• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Театр 21 Ақпан, 2024

Жақыпбайдың «Жан пидасы»

159 рет
көрсетілді

Әдебиет әлемі төбесіне көтерген сұңғыла су­реткер Шыңғыс Айтма­товты «Адамзаттың Айтматовы» атап қадірлеген қазақтан артық ұлт жоқ-ау, сірә... Жазушының көзі тірісінде-ақ қаламынан туған әр шығармасына өнер тіліндегі мәңгілік ғұмыр сыйлап, бағын ашқан режиссер Әзірбай­жан Мәмбетовтен басталған театр әлеміндегі тамаша мектеп дәстүрі үзілген жоқ. Со­ның айғағы болса керек, еліміздің түкпір-түкпіріндегі театрлар Айтматов мұрасына оқтын-оқтын оралып келеді. Режиссер, Қазақстанның еңбек сіңірген қай­раткері, Мемлекеттік сыйлықтың лау­реаты Нұрқанат Жа­қыпбайдың күні кеше елорда төрінде тұсауы кесілген «Жан пидасын» көргенде, осыған тағы бір мәрте көз жеткізе түскендей болдық. Ақсарбас десек, артық емес, жа­рыққа шыға салысымен Бішкек төрінде Шыңғыс Айтматовтың 95 жылдығына орай ұйымдастырылған VI Халықаралық «Айтматов және театр» фестивалінде тұсауы кесіліп, жарқырай көрінген астаналық Жастар театрының «Жан пидасы» аламанның алдын бермеді. Театр мамандарының бірауыздан қолдауына ие болған қойылым автордың туған жерінен Гран-при жүл­десін қанжығалап қайтты. Олжа­мен оралған спектакльдің еліміздегі премьерасы да аншлагпен өтті.

Айтулы қойылым – режиссер Нұр­қанат Жақыпбайдың Шыңғыс Айтма­товтың «Жан пида», «Жан азабы», «Ға­сырдан да ұзақ күн», «Ақ кеме» және О.Бөкей­дің «Жетім бота» мен Роза Мұ­қано­ваның «Мәңгілік бала бейне» шы­­ғармаларына жасаған суреткерлік тәжірибесі. Мағыналық тұрғыдан арналас туындылар астарынан күллі адам­заттық мәселелердің мәйегін тануға деген ұмтылысы, Оралханша айтсақ, бо­лашаққа ескертпесі. Сол арқылы қа­зіргі қоғам, жалпыадамзаттық ахуалға өзінің суреткерлік һәм азаматтық көзқарасын да қатар жеткізетіндей. Тіпті «Жан пиданы» Нұрқанат Жақыпбайдың шығар­машылық кемелденуінің шыңы деп бағаласақ, артық айтқанымыз емес. Олай деуімізге себеп мол.

Режиссерлік таным биігіндегі те­рең талдау өзінің ауқымдылығымен, шығармашылық ойлау еркіндігімен және жазушының әдеби мұра­сын фи­лософиялық тұрғыдан түсі­ну терең­дігімен таңғалдырды. Спек­такль­дегі Шыңғыс Айтматовтың бірне­ше туындысы желісінен алынған аңыз­дар­дың басы біріктіріліп, өлмейтін шығармалардың арқауынан мәңгілік мән іздеуге деген ұмтылыс та құптарлық. Режиссер Айт­матов әлемін сахнада бейнелеп, адамзат тарихын оның пайда болуынан бастап бүгінгі күнге дейін жан-жақты көрсетіп, болмыстың құлдырауын тұлғаның рухани күйреуімен байланыс­тырады һәм адам жанының экологиясын театр тілінде тамаша сараптайды.

Қойылымның ерекшелігі де сол – жазушы шығармашылығына арқау болған Мәңгүрттену проблемасын бүгінгі заманауи қоғам ахуалымен па­ра­ллель сөйлете алуында. Режиссер адам қолымен жасалған қастандықтың салдарынан айықпас дертке шалдыққан психикалық науқастың адам кейпінен ажыраған ессіз һәм дәрменсіз күйін емес, Мәңгүрттену проблемасын өркениетті, жаһанданған қоғамның боямасыз күйі, яки індеті ретінде қарастырады.

