• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Пікір 19 Ақпан, 2024

Ұлтты жетілдірудің үш тетігі

222 рет
көрсетілді

АҚШ-тың Сыртқы саясат жөніндегі кеңесінің (Council on Foreign Relations) мүшесі және Канада озық зерттеулер институтының ғылыми қыз­мет­кері, сонымен бірге Принстон университеті бас­пасынан шы­ға­тын жаһандық және салыс­тыр­малы әлеуметтану зерт­теу кітаптары сериясының редакторы Андреас Уиммердің 2018 жылы «Ұлт құру: неліктен кейбір елдер бірігіп, басқалары ыдырайды» (Nation Building: Why Some Countries Come Together While Others Fall Apart) атты кітабы жарияланды. Бұл – ке­йінгі жылдары ұлт құру тақы­рыбында жазылған іргелі еңбек­тер­дің бірі.

Профессор А.Уиммердің ойлары еліміздегі ғылыми-сарапшылық ортаға, саяси шешім қабылдаушылар мен оқырмандарға қызық әрі пайдалы болады деп сеніммен оның өзімен тілдесіп, пікір алмасқан едік. Саясаттану ғы­лы­мындағы тұжы­рым­дамалардың біріне сәйкес, эко­номикалық дамуды қамтамасыз ету, инклюзивті, қуатты және тұрақты қоғам құруда институттардың ше­шу­ші рөлі бар. Біз профессор Уиммер­ден дәулетті ұлт құру мен мем­ле­кеттің құлдырауының себеп­те­рін түсіндірудегі институттық тәсіл мен оның тұжырымдамасы ара­сын­дағы ортақ тұстар мен айырма­шы­лықтар жайында сұрадық.

Профессор кейбір ғалымдардың пайымдауынша, меншік құқығының мызғымастығы мен шешім қабыл­дау­дың демократиялық сипаты – эко­номикалық дамудың алғышарты еке­нін атады. Ал Фукуяманың тұжы­рым­­дауынша, қауқарлы мемлекет, демократия мен заң үстемдігі болмаса, елдегі саяси тұрақтылыққа қол жеткізу мүмкін емес. «Менің пікірім өзгеше. Бұл жерде басты рөлді институттар емес, саяси альянс құрылымдары ойнайды. Шындығына келгенде, бұл үш көзқарас мәселені әртүрлі жағынан қарастырады: экономикалық даму, сая­си тұрақтылық немесе зерт­теулерімде кө­терілетін қоғамдағы сан алуан топ­тар­дың саяси интеграциясы», дейді ол.

Профессор Уиммер «Ұлт құру» кітабында дамыған мемлекет қалып­тас­тыру үшін 3 құрамдас элемент: ерікті қауымдастықтардың пайда болуы мен таралуы; лингвистикалық бір­тектілік; қоғамдық игіліктердің теңдік қағидасына сүйеніп, таратылуы қажет деген тұжырым жасаған. Оның айтуынша, бұл тетіктер бір-бірінің орнын баса алады. «Швейцария ерікті қауымдастықтардың кең желісі арқасында саяси интеграцияланған, көпұлтты қоғамға айналды. Бұлар Қытайға тән емес, бірақ елдегі ортақ жазу жүйесі коммуникациялық ин­тегра­ция рөлін ойнағандықтан, орта­лық­тан басқарылатын мемлекет құ­ру­ға мүмкіндік туды. Сондықтан, әрине, бұл тетіктердің барлығы бір мезетте болғаны жақсы, дегенмен шарт емес», дейді ол.

Андреас Уиммер кітабында бел­сен­ді ерікті ұйымдар мен қоғамдық игі­ліктерді бөлуде азаматтар мен мем­ле­кеттің арасындағы әріптестікпен қатар, тілдік біркелкіліктің рөлін атайды. «Кейбір елдерде (мысалы, Ор­талық Азия елдерінде) бел­гі­лі бір деңгейде үшінші сектор қа­уым­дас­тығы лингвистикалық сипатқа қарай бөлінетінін байқауға болады», дейді ол. «Мен бұл факторларды жеке-дара қарастырамын, бірақ олар, әрине, сонымен бірге өзара ықпал ете алады. Ең маңыздысы өзара байланыс, осы екі фактордың ортақ тарихи тамыры – ХІХ ғасырдағы колонизацияға дейін пайда болған орталықтандырудың тарихи деңгейі. Мемлекеттік орталықтандырудың тарихи деңгейі екіұшты мұра қал­дыр­ды. Біріншіден, мемлекеттің қо­ғам­дық игілікті қамтамасыз ете алу деңгейі елді орталықтандыру тарихына байланысты. Отарлағанға дейін-ақ орталықтандырылған және бюро­кра­тиялық сипатта ұйым­дас­ты­рыл­ған Корея секілді елдерде, қоғамдық игіліктерді тарату әлдеқайда жеңіл, өйткені онда бұрыннан қалыптасқан және отаршылдық тұсында да сақ­тал­ған ұйымдық құрылым бар. Сол секілді отарлау алдындағы Корея секілді жоғарғы деңгейдегі орталық­тан­ған мемлекет тұрғындарын линг­вис­тикалық және кеңірек мәдени тұрғыда жұмылдыруға қабілетті. Қо­ғам­­дық игілікті қамтамасыз ету мен тіл тұтастығы мемлекеттің қалыптасу тари­хынан бастау алады», дейді профессор.

