Қоян жылының суығы мен жылымығы қатар жүріп, инфекциялық аурулар көбейіп тұр. Облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Әсет Жұматаевтың айтуына қарағанда, былтырғы осы кезбен салыстырғанда биыл тұмау жұқтырғандардың саны 2,4 есе артып, 20 666-ға жеткен. Ал былтыр бұл көрсеткіш 8 561 болған еді.
Тұмаудың тарауы облыс аймақтарында бірдей емес, ең көп тараған жері – Петропавл қаласы. Мұнда барлық тіркелген науқастың 55 пайызы шоғырланған. Бұл – 11 300 адам осы күні тұмауратып жүр деген сөз. Олардың таратуымен инфекция көбейе түсетіні де сөзсіз. Ал қаланың іргесіндегі Қызылжар ауданында тұмауратқандардың саны – 1 400-дей.
«Жаман індеттен кейін көптеген адам тұмауды елемейтін болып барады. Мұндай жайбасарлыққа жол беруге болмайды. Жұқпалы аурулардың маусымдық көбеюіне сәйкес Мемлекеттік бас санитарлық дәрігер 2024 жылдың 8 ақпанында «Ауалық-тамшылық жолмен берілетін инфекциялық жұқпалы аурулардың алдын алу шараларын күшейту туралы» қаулы қабылдады. Онда медициналық мекемелерде барлық персонал мен пациент маска тағып жүруге міндетті екені айтылған. Сондай-ақ оларда антисептиктердің болуы да міндеттелді. Ал халық көп жиналатын әуежай, теміржол мен автовокзалдарда, базарлар мен сауда-сауық орталықтарында, дүкендерде, театрлар мен кинотеатрларда және қоғамдық көліктерде маска тағып жүру ұсынылған. Ауруға ұшыраған адамдар үйінен шықпауы керек. Дәрігерді үйге шақырған жөн. Ауырып қалған балаларды мектеп пен балабақшаға жібермеу керек», деді Ә.Жұматаев.
Науқастардың көбірек тіркелуі қаңтар айының ортасынан басталып, алдымен 44 адам H3N2 тұмауымен тіркелген. Соның 36 пайызы – 14 жасқа дейінгі балалар. Ал өткен жылдың сәйкес мерзімінде дәл осындай науқастың 18 ғана тіркелген еді.
Ә.Жұматаев облыстағы қызылша дертінің ахуалы туралы да айтып берді. Былтыр бұл кезде мұндай дертке шалдыққандар мүлде тіркелмеген болса, бүгінгі таңда 155 науқас тіркеліпті. Бұл дерттің де ең көбі, яғни 71 пайызы Петропавлда тіркелген. Петропавлдан кейін Аққайың, Есіл аудандарынан қызылша көп шығып отыр.
Науқастардың 52%-ы – 14 жасқа дейінгі балалар. Қалғаны – әртүрлі жастағылардың үлесінде. Соның ішінде 40 пен 49 жас аралығындағы 13 адам қызылшамен науқастанған.
Ауруды тарататын негізгі 14 ошақ анықталып отыр. Оның ішінде М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университеті, Ж.Қизатов атындағы жоғарғы ауылшаруашылығы колледжі, бірнеше мектеп бар. Аурудың алдын алу шарасы ретінде вакциналау танылған. Бүгінгі таңда 19 688 адам вакцина алған.
Солтүстік Қазақстан облысы