Сонау антика дәуірінің бізге жеткен драматургиясына көз жүгіртсек, Софокл шығармашылығына арқау болған әкесін өлтіріп, туған анасына үйленген Эдип патшаның, Еврипид тасқа қашап кеткен күйеуіне кектеніп қос баласын өз қолымен шімірікпестен жаһаннамға жіберген Медеяның қанішерлігін немесе тақ пен тәждің жолында талай трагедияға себепкер болған ағылшын қайта өрлеу дәуіріндегі Шекспир кейіпкерлерінің қатыгездігінен туған анасын зорлап, зор күнәға батқан бүгінгі Шыңғыс Айтматовтың Мәңгүртінің жантүршігерлік әрекетін титтей де кем дей аламыз ба? Әрине, жоқ! Қай кезде де жүректен иман азайып, Жарат­қан­ға деген сенім жоғалған кезде, бой­ды қа­­нағатсыздық билеп, көңіл ашкөз­ден­­генде, адам өзінің пендеуи кей­пін жо­­ғалтып, хайуани күйге түседі екен. Қай заман, қай дәуірде де адами азғын­дану­дың азабын ашық айтып, жүрек қанын сорғалатар ащы шындық арқылы көрерменіне ой салып, тәубеге түсіруге қызмет етуден танбай келе жатқан «жан тазартқыш» киелі театр өнері күні бү­гінге дейін сол міндетін жоғалтпапты. Нұрқанат Жақыпбайдың Жастар театры сахнасына әкелген «Жан пидасынан» да сол катарсис үдерісінің тарихи жалғасы деп қарастырсақ, тіпті де негізсіз емес.

Әдетте, қай шығармасын да те­рең философиялық астарға, биік эсте­ти­калық талғамға құратын режиссер бұл жолы да сол ерекшелігінен алшақ кет­педі. Осы тұрғыда Нұрқанат Жақып­бай­ды көп әріптесінен даралайтын қасиеті – оның ізденімпаздығы. Қашан көрсең тұтасымен өзін өнерге арнаған жанның спектакль қоюдың инемен құдық қазғандай қиын да күрделі жолын жан жүрегін салып еңсеруге деген ұмтылысы, ерік-жігері еріксіз таңғалдырады. Бүгінде ақсақал жасына жетсе де, жаңашылдыққа ұмтылып, жаңалық жасаудан бір танбайтын сурет­кердің сахналық сараптаулары заманауи театр тілінің тетігін меңгерген жас­­тар­дың өзін шаң қаптырады. «Жан пиданы» тама­шалап отырып, пост­м­о­дернизмнің озық элементтерін көре­міз. Оның ең әуелгісі – эклектика. Жанр­лардың араласуын, ән мен би, сөз бен әрекетті сәтті қабыс­тырған қойылым көркемдік тұрғыдан тұшымды тіл қата­ды. Спектакль мазмұнын сөзден гөрі плас­тика, би тілі­мен баяндауға деген ұмтылысы, сықиған қозғалмайтын декорацияны емес, ең әуелі актерлердің ішкі көңіл күй тол­қынысын, жанайқайын алғашқы планға шы­ғарудағы табысы, жарық пен музыканы қойылымның компоненті ғана емес, шығарманың философиялық астарын жеткізуші маңыз­ды көркемдік құралға айнал­дыру­дағы суреткерлік сезімталдығы – бар­лы­ғы да спектакльді өресі өзгеше сах­на мәдениетіне жетелейді. Үштік ансамбль: Бұғы ана – Айнұр Рахипова, Әмір­ші – Сүндет Сәрсен және Мәңгүрт – Дәурен Серғазин арасындағы үндескен қуатты сахналық органика қойылым құндылығын байытуға ғаламат әсер етеді. Сол секілді Иса пайғамбар – Бақыт Қажыбаев пен Понти Пилат – Жандәулет Батай тандеміндегі тамаша темперамент те ерекше тоқталуға лайық бейнелер қатарында. Жан дүниесінің ішкі талас-тартысына құрылған драмалық күй актерлер ойынында сәтті сарапталды. Әсіресе Бұғы Ана бейнесін кескіндеген актриса Айнұр Рахипованың бойындағы қуаты мықты ішкі психологиялық терең­дік тамашалаушының жан дүниесін бір сәт те бейтарап қалдырмайды. Спектакль бойында Бұғы Ана, Найман ана секілді психологиялық бояуы қалың рөлдердің шашауын шығармай, бір өзі бірнеше кейіпкердің амплуасына еркін ауысып, шыңдалған шеберлік шыңында келісті бейне түзуі – өнер иесінің актерлік алапат қуат-күші мен кәсіби қарымын әйгілеп тұрғандай. Актриса кейіпкерінің көңіл күй қатпарларына тұнған ішкі трагедиялық күйді, ащы драмалық зарды қанын сорғалата отырып көрерменіне шынайы жеткізе білді. Оны көрермен де сөзсіз сезді.