«Чарльз Тиллидің тұжырым­да­масына сәйкес, мемлекеттің қалып­тас­уы соғыс жүргізу мен ресурс өнді­ру үрдісімен тікелей байланысты. Соғыс – орталықтан басқарылатын мемлекеттің пайда болуына түрткі болған басты күш. Шығыс Еуропа мен Таяу Шығыстағы өршіп тұрған қанды қақтығыстарды ескере отырып, бұл тұжырым қазіргі замандағы ұлт құру үрдісіне байланысты әлі күнге дейін өзекті деп айта аламыз ба?» деген сұрағымызға профессор Украина мысалымен жауап берді.

«Біз Украина мен Ресей арасындағы соғыс барысында Украина өзінің институттық қуатын күшейтіп, тұр­ғын­дарға салынатын салықты ұл­ғай­ту арқылы да қоғамды қадағалау мен оны бақылау мүмкіндігін тереңдетуге қабі­летті екенін көрдік. Әдетте со­ғыс сыртқы көздерден қаржы­лан­ды­ры­ла­ды, дегенмен мұның ұлт құру­дағы ықпалы шектеулі. Юваль Фэйн­штайн екеуміздің «World Politics» журналында жарыққа шыққан мақала­мыз­да осыны көрсетеміз: соғыс ұлт құруға алып келуі үшін қазына шетел­дің қаржылай көмегі, несие немесе мұнай секілді табиғи байлықтан емес, жергілікті халықтан жиналатын салықтан толуға тиіс. Үшіншіден, адам шығыны көп болған жағдайда және соғыс бүкіл халықтың атынан (белгілі бір әулет немесе империя үшін емес) жүргенде ғана ұлт құру мүмкіндігі артады. Бас­қа­ша айтқанда, халық өзінің үлесін сезінгенде және соғыстағы үлесін легитим деп есептеген жағдайда ғана ұлт қалыптасады және бұл қос алғышарт мемлекеттің экономика мен қоғамға қосатын үлесін кеңейтіп, жауап ретінде халықтың қоғамдық игіліктерге деген талабын күшейте түседі», деген ол соғыс қалайша ұлт қалыптастырады деген сұраққа Таяу Шығыстағы Иран-Ирак соғысын мысал ретінде келтіруге болатынын да тілге тиек етті. Бұл со­ғыс кезінде Иран мемлекеті біраз нығайған еді.

КСРО ыдырағалы бері мемлекет қалыптастыру мен ұлт құру мә­се­ле­сі одақтан бөлініп шыққан жаңа егемен елдердің басты саяси мұ­ратына айналды. Аймақтағы сая­си элиталар кеңес мұрасын ескере отырып жаңа ұлттық біртектілік, әлеуметтік ұйысу мен патриотизмді дәріптеу мақсатында жаңа идеялар мен нарративтер қа­лып­тастыруға мәжбүр болды. Осы тұрғыдан алғанда постколониалдық мемлекеттердегі ұлт құру үрдісінің отарлау көрмеген елдермен салыстырғанда қандай ерекшеліктері бар? Профессор Уиммер Жер шарындағы елдердің басым бөлігі империядан шыққанын еске салды. Солтүстік-батыс Еуропа елдері ғана бұл қатарға жатпайды, дегенмен Эфиопия, Таиланд, Қытай, Жапония, Непал және Бельгия мен Нидерланд та империядан шыққан. Басқаша айт­қан­да, постколониалдық мұра ерек­шелік емес, ол – норма.

«Эмпирикалық зерттеуім арқылы бұл мұраның постимпериялық мемлекет құру үрдісі үшін зор маңызы бар екеніне көз жеткізе алмадым. Басқарушы коалициядағы этнос топтарының ауқымымен өлшенетін ұлттық-саяси интеграцияға қол жет­кі­зу біршама уақыт бойы импе­рия­лық үстемдіктің қоластында бол­ған қоғамдарда аса күрделі деуге келмес. Сол сияқты бір кездері отар­лау­шы­лар­дың қоластында болған елдер сая­си тұрғыда біріге алмайды деп пайымдау да қате», деді А.Уиммер.

