• RUB:
    5.44
  • USD:
    478.58
  • EUR:
    520.84
Басты сайтқа өту
Айбын 21 Ақпан, 2024

Шекарашы

97 рет
көрсетілді

Қырық бес жыл бұрын осы өңірге келін болып түскенде шекараның жақын екенін, ар жағы Қытай екенін біліп, қатты қорқатынмын. Зайсан қаласының ортасында орналасқан жасақтан күнделікті шекараға аттанып немесе келіп жатқан шекарашыларды көріп, іштей соларға арқа сүйеп, ержүрек батырларды көргендей үміттене қарайтынмын. Кейін етене араласа келе, жергілікті халықтың шекарашыларға деген сенімді көзқарасы мен сыйластығының ерекше екенін, өзара үндестігін анық сездім. Он сегіз жасқа толған азаматтардың екі жыл азаматтық міндетін атқарып келгені болмаса, кинодан ғана көретін әскери қызметкерлермен араласып кеттік. Сондай жанның бірі – өзім сөз еткелі отырған полковник, шекарашы Қуаныш Қапышов.

«Мен Ресейде, Астрахань облысы, күй атасы Құрманғазының аулы Алтынжарда туғанмын. Шекара­ның бергі жағында Бұрынғы Теңіз ауданы, қазір Құр­ман­ғазы ауданы», деп сөзін әрі­ден бастады көршім.

Қуаныш Қалиұлы 7–8 сы­нып­­­тарда оқып жүргенде 10-сы­нып­­тың есептерін емін-еркін шығарады екен. Оқу­шының жоғары мате­ма­­тикаға құмарлығын бай­қаған әскери комис­сариат­та­ғылар оған Мәс­кеуге шекара учи­лищесіне баруға ұсыныс жасайды. Алматыда да шекарашылар даярлайтын оқу орны барын білген бала Қуаныш бірден «Алма­тыға барайын» дейді. Алайда комиссариаттағылар «Ол – бас­қа республика, тек Ресейге тапсырасың» дейді.

«Оқуға түсу маған еш қиын­дық туғызбады. Әкем жолыма 60 сом ақша берді. «Қайдасың, Мәскеу?» деп тартып отырдым. Шекара училищесін бітіріп шық­қан соң, Қызыл тулы Шығыс шекара округіне, Алматыға жіберді. Қазақстанда қазақша ғана сөй­лейтін шығар, кілең қазақтың ішінде болатын шығармын деп ерекше сезіммен келгенмін. Бірақ бәрі орысша сөйлейді екен. Әрі қарай мені Қырғызстанның Қаракөл (Пржевальский) шекарасына жіберді. Онда жүргенде екі жарым жылға арнайы тапсырмамен Ауғанстанда болсам да, сол Қара­көлде болып есептелдім. Сосын Зайсанда 11 жыл қызмет атқардым. Әр жолы жаңа жер. Көбірек білгің келеді. Осы жерде Айгүлді кездестірдім. Отбасын құрдым. Зайсандағы қызметін тас­тап, етегімнен ұстап, соңымнан ерді», деп ол жарына сүйсіне қарап қойды.

