Елімізде жұқпалы инфекциялық және инвазиялық аурулар бойынша індеттік ахуал оңалмай тұр. Жылдан-жылға жақсарудың орнына кері кетіп бара жатқандай әсер қалдырады. Осы себептен дәл қазіргі кезде ветеринария саласында қалыптасқан жағдайға айрықша тоқтала кеткенді жөн санап отырмыз.
Менің пайымдауымша, осындай келеңсіз мәселелерге әкелген негізгі себептер мыналар:
Біріншіден, мал дәрігерлік жұмыстарды жүргізумен тікелей шұғылданатын мамандар санының жетіспеуі, оларға төленетін жалақының мардымсыздығы, мінетін қызметтік көліктерінің тозуы, жанармайға және көлік саймандарына қаражаттың бөлінбеуі және тағы да басқа ірілі-ұсақты мәселелер барынша кедергі келтіріп келеді. Мемлекеттің «Ди- пломмен – ауылға!» жобасы анау айтқандай іске аспай отыр. Ауылға барғандар тұрғын үймен қамтамасыз етілмейді, үйлі бола қалған жағдайдың өзінде 30–40 жыл бұрын салынған ескі үйлер тиеді. Көп ауылда балабақша, монша, фельдшерлік пункт секілді әлеуметтік нысандар жеткіліксіз. Сондықтан ветеринария саласындағы мамандарды ауылдық жерлерге жұмысқа тарту үшін, оларға ұсынылатын жалақы көлемі 300 мың теңгеден кем болмауға тиіс.
Екіншіден, «Республикалық ветеринариялық зертхана» РМК (РВЗ) штатында нақтылы зертханалық жұмыспен айналысып, облыстық филиалдардағы мамандарды үйретіп, әр ауруға республика бойынша мониторинг жасап отыратын: микробиолог, серолог, бактериолог, ихтиопатолог, токсиколог, миколог, вирусолог, биохимик, паразитолог мамандары жоқ. Микологиялық, токсикологиялық және паразитологиялық зерттеулер мүлде жүргізілмейді. Уағында паразитологиядан екі жылда бір рет облыстағы паразитологтерді жинап, мамандарды даярлықтан өткізіп тұрушы едік. Жолсапарға шыққанда паразитологиядан дәрістер оқып, әртүрлі ауруларды анықтау, емдеу, алдын алу жайында тәжірибелік сабақтар өткізілетін. Тіпті паразитологиядан Мәскеу ветеринария академиясында бірнеше маманды даярлаған едік. Олардың бәрі қалды.
Ал инвазиялық аурулардан қаншама мал қырылып жатыр. Басында Ақмола өңірлік (аумақтық) филиалын «РВЗ» РМК құрамына қосып, одан кейін Астана қалалық филиалы қылып жеке бөліп, Премьер-министрдің атына жолданған хаттан кейін ғана Астана филиалы «РВЗ» РМК Орталық филиалы атауына айналған еді. Енді, міне, басшылар ауысып, «оптимизация» жүргіземіз деген сылтаумен Орталық филиалды жауып, Ақмола облыстық филиалының қарамағына бекітіп, қалалық зертхананың деңгейіне түсіріп, осы филиалдағы паразитология бөлімінің жұмысын тоқтатып тастады. Негізгі себебі инвазиялық ауруларға мемлекеттік тапсырыс болмағандықтан, сынамалар аз келіп, зертханаға ақша аз түскені үшін. Бір жас маманды паразитолог ретінде бекіткен, бірақ ол біреуді үйретпек түгілі, зерттеу жұмыстарын өзі де білмейтін болып шықты. Ал ондайларды Қазақстан бойынша паразитарлық аурулардың эпизоотологиялық жағдайы алаңдататын емес. Былтырғы жылдың тамыз айынан бастап Ақмола өңірлік филиалына ауыстырды, аты өзгергенімен заты баяғы қалпы. Дәлелсіз осындай аяқасты жасалатын шешімдерге тыйым бола ма, әлде біз әлсіздігімізді мойындап, қарап отыруымыз керек пе? Әділ шешімі Ақмола өңірлік (аумақтық) филиалын Республикалық ветеринариялық зертхананың құрамына қосу керек. Себебі зерттеу жұмыстарын жүргізетін мамандар филиалда қызмет атқарады.
Үшіншіден, келесі сұрақтың бірі инвазиялық ауруларға қатысты. Дүние жүзінде адамға зиянды жүз жетпістен артық паразит түрлері тіркелген. Малдың 75–80%-ы жекеменшікте екені белгілі және елдегі мал өніміне деген сұранысты осы сектор атқаратындығы айдан анық. Осыны біле тұра еліміздің барлық облысында жануарлар және балықтар арасында жыл сайын тіркеліп жатқан адамдарға жұғатын паразитарлық аурулардың (эхинококкоз, альвеококкоз, бовистік цистицеркоз, целлюлозды цистицеркоз, трихинеллез, токсокароз, мысықтың токсоплазмозы, фасциолез, описторхоз, меторхоз, анизакидоз) және тоғышар қарапайымдылар ішінен (пироплазмоз, бабезиоз, тейлериоз, нутталлиоз, анаплазмоз, трипаносомоз-киеңкі, су-ауру және басқалары) біреуіне қатысты мемлекеттік тапсырыс іс-шаралары санатына енгізілмеген. Сол себепті зертханаларға инвазиялық ауруларға сынамалар түспегендіктен, паразитолог мамандар керексіз болып қалып отыр. Адамдарды және жануарларды өте қауіпті инвазиялық аурулардан сақтау үшін кемінде 5–6 ауруды мемлекеттік тапсырысқа қосу керек.
