• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Айбын 18 Ақпан, 2024

Ерлік ұмытылмайды

162 рет
көрсетілді

Кеңес әскерінің Ауғанстаннан шығарылғанына 35 жыл толуына орай Астана медицина университетінде интер­нацио­налдық борышын өтеу барысында қаза тапқан отандастарымызды еске алуға арналған кеш өтті.

Алдымен бұрынғы Қорға­ныс министрі, генерал-полковник Сәкен Жасұзақов бастаған Қарулы күштер ардагерлері Ауған соғысында опат болған қарулас жолдастарын бір минут үнсіздікпен еске алып, рухтарына тағзым етті.

Интернационалист-жауын­герлердің сөзімен айтқанда, «өзен­нің арғы бетінен» орал­маған отандасымыз аз емес. Ресми мәліметке сүйенсек, Гин­дукуш өңіріне елімізден шамамен 20 мыңнан аса адам аттанып, мыңға жуығы (920–950-дің аралығында) елге мырыш табытпен оралды. 20-ға жуық солдаттың тағдыры әлі күнге дейін беймәлім. 2 мыңға тарта адам ауыр жарақат алды. Кім білсін, егер де әскери медицина қызметкерлері табандылық танытып, өмір мен өлімнің арасында жүрген жауынгерлердің жанына араша түспегенде, бұл сан бұдан да көп болар ма еді? Сол себепті де 35 жылдыққа ар­налған игілікті кештің Астана медицина университетінде өтуі заңдылық.

Атақты «Қара майор» Бо­рис Керімбаевтың сенімді сері­гі болған білікті қолбасшы Сә­кен Әділханұлының айтуын­ша, кез келген қарулы қақтығыста «алтын сағат» қағидасының ма­ңыз­дылығы арта түседі. Неге десеңіз, жан алысып, жан беріскен айқаста ауыр жара­қат­танған адамға алғашқы са­ғаттарда шұғыл көмек көр­се­тілмесе, оның өмірін сақтап қа­лу қиынға соғады. Сондықтан да тар жол тайғақ кешкен ардагерлер бейбіт өмір мен қару­лы жанжал жағдайында өз мін­деттерін қалтқысыз атқаратын ізгілікті мамандықтың болашақ өкілдеріне сәттілік тіледі.

«Соғыстың қасіреті қа­­шан­да ауыр. Кез келген қа­ру­лы қақтығыстың салдары ұзақ уақытқа созылатынын ес­тен шығармаған жөн. Оған әлем­де болып жатқан жағ­дайлар дәлел. Осы орайда медицина қыз­меткерлеріне айтар алғы­сы­мыз шексіз. Олар қарша бораған оққа да, зеңбірек снарядтарына да қарамай, қаншама адам­ның өмірін өлімнен құтқарға­нын өз көзімізбен көрдік. Сіздер ке­лешекте дәрігер атанасыздар. Сол себепті осы абыройлы ма­мандықтың туын биік ұстауға тиіс екендеріңізді ұмытпаңыз­дар. Бұл кешті ұйымдастырған университет басшылығына алғыс айтамыз», деді С.Жасұзақов.

Сондай-ақ тағылымды кездесуде медициналық қызмет­тің отставкадағы полковнигі Асылхан Өтеевтің «На острие скальпеля» кітабы көпшілікке та­ныстырылды. Ол – Ауған же­рінде талай кеңес жауынгері мен жергілікті халықты өлім­нен сақтап қалған әскери-хи­рург­тің бірі де бірегейі. Өз еңбегінде білікті маман әскери медицинаның қыр-сырына жан-жақты тоқталған. Әсіресе Б.Ке­рім­баев басқарған 177-арнайы жасақтың әскери хирургі ретінде небір жаралыны көріп, оларды қалай емдегенін баяндаған. Оның ішінде жарылыс кезінде аяқ-қолынан айырылған жауынгерлерге қатысты жантүршігерлік оқиғаларды келтірген.

«Бірде ауғанстандық аза­маттың қолында граната жарылып, саусақтары жұлынып тү­се­ді. Оны бізге дереу жеткізіп, шұ­ғыл операция жасадық. Опе­рация ойдағы­дай өтті. Ауған­дық­тардың ағза­лары мықты бо­­лады. Жарақат­тары тез жазы­лып кетеді. Бір апта­дан кейін әлгі азамат немересін ер­тіп, біз­ге рахметін айтып, қолын­да­ғы қапшықты ұстатты. Қиын сәтте қолұшын созғанымыз үшін ризашылығын осылайша білдірмек екен. Қапшықты ашсақ, іші толған анаша шөбі. Сол арада санитарлық бөлім бұл «сыйлықты» отқа жағып жіберді», деген А.Өтеев бейне­байланыс арқылы қызықты ес­теліктерімен бөлісті.

Бұл кешке отставкадағы генерал-майор Муслим Дайыров, майдангер жазушы, отставкадағы полковник Амангелді Жантасов сынды Ауған жерінде от кешкен ардагерлер мен олардың жанына араша түскен әскери медицинаның майталман­да­ры қатысқанын айта кеткен орынды. Қадірлі қонақтарға универси­тет проректоры Виталий Кой­ков оқу орнының басшылығы атынан алғысхат табыстады. Кеш соңы патриоттық әндерге ұласып, елорданың дарынды оқушылары шығармашылық қойылыммен жиналғандарды тәнті етті.