Германия, Израиль, Польша секілді елдер жарты ғасырдан астам уақыт бойы шетелдегі қандастарын елге қайтару саясатын жүргізіп келді. Мәселен, Қазақстандағы репатриа­ция бағдарламасының арқасында шетелдегі қазақтардың біраз бөлігі елге көшіп келді. Қазір Қазақстанда олардың саны 2 миллионға жетті. Осы тұрғыдан алғанда этностық қағидаға сүйеніп жасалған репатриация саясаты ұлт құру ісіне қаншалықты әсер етеді және оған сүйеніп, этностық ұлттық біртектілік қалыптастыру қалай ерек­­шеленбек? Профессор Уиммер бұл саясат биліктің лигитимдігінің артуына әсер етуі мүмкін екенін айтады. «Диаспораны елге қайтаруды көздейтін бағдарлама қабылданғаны шетелде өмір сүріп жатқан қандастар үкімет назарынан тыс қалмағанын білдіреді. Дегенмен диаспора саясаты елде іріткі тудыруы да әбден ықтимал. Ең бастысы, елге оралған қандастар іштегі оқшауланған азшылыққа айналмауы үшін олар саяси тұрғыда тең қарастырылып, қоғамдық игіліктерге өзгелермен тең дәрежеде қол жеткізе алуға тиіс. Керісінше, көпэтносты қо­ғам­да көпшілік этнос тобына жа­та­­тын елге оралған қандастар эт­­нос­тық көп­шілікке жатпайтын ішкі аз­шы­лық­тар­мен салыстырғанда ба­сым­­­дық алып кетуіне жол бермеу де аса маңызды», дейді ол.

Профессор Андреас Уиммермен әңгіме барысында ұлтаралық қаты­нас­­тар­мен қатар, дінаралық келісім мә­се­­лесі де қозғалды. «Ел­дің зайыр­лы басқару формасына нұқсан келтірмей, сан қатпарлы қоғам­ның инклюзивтігін қамтамасыз ету үшін баланс­­ты қалай сақ­тауға болады?» деген сұра­ғы­мыз­ға ол: «Зерт­теуі­ме сәйкес этно-линг­вис­ти­калық және этно-діни топтар арасында фун­да­менталдық айырмашылық жоқ. Толеранттығы төмен діни қауым­дас­тықтар немесе биліктің бөлі­ну жүйесін ауыстырып, оның орнына басқа өкімет түрін (мысалы, «Ислам мемлекеті») құруды көздейтін діни топтардың қоғамға интеграциясы мемлекет құру тұрғысынан үлкен қиындық туғызатыны анық. Осы тектес режімдер сан алуан діни бағытты ұстанатын азшылықтарды ескермейді (бұдан да сорақысы болуы мүмкін), бұл өз кезегінде қарсылық тудырып, тіпті саяси озбырлыққа да әкелуі мүм­кін. Жалпы, сан алуан дін өкілдері бірігіп өмір сүріп жатқан қоғам үшін секуляризм оңтайлы қағида, өйткені ол діни азшылықтармен қатар діни көп­шіліктің саяси инклюзиясын ны­ғай­тады», деп жауап берді.

Профессор құндылық қалып­тас­­тыру өкіметтің еншісіндегі іс емес екенін айтады. Оның пікірінше, «со­циа­листік тұлғаны» тәрбиелеуге ұм­тыл­ған кеңес одағының тәжірибесі немесе Қытайдағы мәдени револю­ция – бұл тектес саясаттың нәтиже бер­мейтініне бірден-бір мысал. «Бұл – өкімет құндылық бағ­да­рын қа­лыптастырмайды деген сөз емес. Социализм, мысалы, ха­лық­­тың өкіметке қоятын талап-тілек­теріне және олардың жеке тұл­ғалар арасындағы бәсеке мен жауап­кер­ші­лікке деген көзқарасына терең­нен ықпал етті. Бұл құндылықтар коммунистік режім тұсындағы ұр­­­­пақтардың бейімделуі түрінде кө­рі­ніс тапты. Бұл бейімделудің мәні қарапайым: азаматтар өзінің көзқарасы мен мүддесін (соның ішінде олардың қадір-қасиеті мен адамгершілікке қатысты) сол мәдени тілде баяндауға мүмкіндік беретін құндылықтарды қабылдауға бейім. Олар бұл ұстанымға қайшы келетін құндылықтарды қа­был­дамайды және мемлекет ха­лық­ты жаңадан тәр­биелеуге мәжбүр­легенде, олар өзінің ішкі әлемінің жеке кеңістігіндегі сан алуан көзқарасын ұстанатын немесе отбасы мүшелерімен ғана тал­қылайтын күйде бола тұра конформизм симуляциясын жасайды. Сөйтіп, өкімет адамдар бейімделе алатын құрылымдық шарттарға әсер ету арқылы өз азаматтарының құн­ды­лық­тарына ықпал ете алады. Алайда өкімет ағартушылық және ақпараттық шаралардың ғана көмегімен жеке тұл­ғаның құндылықтарын өзгертуге қауқарсыз», дейді ол.

 

Әлібек ҚИСЫБАЙ,

«Қазақстан қоғамдық даму институты» КеАҚ басқарма төрағасының орынбасары