілдері қатысты.

Еңбек және халықты әлеуметтік қор­ғау министрі Светлана Жақыпова сала­­дағы негізгі жетістіктерді, оның ішін­­де Мемлекет басшысы қойған мін­дет­­тердің, атап айтқанда, зейнетақы мөл­шерін, оның ішінде базалық зейнетақы мөлшерін арттыруға бағытталған шараларды іске асыру бойынша міндеттердің орын­далуы туралы атап өтті. Сала бас­шы­сының айтуынша, ТМД елдері арасын­да алғаш рет әлеуметтік қорғау жүйе­сін жетілдіруге бағытталған Әлеу­меттік кодекс қабылданған. Әлеуметтік кодекс аясында мемлекеттік қызметтерді проактивті көрсетуге мүмкіндік беретін Отбасының цифрлық картасы іске асырылып, толық көлемде іске қосылған. Осы­лай деген министр: «Нәтижесінде, был­тыр 844 мыңға жуық адамға мем­лекеттік қызметтерді проактивті көрсету үшін SMS жолданды. Бұл ретте 333 мыңнан ас­там адам жәрдемақыны немесе төлемді өті­ніш­сіз алу мүмкіндігін пайдаланды», деді.

Министр жұмыстың тағы бір ма­ңыз­ды бағыты халықты жұмыспен қам­туға жәр­демдесу екенін алға тартты. Был­тыр 963 мың адам жұмысқа орналас­тырылған. Жастар үшін бизнес ашуға және дамытуға жеңілдікті микрокредиттер беріліп, халықтың әлеуметтік осал санаттарына кәсіпкерлік бастамаларды қолдау үшін гранттар тағайындалған.

«Бұдан басқа, маңызды стратегиялық құ­жат – Еңбек нарығын дамытудың 2024-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы әзірленіп, қабылданды. Оның аясында сапалы жұмыс орындарының санын 3,8 млн-ға дейін жеткізу және жұмыспен қамту құрылымын жақсарту жоспарланды. Ол 2030 жылға дейінгі кезеңге еңбек нарығын дамыту бойынша негізгі бағыттарды, іс-шараларды, индикаторларды және жауапты орындаушыларды айқындайды», деді сала басшысы. Сондай-ақ Көші-қон саясатының 2023-2027 жылдарға арналған тұжырым­дамасы және 2030 жылға дейінгі қауіпсіз еңбек тұжырымдамасы сияқты маңызды стратегия­лық құжаттар қабылданды. Ал биыл жыл басы­нан бастап еңбек жағдай­лары зиянды жұмыс­пен қамтыл­ған адамдарды әлеуметтік қорғау­ды күшейту мақсатында арнаулы әлеумет­тік төлем енгізілді. «Арнаулы әлеуметтік төлем зейнеткерлік жасқа дейін төленеді, бірақ оны алу үшін еңбек жағдайлары зиянды жұмыс­пен айналыспауы керек. Бұл ретте жұмыскер жеңіл жұмыста жұмысын жалғастыра алады, содан кейін ол жалақы мен төлем алады немесе демалысқа шығып, зейнетке шыққанға дейін арнаулы әлеуметтік төлем алуға құқығы бар», деді С.Жақыпова.

Министр былтыр 2,3 млн адамға зейнетақы төлеуге арналған бюджет шығыстарының жалпы сомасы 3,3 трлн теңгені құрағанын жеткізді. Мәселен, балалы отбасыларға жәр­демақы төлеуге рес­пуб­ликалық бюджеттен 578,4 млрд теңге бөлінді. Бұл қолдау шара­сы­мен барлығы 1,3 млн адам, оның ішін­­де бала туғанда берілетін жәрдем­ақы, көп­балалы аналарға, сондай-ақ кә­мелетке тол­маған 4 және одан да көп ба­лалары бар көп­балалы отбасы­лар жәрдемақымен қам­тылған. Мүгедектігі бойынша мемлекеттік әлеу­меттік жәрдемақыларды төлеу үшін 545,5 мың алушыға 409,7 млрд теңге бағытталып, ­9 млн міндетті әлеуметтік сақтандыру жү­йе­сіне қаты­сушыға 536,4 млрд теңге сома­сына әлеу­меттік аударымдар түскен.

Сонымен қатар министр Президент тапсырмасын іске асыру аясында биыл еңбек мо­бильділігі орталықтарын трансформа­ция­лау жалғасатынын атап өтті. «Мемлекет бас­шысы Үкіметтің кеңейтілген отырысында жұмыс­қа ор­наласу нәтижелері бойынша мансап орталықтары жұмыскерлерінің қыз­метте­ріне ақы төлеу міндетін қойды. Жер­гілікті жер­лерде қызметкерлер жұ­мы­­сының тиімділігін арттыру, сондай-ақ «Еңбек нарығы» ақпарат­тық жүйесінде моти­вациялық тетіктер жасау үшін мансап орта­лықтарының қызметкерлері үшін қанат­қақты режімде жұмысқа орналастыру бойынша нақты KPI анықталатын цифр­лық жұмыс орны құрылады», деді С.Жақы­пова. Бұл мансап орталықтарының жұмы­сында кейс-менедж­мент қағидаттары қолданылады.

Одан басқа елімізде Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитеті құрылады. Сала басшысы С.Жақыпова бұл құрылым­ның сатылы моделі Халықаралық еңбек ұйымы стан­дарттарының бірі екенін атап өтті. Министр­лік үйлестіру мемлекеттік бақылау нәтижелері бойынша шешімдер қабылдау кезінде еңбек инспекторларының тәуелсіздігі мен бей­тараптығын қамтамасыз етуге мүмкіндік бере­ді. Бұдан басқа, министр еңбекті қорғауды бас­қа­рудың ұлттық жүйесін жаңғыртуға және қыз­меткерлердің еңбек құқықтарын қорғау бойынша қабылданып жатқан шараларға егжей-тегжейлі тоқталды. Себебі бұл бағытта жүйелі түрде орын алып отырған проблемалар бар. Мысалы, оқиғаларды жасыруды көздейтін жасырын жарақаттану, зиянды еңбек жағдайларына тартылған қызметкерлердің үлкен пайызы секілді мәселелер күн тәртібінде тұр. «Сол үшін біз 2030 жылға дейінгі Қауіпсіз еңбек тұжырымдамасы шеңберінде жүзеге асырылатын еңбекті қорғауды басқарудың ұлттық жүйесін жаңғыртуды көздейміз», деді С.Жақыпова.

Сондай-ақ биыл инклюзивті саясат тұжы­рымдамасы қабылданатынын жет­кіз­ген министр: «Оның басты мақ­саты – әрбір азамат дамудың жеке ерек­ше­ліктеріне қарамастан лайықты өмір сүру­ге және өзінің әлеуетін іске асы­ру­ға мүмкіндігі бар қоғам құру», деді. Бұдан басқа әлеуметтік саланы дамы­ту­дың бірінші ұлттық ғылыми орта­лығын жаң­ғырту шеңберінде мүге­дектігі бар адамдарды сәтті және тиімді оңалту мақсатында жаңа технология­ларды әзірлеу жөніндегі жекелеген зерт­ханалар жұмыс істейді.