«Зайсанда жүріп Алматыдағы Шека­ра­шылар академиясына түстім. Сол жерден Тәжікстанға кет­тім. Таулы аймақтағы Ауған – тәжік шекарасындағы №19 қазақ­­стандық батальонға коман­дир болдым. Әскери адам Отан қайда жұмсайды, сонда барады. Тәжікстаннан келген соң, табиғаты жайсаң Зайсаннан бірден Қызылорданың күні шыж­ғырған ыстық құмына барып түстік. Егемендік алдық. Қазақ­стан өз шекарасын құрды. Бұрын­нан Жанқожа батыр туралы әңгі­мелерді көп еститінмін. Бірақ ертегі, жай аңыз шығар деп ойлайтынмын. Мен осы өз шекарамызды құру барысында ежелгі шекараның іздерін көрдім. Тура Қызылқұмда XVII–XVIII ғасырлардағы шекарашылардың таңбалары тұр. Адам өшірер, ұмыт­тырар, бірақ жер сақтайды. Жан­қожа батыр сол жерге жерленген екен. Белгі көктасы сол шекарада тұр. Сол Қызылқұм шекарасында елге жау кіргенде белгі беретін, кезінде үлкен етіп үйген, қазір біраз шөккен, төбесінде аузын жауып ашатын қазандығы бар үйдей тас үйіндісі бар. Шіліктідегі Қараоба шекарасында, Қордайда да, әр 40 шақырым, кей жерлерде он шақырым сайын дәл осындай тас үйінділері Ақтаудан асып әрі қарай жалғасып жатыр. Шекараның бір жерінен жау кірсе, жаңағы үйілген тастың үстіне жинап, бетін жауып, су тигізбей үнемі құрғақ ұстайтын отынды тұтататын болған. Келесі бекеттегілер түтінді көріп, өз қазандығын тұтатады. Осылай әп-сәтте бүкіл қазақ атқа қонатын болған. Ақтауда Бейнеу жасағын құрдық. Ол жақта Қорқыт ата мен Темір баба кездесіпті деген аңыз бар. Қорқыт ата «Теңіздің үстімен жүріп өтемін» деп, судың бетімен жүреді. Темір баба «Жетеді, тоқта!» дегенше, әп-сәтте ені 500 метр, ұзындығы 30 шақырым теңіздің үстінен жол пайда болыпты делінеді аңызда. Сол Қорқыт баба жүріп өткен жер – суы жоқ, нуы жоқ Ақтауда, Каспий теңізінде, жер жанатындай мүйіс. Кендірлі бұғазында да шекара заставасын құрдық. Маң­ғыс­таудың Қазақстан мен Түрік­мен­стан шекарасында «Темір баба» әулиенің зираты тұр. Қабан­бай, Бөгенбай бабалары­мыз қорғаған шекараларды өз көзіммен көрдім, өз аяғыммен басып, өз қолымен құрған сардардың бірі болғаныма қуанамын. Қарт Каспий теңіз шекара аймағын да басқардым. Атыраудың 40–50 градус ысты­ғынан солтүстіктің – 40–50 аязына да түстік. Қазақстан керемет жер ғой. Көгілдір көктемі, жайдарлы жазы, қоңыр күзі мен қаһарлы қысы өз ретімен жүріп жатады. Тау, орман, құм, шөл, көл – бәрі бар. Шығыстан шығып, оңтүстіктен бастап құрған шекарамызды егемен елімізді түгел айналдыра отырып, «Еуразияның жүрегі» Алтайдағы бір жағы Ресей, бір жағы Қытай, бір жағы Қазақстан шекарасы болатын ең биік шың, үш мемлекетке ортақ Белу­хаға әкеліп өзіміз­дің шекарамызды құрып, туымызды тіктік. Маман­дығымның арқасында еліміздің керемет жерлерін түгел көр­дім. Қаншама аңызға айналған тарих­пен таныс­тым», деді Қуаныш Қалиұлы.

«Туы, елтаңбасы, әнұраны бар елдер бар. Бірақ шекарасы жоқ. Демек өз алдына егемен емес. Егемен болу үшін мемлекеттік шека­расы мен стратегиялық бас­қару ордасы болуы керек». Күн­де көріп, сөйлесіп жүрген көршім­нің аузынан шыққан осы сөз­дер ойлантты. «Орда – әскери бас­қарушылардың тұрағы, страте­гия­лық­ штаб. Тәуел­сіз мем­лекетімізде өз стра­тегиялық орда­мыз бар. Ол – Ақорда», деп сөзін жалғады ол.

Осы кезде әңгімеге шекара­шы­ның әйелі Айгүл қосылды. «90-жылдары бүкіл Қазақстанда екі сағат сайын жарық сөнуші еді ғой. Жарық сөнсе, жылу да жоқ. Қызылордаға алғаш бар­ған­да үстімізге барымызды киіп, бұрын балабақша болған үй­дің даңғарадай бір бөлмесінде көр­пе­ге оранып отыратынбыз. Сол үйде 17 шекара әскерінің отбасы тұрдық. Қызық, жұмыстан шық­қанда бір басынан бір топ болып автобусқа отыратын біз, екін­ші басындағы үйімізден бір-ақ түсе­тін­біз», деп бастарынан өт­кер­ген қиындықтарын еске алды.

