Елордада Туризм және спорт министрлігінің алқа отырысы өтті. Жиынға Премьер-министрдің орынбасары Тамара Дүйсенова, Парламент депутаттары, салалық ведомство басшылары мен сарапшылар қатысты.
Туризм және спорт министрі Ермек Маржықпаев өткен жылдың нәтижелері мен биыл атқарылатын шаруалар жоспары туралы айтып берді. Ол елде спортпен шұғылданатындар қатары тұрақты түрде өсіп жатқанын атап өтті. 2023 жылы олардың саны 510 мың адамға көбейген. Алайда салада назар аударарлық мәселелер де бар. Саланы дамыту үшін жаңа көзқарас керек. Әсіресе бұқаралық спортты дәріптеуге қатысты. Өңірлер бюджеттен бөлетін қаражат көлемінің жеткіліксіз екені айтылды.
«Халықаралық тәжірибеге сай бұқаралық спортты дамыту үшін мектептерден бастап, егде жастағыларға дейін арнайы спорттық лигаларды жандандыру керек. Озық елдердің тәжірибесі балалар арасындағы бұқаралық спорт болашақ чемпиондардың негізі екенін көрсетеді. Бізде әзірге бірыңғай жүйе жоқ. Демек бұқаралық спортты дамытудың алғашқы кезеңінен-ақ ақсап тұрмыз», деп атап өтті Тамара Дүйсенова.
Осы орайда министрлік пен облыс әкімдеріне барлық кезеңдегі спорттық лигаларды мақсатты түрде дамыту жұмыстарын қолға алу тапсырылды. Бұл іске салалық министрліктер, мектептер, колледждер, жоғары оқу орындары, медициналық орталықтар мен еңбек ұжымдары атсалысуы шарт.
Вице-премьер балалар мен жасөспірімдер спорт мектептерін қаржыландыру турасында да сөз қозғады. Бұл бағытта жалпы білім беру ошақтары секілді жан басына шаққандағы нормативтерді енгізу жағын қарастыру қажеттігі айтылды. Одан бөлек 18 жасқа дейінгі балаларға арналған спорттық үйірмелерге «ваучерлер» ұсыну жүйесін ретке келтіру мақсаты тұр. Қарастырылған қаражатты тиімді жұмсау үшін «бір бала – бір ваучер» қағидатын қолдану көзделген.
Жоғары жетістіктер спортын қаржыландыру моделі де қайта қарастыруды қажет етеді.
«Ұлттық құрама командаларына резерв дайындайтын спорттық ұйымдарымыз қазір олимпиадалық емес спорт түрлеріне бағыт алғанын мойындауымыз керек. Бізде жазғы олимпиадалық ойындар тізіміне енген 45 түрлі спортқа басымдық берілген. Олардың қатарын азайтып, қалғанын дамытуға мән беруміз керек. Бұл тұста таңдау ғылыми тұрғыда негізделіп, еліміздің ерекшелігін ескеруі қажет», деп атап өтті вице-премьер.
Сондай-ақ Тамара Дүйсенова саладағы кәсіби кадрлар жетіспеушілігіне де мән берді.
«Спорттық дәрігер мен психологтер, диетолог, нутрициолог, спорттық заңгер секілді мамандар жоқтың қасы. Денешынықтыру және спорт саласындағы кадр жетіспеушілігі мәселесін шешу үшін қажеттілігі тұрғысынан сараптама жасап, қажет болған жағдайда оларды дайындауға мемлекеттік тапсырысты көбейту керек», деді Тамара Дүйсенова.
Вице-премьер пікірінше, оқу орындары дайындаған кадр саны емес, білім беру мекемесін аяқтаған соң мамандығы бойынша қаншасы жұмыс істейтіні туралы мәліметтің маңызы артып келеді. Сондай-ақ білім ордасынан түлеп, спорттық мансабын жалғастыруға ниеттілерді ынталандыру мәселесі де маңызға ие. Ол кадрлық құрамның сапасын жақсарту үшін қажет. Себебі құзыреттілік, іс-тәжірибе мен меңгерілген білім қосылса, маман бапкерлік жұмысты бағалап қана қоймай, спортшыларды дайындаудың жеке әдістемесін әзірлеп, оларды жаттықтыру жоспарын сапалы құра алады.
«Аккредиттелген республикалық және аймақтық спорт федерациялары төрешілерді дайындауға тиіс. Сондай-ақ халықаралық аренада қазақстандық төрешілер корпусы өкілдіктерін көбейту арқылы спорт түрлері бойынша халықаралық федерациялармен байланыс орнату жұмысын күшейту керек», – деді Тамара Дүйсенова.
Биыл Парижде төртжылдықтың басты додасы Олимпиада және Паралимпиада ойындары өтеді. Вице-премьер кейінгі жылдардағы нәтижелерге мән беріп, ұлттық құрама командаларының спортшыларына сапалы дайындалу үшін мемлекет тарапынан қажетті жағдай жасалғанын, сондықтан жанкүйерлер үздік нәтиже күтетінін тілге тиек етті.