Төртіншіден, мемлекет қаражатына салынған біртиптік модульдік аудандық 115 екіқабатты зертханаларда (штаты небәрі 5 маманнан құралған) виварийлер (тәжірибелерді кішігірім жануарларда өткізетін орын) жоспарланбаған. Тәжірибелі мамандар саны жеткіліксіз. Тек қана мемлекеттік тапсырысқа жататын серологиялық зерттеулермен шектелген, ал зертхананың басқа ауруларға тексеруге мүмкіндігі бар болса да, мамандардың жоқтығына байланысты атқарылмай, барлығын облыс орталығына жүктеген. Сондықтан аудандық зертханаларда бактериолог және паразитолог мамандарын қосуды талап етеміз.
Бесіншіден, бұралқы иттер мен мысықтардың көптігі сондай, ветеринария саласындағы мамандарға өте қиын соғып тұр. Қорадағы малдарға шауып, қаншама адамдарды жарақаттап, тіпті өлтіріп тастаған кездері де болды. Ал сол иттер мен мысықтар адамдар мен жан-жануарларға өте қауіпті эхинококкоз, альвеококкоз, токсокароз, мультицептоз, токсоплазмоз, т.б. ауру түрлерін таратып жатқанын біле бермейміз. Кез келген бұралқы итті өлтірілгеннен кейін ішін жарып, ішкі ағзаларын зерттегенде, жоғарыда көрсетілген ауру қоздырғыштарымен 80–90% залалданғаны анықталған. Біз болсақ ауру иттерді жоюдың орнына, ит қоралар салып, мемлекеттің қаржысына тамақтандырып, бордақылап жатырмыз. Жан-жануарлардың құқығын қорғайтын түрлі қоғамдық ұйымдарға жаман көрініп қалмайық деген оймен осындай «керемет» заңды біздің депутаттар жақтаған еді. Егер адамдар және жануарлар арасында жұқпалы аурулар одан сайын өсіп кетпесін десек, жаңарған заң шығаруға тиіс. Алдын алу шараларын қолға алмасақ, эпизоотологиялық жағдайды өршітіп аламыз.
Алтыншыдан, көптеген елді мекенде беттері ашық шұңқырларда мал өлекселерінің шашылып жатқанын көресің, ол жерлерде қаңғыбас иттер, дала етқоректілері мен құзғын құстар толып жүреді де, неше түрлі инфекциялық және инвазиялық ауруларды таратады. Бруцеллез, туберкулез, т.б. жұқпалы ауруларды жоямыз дегелі қаншама жыл өтті, әртүрлі аурулардың жылдан-жылға қосылып, орасан зор шығын әкеліп жатқанын білсек қой.
Сондықтан малы бар әр ауылда жұқпалы ауруларды таратпаудың амалы – өлген жануардың өлексесін залалсыздайтын терең (Беккари шұңқырын) биотермиялық апандарды салу және одан әрі талаптарға сәйкес ұстау үшін қаражат бөлу, оның құрылысы мен сапасын үнемі тексеру Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің құзырында болу керек. Беккари шұңқыры жануарлардың өлекселерін жоятын арнаулы құрылым көктемде су кірмейтіндей биік жерде болуы керек. Тереңдігі 10 метр ені 3 метр қызыл кірпіштен немесе бетоннан салынады. Темір қақпағы құлыпталған, үсті жауын-шашыннан қорғалған болады. Мал дәрігері өлексені жарып тексеру үшін, темір қаңылтырдан жасалған үстел орнатылады. Биотермиялық апанның сырты биіктігі екі метр болатын темір тормен қоршалып, есігіне құлып салынады.
Жетіншіден, орталықтандыру мақсатында облыстардағы ветеринариялық зертханалардың есепшоттары жабылып, «бухгалтерия» «Республикалық ветеринариялық зертхана» РМК-ға шоғырландырылды. Ауыл шаруашылығы малдары ауырып қалса, мемлекеттік тапсырыстан басқа ауруларды анықтау мақсатында «РВЗ» РМК-ға мәлімдеме жазылып, зерттеуге қажетті заттар (ИФТ-иммунды ферменттік талдауға арналған жиынтық) келгенше «ауру» тосып отырмайды ғой. Кей жағдайда «бұл аурулар мемлекеттік тапсырыстың тізімінде жоқ» деген сылтаумен мал иелерінің әкелген сынамалары көбінесе зерттелмей, кейін қайтарылады. Зертханада жұмыс істеп жүрген кезімде осындай келеңсіз жағдайларды жиі көруші едім. Сондықтан зертханаға жіберілген сынамалар тексеруден өткізіліп, зерттеу нәтижелері белгіленген уақытта берілуге тиіс.
Сегізіншіден, Каспийдегі итбалықтардың (тюлень) және балықтардың адамдарға қауіпті анизакидозбен залалдану деңгейінің өсуі алаңдатады. Тексерілген балықтардың құрсақ қуысында, ішкі ағзаларында және бұлшық еттерінде адамдарға қауіпті бес гельминттің түрі табылды: Anisakis, Сontraсаecum, Porrocecum, Eustrongylides және Opisthorchis. Балықтардың кейбір түрінде инвазияның экстенсивтілігі 75%-ға жеткен.
Сондықтан Каспийдегі балықтар фаунасын сақтап қалу үшін, Халықаралық деңгейде келісімшарттар жүргізе отырып, жоғарыда аталған аурулардың ақтық иесі итбалықтарды дегельминтизациядан өткізуіміз керек.
Қорыта айтқанда, жоғарыда айтылған мәселелерге мемлекеттік деңгейде шаралар қабылданбаса, инфекциялық-инвазиялық ауруларға жол ашып, қиын жағдайларға тап болатынымыз анық.
Сәдібек ТОҚПАН,
паразитолог, ветеринария ғылымдарының кандидаты