Елімізде бірнеше жоғары оқу орнында атом электр стансасына қажетті кадрлар даярланбақ. Бұл туралы Ғылым және жоғары білім министрлігі хабарлады. Бәріміз білетіндей, Мемлекет басшысы атом электр стансасын (АЭС) салу мәселесін жалпыхалықтық референдум арқылы шешуді тапсырған болатын.
Болашақта елімізде АЭС салынса, ондағы қауіпті әрі жауапты жұмысты атқаратын мамандар керек. Ал мамандарға сұранысты қанағаттандыру мақсатында Ядролық физика институты, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, Ғ.Дәукеев атындағы Алматы энергетика және байланыс университеті, Қ.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті және Қ.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университеті АЭС-ке қажетті кадрларды бірлесіп даярлау туралы хаттамаға қол қойды.
Болашақ мамандар Ядролық физика институтының базасында жоғарыда аталған мамандықтар бойынша практикадан өтеді, онда оларға «Қазақстанның су реакторы» атомдық зерттеу стационарлық реакторында және сыни стендте практикалық дайындықтан өтуге мүмкіндік беріледі. Ал АЭС саласының келешек кадрлары жалпы білім беру пәндері бойынша теориялық дайындықты Ғ.Дәукеев атындағы Алматы энергетика және байланыс университеті, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті және Қ.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университетінде алады. Үш сатылы білім беру бағдарламасын дайындау «Ядролық физика және технологиялар», «Ядролық энергетика», «Ядролық реакторлар мен материалдар» және «Ядролық инженерия» сияқты атом электр стансалары үшін қажетті мамандықтар бойынша жүзеге асырылады.
Ғылым және жоғары білім вице-министрі Дархан Ахмед-Заки осы жаңалыққа қатысты: «Ядролық физика институты еліміздің университеттерімен ғана емес, жетекші шетелдік институттармен де кадрлар даярлау бойынша ынтымақтастық орнатқан. Ядролық зерттеулер институтымен бірлескен бағдарламаның нәтижесінде Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясының қос диплом бағдарламасы бойынша 200 бакалавр және магистр студенттері даярланды. Сондай-ақ институт «CERN», «MIT» сияқты ірі ұйымдармен және университеттермен серіктестікте жұмыс істейді. Аталған ұйымдар Na62, DUNE, Nike әлемдік эксперименттеріне қатысады және кадрларды даярлау бойынша халықаралық тәжірибесі бар. Сондықтан атом электр стансасының болашағы үшін кадрларды бірлесіп даярлау еліміздің атом саласын дамытудағы маңызды қадам болады», деді.
Таныстырылым барысында бас директор Саябек Сахиев Ядролық физика институтының АЭС үшін болашақ кадрларды даярлауға қажетті база бар екенін атап өтті. «Институттың АЭС үшін болашақ кадрларды даярлау үшін өте үлкен тәжірибесі мен инфрақұрылымы бар. Мұнда зерттеу стационарлық реакторы, сыни стенд, түрлі типтегі үдеткіштер қойылған. Сондай-ақ институт базасында АЭХА (МАГАТЭ) қолдауымен үш оқу орталығы жұмыс істейді, олардың қызметі атом саласы үшін кадрлар даярлаудан тұрады. Институт базасында Қазақстан Республикасының атом саласы үшін 300 ғылым кандидаты мен докторы даярланады», деді С.Сахиев.
Оқырмандарға түсінікті болу үшін айта кеткен жөн, ВВР-Қ зерттеу реакторы – Қазақстан Республикасындағы жалғыз көпмақсатты атом реакторы. Оның негізінде іргелі ядролық-физикалық және материалтану зерттеулері мен реакторішілік сынақтардан басқа, өнеркәсіп үшін медициналық радиоизотоптар мен гамма көздер өндіріледі, нейтрондық-активациялық талдау, нейтрондық радиография және нейтрондық рефлектометрия бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр.