Халқымыздың өнегелі өмірі мен ілкімді істері, тұтастай шежіресі мен тарихи деректері ауыз әдебиеті арқылы ұрпақтан ұрпаққа жетті. Қилы замандарда тарихтың сын-қатеріне төтеп беріп, атажұртын, Ұлы даласын сақтап, кейінгі ұрпағына аманаттаған бабаларымыздың мұралары бізді рухани кемелденуге шақырады. Күнделікті тіршілікте ұстанып, қадірлеп, қастер тұтар халқымыздың салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрыптары, жоралғылары түп қалпында сақталып, өсиеттері мен ой ұшқындары жас ұрпақтың бойына рухани азық береді.
Президент Жарлығымен мемлекеттік қызметшілердің Әдеп кодексі бекітіліп, адал ниеттілік, адалдық, әділдік, ашықтық, сыпайылық, тұтынушыға бағдарлану сынды мемлекеттік қызметтің әдептік қағидаттары айқындалды.
Байыптап қарасақ, мемлекеттік қызметшілердің әдеп кодексі мен бабалар өсиеті арасында өзара үндестік көп. Ұлылар өсиеті мен әдеп нормалары – өткеннен өнеге алып, ұлағатты жолдан айнымай, өркениет көшіне қадам басуға үндеп, мемлекеттік қызметшілерді әлеуметтің әлеуетін арттыруға жұмылдырады.
Мемлекеттік қызметшілердің темірқазығы саналатын Әдеп кодексінің қағидаларын халқымыздың өсиетімен сабақтастырып көрелік. Кодексте адал ниеттілік деп қоғам игілігі үшін мемлекетке кәсіби және жауапты қызмет етуді айқындайды. Сонымен қатар өз міндеттеріне шынайы көзқараспен қарап, жеке және заңды тұлғалардың, қоғамдық топтар мен ұйымдардың ықпалына қарамастан, заңды шешім қабылдау және кез келген мән-жайлар бойынша біржақтылық пен субъективтілік себебінен адамдарды кемсітуге жол бермеу кодекстің негізгі қағидалары саналады.
Адал ниеттілік, әділдік пен адалдықты тарихи тұлғаларымыздың афоризмдерімен танысқанда көптеп кездестіреміз. Атап айтсақ, Шығыс Түркі қағандығының негізін қалаушылардың бірі Тоныкөк: «Түнде ұйықтамадым, күндіз отырмадым. Қызыл қанымды ағыздым, қара терімді төктім, Түркі халқы үшін!» десе, Алаш ардақтысы Әлихан Бөкейхан: «Тірі болсам, қазаққа қызмет қылмай қоймаймын» деп, ұлтқа адал ниетпен, адалдық әрі әділдікпен қызмет етуге үндеген.
Жыраулар поэзиясының өкілі Асан қайғы Сәбитұлының «Әділдіктің белгісі», Досбол бидің «Жақсы деген немене?!» толғаулары адалдық пен әділдік турасындағы көп жұмбақтың шешуін шешсе, Әбу Насыр әл-Фараби бақыттың кілтін парасаттылықтан іздейді. Абай мен Мағжан адам болуға баулыса, Әлихан мен Бауыржан отансүйгіштікке және туған жерге аянбай еңбек етуге шақырады.
Мәселен, Әлихан Бөкейхан: «Қазақ баласы бірігіп, тізе қосып іс қылса, халық мақсаты орындалады» деп, азаматтың алдына жауапты міндет қойған. Ал Әбу Насыр әл-Фараби «Әрекетіміз дұрыс болуы үшін соған баратын жолымыздың қандайлығы маңызды» деп, өсиет қалдырған.
Тұрғындардың мұң-мұқтажын тыңдай білу жұртшылықтың мемлекеттік органға деген көзқарасын қалыптастырады. Ашықтық пен шынайылық, турашылдық пен батырлықты ту еткен Бауыржан Момышұлы: «Халықтың мұң-мұқтажына құлақ аспаған адам – азамат емес. Ол – халықтың бірінші жауы» деп, бағалаған.
Даналыққа қатысты өткен мен бүгіннің сабақтастығын саралай келе, өзімізге қажетті құндылықтарды әлеуметтік желілердегі жеңіл ойынға, әзілге жығып бермей, ата-бабамыздың өсиетін рухани жан дүниемізді байытуымыз, жұмсауымыз керек. Сонда ғана Абай айтқан «толық адам» болып қалыптасамыз.
Біржан ӘШІР,
Отырар ауданы әкімі аппаратының басшысы, Әдеп жөніндегі уәкіл
Түркістан облысы