Елімізде егде жастағы жандарға арналған «Күміс университет» жобасы 2021 жылдан бастап іске асты. Ол заманауи IT-технологияларды, шет тілін, құқықтық және қаржылық сауаттылықты, кәсіп түрлерін үйретеді. Бүгінде бұл бағдарлама бойынша 32 университетте 1500 ізденуші түрлі бағытта білім алады. Жақында оқыту бағдарламасы негізінде әдістемелік ұсынымдар қайта бекітілді.
Бұл ерекше модель Франция, Англия, Қытай және Жапония сияқты елдерде 60 жылдан бері сәтті жүзеге асқан. Егде жастағы адамдарға екінші мамандық алуға көмектесетін халықаралық қозғалысқа Қазақстан университеттері «lifelong learning» тұжырымдамасы шеңберінде қосылған. Яғни өмір бойы оқыту деген мағынаға саяды. Өткізілетін курстар сандық дағдылар, шет тілдері, кәсіпкерлік, құқық, мәдениет, дін және физикалық белсенділікті қамтитын көптеген саладан тұрады. 50 жастан асқандар белсенді өмір салтын ұстанып, өздерін жан-жақты дамытады. Осы жобаның оқыту бағдарламасы бойынша әдістемелік ұсыным қайта бекітілді. Бекітілген әдістемелік ұсынымдар еліміздің жоғары оқу орындарында жұмыс жоспарын қалыптастырып, күміс білім беру бойынша оқытады. Аталған бастаманы барлық ректор қолдады. Зейнет жасына жақындаған және зейнеттегі жандарға демеу беріп, қаржылық сауаттылығын арттыру – игі бастамаға айналып, жемісін де берді.
– Қазір отандық жоғары оқу орындары арасында «Күміс университет» деген жоба бар. Аталған жоба былтыр Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінде қанатқақты режімде іске қосылды. Демек университетте зейнет жасына таяған және зейнет жасындағыларға арналған орталық ашылды. Ол жерде өмірде түрлі жағдайға тап болған егде жастағы азаматтарға көмек, қолдау ұсынылады. Жоғары оқу орындарының алғашқы миссиясы – білім беру, екіншісі – ғылым және соңғысы – өңірдің әлеуметтік дамуына үлес қосу. Аталған іс-шара университеттердің үшінші миссиясына жатады, – деген еді Саясат Нұрбек Астанадағы электрондық коммерция мектебінің жұмыс қорытындысына арналған іс-шарада.
Мысалы, Қ.Сәтбаев университеті жасы егде тартқан азаматтардың мүмкіндігін ашуға барын салып жатыр. Олар бірінші қадамды «Тіршілік қауіпсіздігінің негіздері», «Қаржылық сауаттылық деңгейін арттыру» бағдарламасын жасау мен IT факультеті іске қосудан бастаған. Ал болашақта геронтоволонтерлік қызметті әртүрлі салаларда жүзеге асыру үшін егде адамдардың бойына қажетті қабілеттер мен практикалық дағдыларды қалыптастыруға арналған «Күміс заманның еріктілері» атты факультет ашу жоспарланып отыр. Өзгеше форматтағы сабақтар аптасына 2 рет өткізіледі. Бір сабақтың ұзақтығы 1 академиялық сағатты құрайды. Бір оқу курсының ұзақтығы 2 айдан аспайтыны – қатысушыларға ыңғайлы. Тіпті сабақ кестесі тыңдаушылардың өтініш-тілектеріне қарай жасалады. Кейде жоба-жоспарлар университеттің бағыттары мен әлеуетті тыңдаушылардың сұранысына қарай толықтырылуы мүмкін. Көбіне тыңдаушылар тобы 12 адамнан аспайды. Сабақтар дәрістер, семинарлар, экскурсиялар, тренингтер түрінде өтеді. Жағдайға байланысты күндізгі форматта немесе қашықтықтан оқытылады. Бір ерекшелігі – оқу аяқталғанда сертификат беріледі.
– Өзімді дамыту үшін осы жобаға қатысып жүрмін. Түрлі бағыттардың қыр-сырын үйреніп, танымымды біршама кеңейттім. Шетелге шыққанда ағылшын тілінен қиналған едім. Қазір үйреніп қалдым. Осы тұрғыда пайдасы тиіп жатыр. Одан басқа психологиямды реттеп, спортпен айналысып, сергек жүрмін. Басында тек денешынықтыру сабағына қатыстым. Сосын тігін тігуге қызығып, оны да үйрендім. Қазір әдемі киімдерді өзім тіге беремін, – дейді зейнеткер Әмина Мұсабекова.
