Азаматтық қоғамды дамыту мәселелері бойынша кешенді баяндама еліміздің азаматтық қоғамын одан әрі дамыту мәселесіне арналған. Құжатты «Қазақстандық қоғамдық даму институты» КеАҚ Қоғамдық үдерістерді зерттеу орталығының авторлық ұжымы дайындады.
Мемлекет дамуының айқындаушы параметрлерінің бірі – азаматтық сектор. Мемлекеттің табыстылығын ҮЕҰ-ның табысты және тиімді қызметінен көруге болады, өйткені бұл Үкіметтің азаматтық қоғам ұйымдарымен ашық және сенімді қарым-қатынас орната алуының, сондай-ақ өз проблемалары мен мәселелерін әртүрлі деңгейлерде шешуге мүмкіндігінше көп азаматтарды тарта алуының дәлелі. Азаматтардың азаматтық ұйымдарға белсенді қатысуы, бір жағынан, халықтың энергиясын шығармашылық бағытқа бағыттайды. Мысалы, олар білім алады және өз қабілеттерін арттырады, азаматтар мемлекет тарапының шешімін күтпестен өз проблемаларын өз бетінше шешуге үйренеді. Осылайша, Үкімет азаматтарды еліміздің дамуына қатыстыра отырып, мемлекеттік бағдарламалар нәтижелерінің тиімділігін арттырады.
Ал еліміздегі азаматтық сектордың бейнесі қандай? Қазақстандағы «азаматтық қоғам» ұғымы нені білдіреді?
Азаматтық қоғам Адам құқықтарының жалпыға бірдей декларациясында және Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пактіде жарияланған бірлестіктер бостандығы мен пікір білдіру құқықтарын міндетті түрде сақтауы қажет. Құқықтық, демократиялық, әлеуметтік және «халық үніне құлақ асатын» мемлекет құру басты негіздердің бірі бола отырып, мемлекет және бизнеспен тең құқылы және сындарлы әріптестікке негізделуге тиіс.
Қазақстанның азаматтық секторының бейнесін жасау үшін «азаматтық қоғамға» анықтама беру маңызды. Азаматтық қоғамды дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған тұжырымдамасында азаматтық қоғам – адамға өзінің азаматтық құқықтарын іске асыруға мүмкіндік беретін және қоғам мүшелерінің әртүрлі қажеттілігі мен мүддесін білдіретін мемлекеттік емес қоғамдық қатынастар мен институттар жүйесі делінген. Ұлттық заңнамада «азаматтық сектордың» нақты белгіленген анықтамасы жоқ және бұл ұғым мемлекеттік және коммерциялық секторларды ескере отырып, «коммерциялық емес сектор» немесе «үшінші сектор» анықтамаларының синонимі ретінде пайдаланылады.
Азаматтық қоғамның негізгі міндеті – жеке адам мен мемлекет арасында делдал болу, әрбір адамның мүдделерін қорғауды қамтамасыз ету және билік қызметіне қоғамдық бақылауды жүзеге асыру.
2023 жылы елімізде тіркелген ҮЕҰ саны 23 335 ұйымды құрайды. Оның ішінде, 1 103-і қызметін тоқтатса, 2 217-сі жұмыс істемейді деп танылған. Жұмыс істейтіндердің саны – 18 204. Бұл сан Қазақстандағы ҮЕҰ қарқыны 2003 жылмен (ҮЕҰ саны – 3 500) салыстырғанда 7 есеге артқанын көрсетеді. (1-сурет)
Ұйымдық-құқықтық нысандар бойынша ҮЕҰ қоғамдық бірлестіктерге – 11 538; қорларға –7 162; мекемелерге – 3 063; ЗТБ –1 572 бөлінеді. Жұмыс істеп тұрған ҮЕҰ-ның ең көп саны Алматы қаласында – 5 017, Астана – 3 554, Шымкент – 1 512, сондай-ақ Қарағанды – 1 237 және Қызылорда облыстарында – 1 217 тіркелген. (2-сурет)
2-сурет
ҮЕҰ қызметінің ашықтығын, іске асырылған ҮЕҰ жобалары туралы халық үшін ақпараттың қолжетімділігін қамтамасыз ету мақсатында 2017 жылы «ҮЕҰ деректер базасы» қолданысқа енгізілді. 2023 жылы есепті кезеңдегі мәліметтерді 5 191 ұйым (ҮЕҰ жалпы санының 22,3%) ұсынды. 2022-2023 жылдары қаржыландырудың әр түрін пайдалана отырып, жалпы сомасы 127 млрд теңгеге 4 220 жоба іске асырылған.
2022 жылы коммерциялық емес ұйымдар секторында 133 мың адам жұмысқа орналастырылды. Оның ішінде 25 мың адам тұрақты негізде жұмыс істейді, олардың ішінде 471-і шетелдік маман (ЕО, АҚШ, Ресей, Түркия, Оңтүстік Корея, Қырғызстан, Өзбекстан және т.б. азаматтары) бар. Түрлі қоғамдық және қайырымдылық жобаларды іске асыруға қазақстандық ҮЕҰ мен халықаралық ұйымдар 107 мыңнан астам волонтерді тартты.
Елімізде азаматтық қоғамды одан әрі дамыту бойынша ұйғарымдар мен ұсынымдар да түзілген. Қазіргі таңда қоғамдық институттардың жұмысы заңнамалық тұрғыдан реттелген, олардың әрқайсысы мемлекеттің демократиялық негіздерін қалыптастыруда шешуші рөл атқарады. Сонымен қатар осы институттарды бір бейнеге біріктіру қиынырақ, оның басты себебі – тіркелген және белсенді ҮЕҰ саны үнемі өзгеріп отырады. Сол себепті осы бағыттағы өзгерістердің серпінін бақылап отыру мүмкін емес, өйткені ҮЕҰ-дағы жұмысқа орналасудың өзі тұрақты және уақытша болып бөлінеді. Гендерлік құрам, кәсіптік тиістілік, жас шектелімі бөлінісінде статистикалық деректер жоқ. Іс жүзінде ҮЕҰ өкілдерінің сапалық құрамын жан-жақты жасау мүмкін емес.
Жиембет ЖҰМАҒҰЛ,
Қазақстан қоғамдық даму институтының сарапшысы