• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 18 Ақпан, 2024

Мамандардың дайындығы пысықталды

184 рет
көрсетілді

Қалыптасқан дәстүр бойынша төтенше жағдайлар саласының қыз­меткерлері өңірдің барлық аудан­ында «Көктем-2024» оқу-жат­тығу жиынын ұйымдастырды. Жергілікті атқарушы биліктің көк­­темгі су тасқыны кезеңіне да­йын­­дығы жан-жақты пысық­тал­ған оқу-жаттығу жиынының бір пара­сын өңір басшысы Ербол Қарашөкеевтің өзі бақылады.

Осы жылы еліміздің көптеген өңі­рін­де қар қалың жауғаны белгілі. Әрине, қандай да бір апаттың беті аулақ болсын дейміз. Әйткенмен, сақтанғанның сан соғып қалмайтыны да ақиқат. Қа­һар­­лы қыстың қос бүйірден қысқаны еске­рілген болуы керек, төтенше жағ­дай­лар қызметіне жауапты мамандар су тасқыны орын алған жағдайда қандай қадамдарға бару керектігіне айтарлықтай бас ауыртыпты. Оған біз кезекті оқу-жаттығу жиынында да көз жеткіздік.

Байзақ ауданында өткен іс-шара барысында салаға жауапты мамандар авариялық-құтқару қызметіне тиесі­лі құралдардың әлеуетімен таныстырып, қауіп төнген жағдайда жергілікті тұр­ғындарды эвакуациялау, төрт түлік малды қауіпсіз жерге жеткізу жұмыс­та­рын пысықтады. Облыс әкімінің қада­ға­лауымен өткен оқу-жаттығу жиыны кезінде азаматтық қорғау қызметінің төтенше жағдайға дайындық деңгейі зерделенді. Мамандардың жедел әрекет­те­ріне зер салсақ, олар кез келген жағ­дай­ға дайын екенін байқайсың.

Оқу-жаттығу жиыны арнайы түзілген сценарий бойынша жүргізілді. Қайбір жылы Талас өзені арнасынан тасып, маңайдағы тұрғын үйлерді су басу қаупі төнген болатын. Тұрғындардың «табиғат тосын мінез таныта ма?» деп әбіржігенін де көрген едік. Құтқарушылар сол оқи­ғаны қаперде ұстады ма, кім біл­сін? Әйтеуір оқиға өрбитін нысан ретін­де бастауын Қырғыз елінен алатын Талас өзенін таңдапты. Мұнда жос­парға сәйкес, су тасқыны қауіпі төнген аумақтағы балық аулауға келген азамат­тарды құтқару жұ­мыс­тары жүр­­­гізіледі. Жедел құтқару жа­са­ғы­ның қыз­мет­кер­лері қызметтік иттің қаты­суы­мен тұр­ғын­дарды тауып, оларды арнай ТРЭКОЛ техникасымен эвакуациялайды.

Сценарийге сәйкес құтқару жұмысы­на қатысушылар су жайылған аумақты тазартуға жедел кіріседі. Олардың өз жұ­мысын жанкештілікпен атқарып жатқанына қарап, мұның жай ғана оқу-жаттығу екенін естен шығарып аласың. Тез қи­мылдау арқылы жауаптылар өзде­­рі­не тиесілі жұмысты ойдағыдай орын­дайды. Электр желілері мен газ шар­уа­шылығына жауапты мамандар да жүктелген міндеттерін талапқа сай атқарады. Жалпы алғанда, Байзақтағы оқу-жаттығу жиынына 101 адам, 25 бірлік техника жұмылдырылғанын айта кеткен жөн. Оқу-жаттығу жиынына қа­ты­сушылардың шалт қимылына қарап-ақ олардың кез келген жағдайға дайын екенін аңғару қиын емес.

Сондай-ақ оқу-жаттығу жиыны Күйік асуында да ұйымдастырылды. Күйікте қыс мезгілінде түрлі оқиғалар болып жатады. Содан да болса керек, ұйымдастырушылар Күйік асуында да шеберліктерін бір пысықтап алуды жөн көрген секілді. Мұнда мамандар қар құрсауында қалған азаматтарды құтқару бойынша дайындық жұ­мысын пысықтады. Іс-шара барысын­да өңір басшысы Е.Қарашөкеев об­лыстық және аудандық азаматтық қор­ғау қыз­мет­терінің дайындығын зер­делеп, ма­териалдық-техникалық база­ның әлеуе­ті­мен танысты.

«Төтенше жағ­дай­лар­ға жауапты ма­ман­­дардың жұмысы ауыр екені анық. Кісі баласы қай жерде қандай оқиға болатынын тап басып айта алмайды. Қоршаған орта мен адамдарға қауіп төнген кезде ма­мандардың көмегіне жүгінеміз. Тұр­ғын­дарға түрлі деңгейде қауіп төнуі мүм­кін. Ондай жағдайда мамандардың біліктілігі мен дайындығы, батылдығы, білімі сынға түседі. Олар қай кезде де тас түйін дайын болуы керек.

Біз салаға жауапты азаматтардың ең­бе­гін бағалаймыз. Маман ретінде олар қай кезде де аянып қалмайтыны белгілі. Қандай қиын жағдай болса да, тығырықтан жол табатын, төнген қауіпке тойтарыс беретін мамандардың біліктілігін арттыру жұмыстары тұрақты түрде жүргізілуге тиіс. Бұл – қоғам қауіп­сіз­дігінің кепілі», дейді өңір басшысы Ербол Қарашөкеев.

Аудандарда өткен оқу-жаттығу жиы­ны барысында төтенше жағдайға жауапты мамандар кез келген жағдайға сақадай сай екені байқалды. Жұ­мыс­қа деген жауапкершіліктің жүгін сезінетін азаматтардың шеберлігі көз сүйсінтті.

 

Жамбыл облысы