Баттасқан бояу мен бар құпиясын жайып сап тұрған тұрмыстық трактовкадан қашатын режиссер бұл жолы да шарттылықты негізге алады. Сахнада негізінен символ мен метафора сөйлейді. Екіге бөлінген контрастты кеңістікте бір-біріне қарама-қайшы екі әлем өмір сүреді. Сахна ортасынан орын алған ғимарат типтес жылтырақ әйнекпен көмкерілген алып декорация бүгінгі біз өмір сүріп жатқан қалалық өмірдің құйтақандай ғана бір бөлшегін бейнелесе, енді бірде өз бейнеңді өзіңе баттастыра көрсеткен айнаны еске түсіреді. «Сол арқылы өзіңді, бүгінгі бет-бейнеңді көр, адамзат!» дейтіндей көрерменіне. Ал ғимаратты айнала қозғалған үш бейне спектакльге соавтор болған қаламгерлер шығармасындағы кейіпкерлердің тағ­дыр-талайы арқылы берілген көмес­кілене бастаған құндылықтар көшін меңзейді. Жылтырақ әлемде өмір сүрген кейіпкерлердің бар ойы мен назары – ұялы телефон мен гаджетте. Айна­ласында болып жатқан түрлі оқиғаға, өздерін айнала қозғалған кейіпкерлердің қасіретті күйі мен трагедиясына һәм жан шырылына назарын салып та қарамайды. Тірі пендеге өмірдің бар қызығы ұялы телефонның ішіне тұрақтап қалғандай.

Ал мына бір әлемнің трагедиясы мүлдем басқа. Бұлар тілдесуге, жан сырын жайып сап, шер тарқатысар жан таппаған тіршілік иелерінің ішкі шырылы. Марқұм Қазанғап досын мәңгілік мекенге тұрақтандыратын екі метр жер іздеп сандалған Едігенің жанайқайы да, жерімізді улап, ылаң салған полигонның қасіреті салдарынан мәңгілік бала кейіпте қалып қойған Ләйләнің тауқыметті тағдыры да, жетім ботасын жетектеп, теңіз толқынынан ата-анасына сәлем жолдаған дертті, жетім бойжеткен Ақботаның ішкі трагедиясы да күмбезін күн сүйген зәулім ғимаратта отырған жаңа заман адамдарына шыбын шаққан құрлы әсер етпейді. Тас қалада жаны да тасқа айналған адамдардың жүрегі бір сәтке соғуын да тоқтатқандай. Телефон билігін жүргізген мұздай темір қоғам. Мұнда адамдар сұлулыққа селт етіп, мейірімге елжіремейді. Тәні сау болғанымен, рухы мүгедек күйге түскен, қарапайым ғана адами ұғынысуды ұмытқан темір адамдар тобыры. Тас қабырғаға қамалып отырған ол қауым – сіз бен біз.

Керісінше, тәні мүгедек болса да арманға сеніп, сұлулыққа сүйсінуден танбаған, тәні жарымжан болғанымен, жан дүниесіне ноқаттай қылау түсірмей, жүрегін таза сақтай алған Ләйлә бейнесі көп көңіліне ой салып, көрерменнің рухани әлеміне төңкеріс жасағандай. Актриса Наурыз Сабағатова сахнаға шығарған Ләйләнің соншалықты таза, соншалықты арманшылдығына қызығасың. Сырттай бақылап отырып, ол сенген әлемнің Сіз үшін қағаздай да қадірі жоқ құнсыздығын көріп іштей өз-өзіңізден жерисіз, жан дүниеңізді сұмдық бір қорқыныш билейді. Өйткені біздің жан дүниеміз қарапайым ғана адами сезімдер мен тілдесуді өркениет көшіне ұрлатып алыпты. Бас кейіпкер Ләйлә қойылым бойы сырын ақтарар пластмассадан жасалған ақ ләйлек құстар мен сүйген жаны Құмарды өзімен алып келеріне өрекпи сенген пойыз сұлбасын көз алдыңызға әкелер қалбыр ішіндегі құмның дыбысы, ол сырласар қаңылтыр табақтың аспандағы Айға айналып, ол киетін алабажақ киімдердің сырттай қоқыс көрінгенімен, қабылдауыңызға ханшайымның киіміндей әсер беруі – барлығы да ұғым мен қабылдаудың арасындағы контрастты көрсетеді. Тіпті Ләйләнің мүгедектігінің өзін сыртқы пішінге емес, ішкі пластикаға салуы да режиссер Нұрқанат Жақыпбай тарапынан табылған ұтымды шешім дер едік. Осылайша, спектакль бүгінгі қоғамда сыртқы мүгедектік емес, ішкі теңсіздік, рухани жарымжандық әлдеқайда қауіп­тірек деген оқшау ойға жетелейді.