«Жуырда Ресейден бір жігіт мені әлеуметтік желіден тауып­ алып: «Сіздің тәтті бәліш­теріңіздің дәмі аузымнан әлі кет­пейді», деп жазып жіберіпті. Алғаш­қы кезде біраз қиындық болды ғой. Зайсандағы бір шекара бөлім­ше­сінде от жағушы солдат болатын. Аяйсың, пешпен алысып күйе-күйе болып жүретін. Тегі де қызық, әлі есімде Криворучка. Сол баланың туған күнінде бір қуант­қым келді. Торт пісіріп бердім. Барлық жауынгерді сапқа тұрғы­зып, Криворучканы туған күні­мен құттықтап, Қуаныш әлгі тортты берді. Елу балаға бір торт не болады. Осылай әр баланың туған күніне қызылшамен бояп, сәбіздермен өрнектеп 5–6 торт пісіретінмін», деп өткенді еске алды Қуаныштың жары.

«Шекарада жалғыз үй, жал­ғыз бала, жалғыз әйел. Ойнайтын басқа бала жоқ. Шекараға жақын қона­тын малшыларға ұлымыз Рамил­ді апарып ойнатып келетінмін. Сол кездер­де 25 шамасында екенбіз. Өзіміз қатарлы жастар қалада жүргенде біз шекарадан-шекараға көшіп-қонып жүрдік. Бір Зайсанда төрт шекара бөлімшесіне көштік. Бүкіл Қазақ­стан шекараларында бас-аяғы 17 рет көшіппіз. Рамил сегізінші сыныпты бітіргенше сегіз мектепке ауысыпты.

Зайсан шекаралық аймақ­та орна­­­лас­қан. Әкем де дәл шека­ра­дағы Майқап­шағайда туған. Біз­дің сана­мызда шекара – қа­сиет­ті ұғым. Елің тыныш болу үшін шекарашы ең алдымен отба­сының тірегі болуы керек. Кейін Астанаға ауыстық. Қуаныш Шекара басқармасының орталық аппа­­ратында басшылық етті. Зей­нет­­­керлікке шыққан соң, акаде­мияда аға оқытушы болып сабақ берді», деп сөзін жалғады ол.

Осы кезде отставкадағы пол­­­­­­­ков­­­никке: «Қанша шекара жа­са­­­ғын құрдыңыз?» деп са­уал тастадық. «Қазақстан бо­йынша егемен еліміздің 300-ден астам шекара заставасын құруға қатыстым. Қызылордада 800 шақырым жерге – 8, солтүстікте 1200 шақырым жерде 18 заставаны құруға басшы­лық жасадым.

Зайсанда жүргенде өзіме мін­­дет­­телген оқу орталығы­­нан 4 мың баланы шыңдап, кәдім­гі сарбаз етіп шығардым. Мін­детті түрде әр бала алдымен медициналық, кейін моральдық-психологиялық тексерістен өтеді. Әрі қарай әскери даярлыққа үйретеміз. Бірінші кезеңде рухы мықты, он екі мүшесі сау бала сапта тұрғанда бірден көзге түседі. Екінші кезең оқ атқанда білінеді. Үшінші кезең жүректі жауынгер қолына мығым ұста­ған гранатасының тетік ілгегін жұлып лақтырғаннан білінеді. 7–9 апталық дайындықтан өткен жауынгерлер ең соңғы мандаттық тексерушілердің алдынан өтеді де, шекараға жіберіледі. Осылайша, жас баладан нағыз әскери адам жасап шығарамыз. Жалпы, жақсы жасақ болатын бала о бастан-ақ белгілі, көзінен от шашып тұрады», деді ол.

«Басқа әскери мамандардан шека­ра­­шылардың қандай айыр­­машылығы бар?» деген сұра­ғы­мызға Қуаныш Қапы­шов: «Шекара­шылардың ерек­ше­лігі – өз беті­мен күнделікті ше­шім қабыл­дай алады, шекара бұзушылар болса, өз бетімен із кесіп, тергеу жүргізеді. Сон­дай-ақ шекара аймағындағы тұр­ғын­дармен тең дәрежеде сөйлесіп, бай­ланыста болады», деп жауап берді.

«Астанадағы үлкен лауазы­мымнан әр жауынгермен бірге жүріп ел шетін күзеткен шека­рашы қызметім, ең бастысы елімнің тыныштығы жоғары. Себебі мен – шекарашымын!», дейді жеріміздің шетіндегі шебін қорғаған сардар.

 

Алмагүл СҮЛЕЙМЕНОВА,

Зайсан ауданының құрметті азаматы