Бұл жобаның жалғасы ретінде егде жастағы жұмыссыздарды жұмыспен қамту мүмкіндігі қарастырылған. Соның арқасында олар жеке көмекші, жас мамандар тәлімгері, әлеуметтік қызметкер, әлеуметтік жұмыс бойынша кеңесші болып жұмысқа орналаса алады. Еске салайық, «Күміс жас» жобасы да іске қосылған еді. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мұны дамытып, қатысушылар аясын кеңейтті.
– Бұған дейін «Күміс жас» жобасы 60 жастан асқандарға қарастырылған. Биылдан бастап оны 50 жасқа дейін төмендеттік. Сөйтіп, жобаға қатысушылар аясы кеңейді. Жалпы, жұмыссыздардың дені – үйде бала күтімімен отырып қалған немесе түрлі себептермен еңбек ету мүмкіндігі болмағандар. «Күміс жас» жобасының мақсаты – зейнет жасына жақындаған жұмыссыз азаматтарды қолдау. Біз оларға жеке көмекші, әлеуметтік қызметкер, атаулы әлеуметтік көмек бойынша немесе еңбекпен қамту орталықтарында консультант болуды ұсынамыз. Әлеуметтік сала бойынша жұмысқа орналастырамыз, – деген еді қазіргі Премьер-министрдің орынбасары Тамара Дүйсенова.
Мысалы, былтыр 50 жастан асқан 15 166 адам «Күміс жас» жобасы аясында жұмысқа орналасты. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, былтырғы жоспар бойынша жалпы 14 295 адамды жұмысқа орналастыру керек еді. Сандар сөйлеген дерекке қарасақ, жоспар толықтай орындалған. Жұмысқа орналасқандардың ең көп саны Түркістан (2103 адам), Қызылорда (1121 адам), Алматы (1099 адам), Қарағанды (1092 адам) және Ақтөбе (1056 адам) облыстарында тіркелген. Айтпақшы, жобаны қаржыландыру жүйесі бар. Еңбек мобильділігі орталығы жұмыс берушінің жұмысқа кіргендерге еңбекақы төлеуге жұмсаған шығындарының бір бөлігін өтеуге субсидия береді. Бірақ бәрі жоба шеңберінде болуы шарт. Ескере кету керек, бұл жобаға 50 жастан асқан және зейнеткерлік жасқа дейінгі жұмыссыз азаматтар ғана қатысады. Жобаға қатысқысы келетіндер мансап орталығына өтініш беруі қажет.
– Жұмыстың бірінші жылындағы субсидиялар мөлшері жалақы мөлшерінің 70 пайызын, жұмыстың екінші жылында – 65 пайызын, жұмыстың үшінші жылында – 60 пайызын құрайды. «Күміс жас» жобасына қатысу мерзімі аяқталғаннан кейін жұмыс беруші зейнеткерлік жасқа толмаған адамды кемінде 1 жыл мерзімге, сондай-ақ зейнеталды жастағы адамды зейнеткерлікке шыққанға дейін тұрақты жұмыспен қамтуға міндетті, – деп хабарлады Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрілігі Халықты жұмыспен қамту департаментінің директоры Асқар Ниязов.
Біздің қоғамдағы «Үшінші жастағы университет» немесе «Күміс университеттерді» жаңашылдықтың жаршысы дейміз. Жаңа білім алып, дағдыларды игерген жұртшылық қоғамдық өмірге белсене атсалысады. Бұл адами капиталдың сапасын бірқалыпта ұстауға көмектеседі.
Жоғарыда келтірген «Lifelong learning» немесе поэтикалық тұрғыда айтар болсақ «өмір бойы оқып өту» тұжырымдамасы адамға ғұмыр бойы жаңа білім, кәсіби және жеке машықтарды қалыптастыратын үдеріс. Үздіксіз оқыту тұжырымдамасын ежелгі философтар, нақтырақ айтсақ, Сократ дамытты. Бірақ олар жұмырбасты пенденің өзін және әлемді тануына көбірек үңілді. Не десек те, адам баласы дүние есігін ашқаннан бастап үнемі жаңашылдық іздеп өтетіні анық.