Қойылымдағы Қазанғаптың өлімі де – метафора. Қазанғаптың өлімі – құндылықтың жойылуы. Ауылының атпалдай аяулы азаматын жер қойнына тапсыра алмай сандалған Едігенің жан қиналысынан көрермен қауым қос бірдей түйткілге кезігеді. Әуелгісі – әрине, жер мәселесі. Әу бастағы автордың ескерткен қаупі бүгін де өз өзектілігін кеміткен жоқ. Осыны театр тіліне әкелген режиссер жаһандық мәдениетке барынша бойұсынған жастарға туған жер, Отан мәселесіндегі ұлтжандылық рухты өлтіріп алмауға, өскен ортаңның әр түйір тасына дейін көздің қарашығындай қорғауға үндейді. Екінші мәселе – ұлт­тың салты мен дәстүрі, танымы мен ұс­танымы. Қазақтың қалыбын осы дү­ние­лер анықтайды. Әйтсе де за­ман ауы­сып, ұрпақ алмасқан сайын ол құн­ды­лықтар бағасын жойып, Қазан­ғаптың мүрдесіндей өз жерінде керек­сіз күй кешуі де режиссер трактовкасында сәтті сарапталады. Едігені кейіптеген актер, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Әділ Ахметов аталған мәселелердің драмалық күйін дөп тауып, ұтымды жеткізді.

Оралхан Бөкей қаламына арқау болған «Жетім ботадағы» Ақбота да жоғарыда көтерілген мәселенің жүйелі жалғасындай. Бұл жерден біз роботтанып, табиғи қалпын жоғалтқан қоғам мен рухани құндылықтар арасындағы тегеурінді текетіресті жазбай танимыз. Өз ортасында өгейдің күйін кешкен Ақботаның (Шехназа Қызыханова) қоғамнан оқшауланып, кісікиік ғұмыр кешуі тіпті де жетімдіктің немесе жазылмас дерттің қайғысы емес, тасжан­ды қоғамдағы жанын түсінер адам тап­пай қиналған жанның жүрек шырылы екенін ұғына түскендей боласыз. Тура «Ғасырдан да ұзақ күндегі» Едігедей... «Мәңгілік бала бейнедегі» Ләйләдай... Әйтсе де актер ойынын та­ма­шалап отырып, сахнагердің жан-жақ­ты талантына тәнті болғанымызбен, Ақботаның бойындағы нәзік лирика мен шексіз романтиканың солғындау шығып жатқанын да баса айтқымыз келеді. Бұл тұрғыдан келгенде актриса Шехназа Қызыхановаға Ақбота әлемін сараптау­да әлі де тереңдік пен жүйелі ізденіс қажеттілігін байқадық.

Қойылымдағы оқиғалардың арасын байланыстырып, дәуірді дәуірге жалғап жүрген тағы бір кейіпкер бар. Ол «Ақ кемедегі» – бала. Шеңбердің ішінде дөңгелей жүріп, арман әлеміне жетелейтін бұл бейне (Асылбек Әйтіш) заманды заманға, көнені жаңаға жалғаушы көркем образ ретінде қабылданады. Сол арқылы ескінің жаңаға ауысу бедеріндегі қоғамның тұтас келбетін көрсетеді. Жалпы алғанда, қойылым құндылығы құлдыраған қоғамның қасіретті күйін боямасыз суреттейді. Сол жатсынудың ішінен Жан іздейді.

Рас, бір қарағанда бірнеше шығар­мадан жинақталып, біріктірілген кейіп­керлер қарым-қатынасы да, әңгімесі де дәл чеховтық кейіпкерлердей жүйесіз, ортақ ойы жоқ мағынасыз сандырақтай болып көрінгенімен, оларды біріктіре­тін алтын қазық – идеясы екен. Ол – өрке­ниеттер қақтығысы мен технология­лар текетіресінде адамдық қалыбыңды һәм ұлттық құндылығыңды жоғалтып ал­мау. Осы мақсатты жеткізуде барын салып, «Жан пидаға» жан бітірген һәм зіл батпан ой жүктеген режиссер сарабынан біз осыны оқыдық. Ал сіз «Жан пидаға» бардыңыз ба?