• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Экономика 20 Ақпан, 2024

Экономикалық саясатты қайта құрған жөн

119 рет
көрсетілді

Жаңадан жасақталған Үкіметтің экономикалық блогінің жүгі ауыр болғалы тұр. Қазіргі жағдайды шахмат не дойбыдағы Цугцванг жүрісінен ғана салыстыра аламыз. Сырт көзге кез келген жүріс тығырыққа тірейтіндей әсер қалдырады. Себебі күні бүгінге дейін қабылдаған бағдарламалардың нәтижесін ел нақты сезіне алған жоқ.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ҚҚС мөлшерлемесін көтеруден бас тартуды міндеттеген тапсырмасы жаңа шешімдерді, пайдаланып үлгермеген мүмкіндіктеріміздің көзін іздеуге мәжбүрлейді. Ауадан ақша жасау мүмкін емес. Ал бюджетке қаржы керек...

Салықтық әкімшілендіру және жеңілдіктерді қайта қарау жаңа түсім­дерді іздеудің негізгі көзі болмақ. Бұл ретте таңдау айрығында тұрғанымыз­ды бәріміз түсінуіміз керек. ҚҚС-ның мөлшерлемесін қайта  көтеріп, бұрын­ғы жүйеге қайта ораламыз не болмаса түрлі преференцияларды жоя отырып, салықтық реформаның негізін қалаймыз.

Бірақ біз соңғысын таңдадық. Пре­зидент ҚҚС-ны бұрынғы қал­пында қал­дыру арқылы кәсіпкерлердің мүд­десін қорғап шықты. Енді бұл шешім бізге қандай өзгерістер алып келеті­нін талқылап көрейік. Бізде ҚҚС-дағы жеңілдіктер негізінен тауарларды импорттау және өзара есепке алу кезінде қолданылады. Бұл шешім бізге үнемі табыс әкелетін жеңілдік емес, ҚҚС-ны кейінге қалдырумен ғана шектелетінін түсінуіміз керек.

Мұндай жағдайда ҚҚС-ның формасы кейін өтелетін және бола­шақ­та төлемдерді азайтатындай етіп жасалған. Бұл бір реттік әсер береді, содан кейінгі әсер несиелік ҚҚС бо­йынша төлемдерді азайту арқылы бейтараптандырылады.

Банк секторында, бағалы қағаздар нарығында ҚҚС бойынша жеңілдік­тер бар. Тек облигацияларға ғана са­лық салынды, ал өзге бағыттар­дағы жеңілдіктердің күші жойылды. Нота­лардың да саны айтарлық­тай қысқарды.  Мұндай жағдайда банк­терден түсетін кірісті арттыру мүмкін болмай қалды.  ҚҚС мөлшерлемесі төмендеген са­йын банк секторының табыстылығы да төмендейді. Ағымдағы шоттар бо­йынша сыйақы есептелген жоқ, бұл кәсіпорындар мен тұрғындардың қосым­ша табысы болмайды деген сөз.

Ашық цифрлық жүйені құру үшін  бізге үш-төрт жыл және IT-ға жақсы инвестиция қажет. ШОБ-тың  көптеген артықшылықтарға ие және негізгі проб­лемасы – бөлшектену. Өткен жыл­ға дейін тексерулерге мораторий жария­ланған болатын. Мораторийдің жойылуымен олар бөлшектенумен күресуге тырысатын сияқты, бірақ бұл өте қиын. Расында, ШОБ ірі бизнеске айнала алмады. Мораторийдің жойылуы бизнестегі біраз кемшіліктің бетін ашып берді. Бірақ ол кемшіліктермен күресу оңайға соғайын деп тұрған жоқ. Орталықтан шалғай аймақтарда бизнеске қатысты мәселенің бәрін жергілікті шенеуніктер шешеді, ал бізде салық органдарының өздерін бақылауға мүмкіндік жоқ. Бізге барынша айқын, барлығына түсінікті цифрлы жүйені енгізу қиынға түсейін деп тұр. Әзірше тәуекелдерді бағалауды ғана үйрендік. Тағы да қайталап айтайық, бізге қажет жүйені құру үшін IT индус­трия­сына қаржы керек.

Сондай-ақ бізде алып тастау өте қиын болатын көптеген басқа артықшылықтар бар. Атап айтқанда,  аграрлық сектордағы, қор биржасындағы,  АХҚО, хабтардағы және тағы бірқатар жеңілдіктерді айтуға болады.

Табысты көбейту қиын болғандықтан, шығындарды азайту керек. Шығындарда да осындай проблема болады. Барлық шығыстар бюджеттік үдеріс, көптеген процедуралар мен бекітулерден өтті. Бұрынғы Үкімет айтқандай, «бюджеттік өтінімдер бірнеше есе көп». Қысқа мерзімде шығындарды тиімді, жүйелі және тиімді қысқарту өте қиын. Сонымен бірге бюджет шығыстары елдің кірісі болып табылады. Бұл – фискалдық серпін. Шығындарды азайту іскерлік белсенділікке әсер етеді және ІЖӨ-ні кемітеді. Сонда біз ІЖӨ-нің 6 немесе одан да көп пайыздық өсіміне қалай қол жеткізе аламыз? Сондай-ақ валютаның құнсыздануы арқылы бюджет кірістерін номиналды түрде арттыруға болады. Бұл бағытта резервтер бар. Теңге қазір бұрынғыдан да күшті және бұл қазір ең жылдам әрі тиімді шаралардың бірі болар. Инфляцияның бірден базалық мөлшерлемеге әсер ететінін,  мұндай жағдайда  халықтың табысы екінші орынға жылжып кететінін ұмытпайық. Себебі еңбек өнімділігі халықтың табысын арттыруға мүмкіндік береді. Бұл бағытта бізде сапалы бағдарлама жоқтың қасы.

Бізге экономикалық саясатты түбе­гейлі түрде қайта құру қажет. Мұны қоғам­ның жон арқасын қарып кететін ауыр шешімдерсіз орындап шығу мүм­кін емес. Бізге үш-төрт жылдан кейін өз жауапкершілігімізге арналған мін­дет­терімізді орындалмаған күйде бағдар­ламалар қоқысына лақтырып таста­ғаннан гөрі ауыр реформаларды қазір­ден бастап кеткен дұрысырақ. Бүгін бастамасақ, келер жылы кеш болып қалуы да әбден мүмкін.

Үкіметтің экономикалық блогі ғана емес, макроэкономистеріміз де алдымызда не күтіп тұрғанын түйсіне алатын, қауіп қай тараптан тө­ніп тұратынын сезе алатын бағдарлама­шы болуы керек. Қысқамерзімді өркен­деу­дің алдағы жылдарға әсері аз екенін Венесуэла, Аргентина, Түркия, Эквадор, Зимбабве және басқа да бірқатар елдердің жүріп өткен тарихынан білеміз.

 

Ғалым ХҰСАЙЫНОВ, 

қаржыгер

 

АЛМАТЫ