• RUB:
    5.44
  • USD:
    478.58
  • EUR:
    520.84
Басты сайтқа өту
Тарих 22 Ақпан, 2024

Саят ағаның сағынышы

683 рет
көрсетілді

«Мәдениет және тұрмыс» журналында істейтінмін. 1987 жылғы тамыздың 23 жұлдызы күні Қызылордаға қарай іссапарға шықтым. Тоқсан алты жастағы большевик Насреддин Тасымовпен кездесуден көп жаңалық күтіп бара жатыр едім…

Бірақ мен күткен жаңалық көрші купе­де болып шықты. Онда Құлагер ақын Ілиястың бел баласы Саят та келе жатыр екен. Тез таныстық. Ол – Қазақ ССР Ғылым академиясы Тау-кен істері институтының жетекші ғылыми қызметкері, техника ғылымдарының кандидаты.

– Кентауға келісімшарт жасасуға бара жатырмыз, – деп ол серігін, КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Әбу Өтениязовты таныстырды.

...Саяттың анасы Бәтима Төребаева – жаңақорғандық. 1943 жылы өкпе ауруынан қайтыс болған, мамандығы педагог болатын.

– Ол туралы негізгі әңгімені мамам Айша Сиқымбаева айтып берді, – деді Саят аға. – Мен онда баламын. 1930 жылы туғанмын. Айша мені өсірген соң «мама» деп кеткенмін. Жасы қазір сексенде. Қазақ майдандық газеттерінде машинистка болған. Белгілі жазушы Ғабдолдың інісі Бисенғали Сланов, Жұбан Молдағалиев, Сағынғали Сейітов, Құрманғали Ұябаев біздің, яғни Айшекеңнің үйіне жиі келетін. Әке-шешем Ілияс Жансүгіров пен Бәтима Төребаева 1929 жылы қосылып, екі перзентті болды. Бірі – мен, екіншісі ертерек қайтыс болған қарындасым Сайра. Екеуі 1932 жылы ажырасқан. Оның бірқатар себебі бар.

Бәтима Төребаева Мәскеуде оқуда жүргенде Ілияс пен Талдықорғанның Қапал ауданынан таныс Сүлеев Біләлдің әйелі Фатима Ғабитова арасында сый­лас­тық пайда болып, екеуі қосылады. Біләл Сүлеев әйелі Фатимадан – Фарида, Жәнібек (соғыста қаза тапты), Азат есімді перзенттер көрген. Ал Ілияс Фатимадан 1933 жылы Үміт, 1935 жылы Ильфа (Ілияс Фатимадан құрастырылған есім) есімді екі қыз, 1937 жылы Болат атты ұл сүйді.

Үміт Жансүгірова – дәрігер. Абдолла Қарсақбаевтың әйелі еді. Екеуінің дәм-тұздары жараспапты. Үміттің екінші күйеуі Ақпанбетов Сардарбек – фотограф. Нұрлан деген альпинист ұлы қапияда қайтыс болды. Сұлтанғазина Жаннаға үйленген еді, артында бір қызы қалды.

Ильфа Жансүгірова – Санжар Жандосовтың әйелі. Ажар, Жанар, Фатима, Динара есімді төрт қызы бар.

Болат Ілиясұлы Ғабитов – Жансү­гі­ров кино саласында істеген, қазір твор­чест­волық қызметте. Бірінші әйелінен Жәмила есімді қызы бар. Екінші әйелі Қарлығаш Қаңтарбаевадан Ләйлә, Үміл (Үміт–Ілияс) дейтін қыздары бар.

Жансүгіров отбасы

Бұл ұзақ сонар тарихты Айша апай майда тілмен түсіндіріп, себебін ашып, айтып береді. Сурет, документтерді де сол үйден іздеуге болады, – деп Саят аға ойға шомды. Балалығын сағынғандай далаға қарады. Пойыз зырлап келеді. Мен Ілиястың кезінде Қызылордаға барғанын, сонда осы жолмен жүргенін ойладым. Жүрегім ауырып кетті. Саят та, мен де ақынды жаманатқа қимай, тура кеше қоштасқандай томсыра­йып біраз отырдық (Айша апаймен жолығуды тағдыр маған қимапты. Көп өтпей ол кісі қайтыс болып кетті). Саят аға Түркістаннан түсетін еді. Одан әрі Кентау бармақ. Сол мәселе әңгімені өрбітуге де себепші болды.

–Түркістанда анамның Сәдуақас Оспанов деген ағасы аупартком хатшысы болып істеген. Ташкенттегі бірінші детдом директоры болған. Үш баласы бар еді. Тұрғыт (Оспанов) дирижер еді, қайтыс болып кетті. Ал Тұран Мәскеудегі Цветметті бітірген инженер. Нұрашы аурушаңдау, Болат институтын бітірді.

Анам 1932-1935 жылдары Түркіс­танда баспаханада істеген. 1935 жылы жақсы ән салатындықтан Алматыға да шақыртып, Күләшпен бірге ән де салып көрген екен. Қаладағы төртінші мейманханаға келгенбіз, мен бес жастамын. Сонда әкем Ілияс келіп мені жоғары көтергені, сүйгені жадымда еміс-еміс бар.

Шешем 1935-жылы Ибади Тәукелов­пен қосылды. Сөйтіп, Семейдегі Абралы ауданына кетеді. Айшаның күйеуі Орынәлі Сиқымбаев онда хатшы болып істейтін. Сол кісі шақыртып алды. Өгей әкем оқу ісінің меңгерушісі, анам мұғалім болып істеген. Саида (Таукелова) деген қарындасым сонда дүниеге келген.(Саиданың күйеуі Жүніс Бектепов журналист, қызылордалық, ССРО Жоғарғы Советінің қазақ тобында аудар­машы. Мәскеуде тұрады. Үш баласы бар. Ақылжан, Айжан, Бақыт. Бақыт «Казахстанская правданың» Қызылордадағы меншікті тілшісі болып істейді).

1937 жыл өгей әкем Ибади Тәукелов Алматыға көшіп келіп, үй алып жайғасты. Қамауға алу іле-шала басталып Ілияс та, Орынәлі де, Тәукелов те ұсталып кетті…

Далабай Ешпанов деген кісінің Шара деген 1926 жылы туылған қызы, Саида үшеуміз Айша апаның қарамағында қала бердік. Соғыс басталғанда Айша апай майданға кетті. Анам 1943 жылы қайтыс болды. Шара, Саида және мен Дзержинский көшесіндегі 38-үйде тұрдық. Ұзынағаштан ба, Қордайдан ба Күлшат есімді ұжымшар председателінің қамқор болып кеп жүретіні, кейде жазғы демалыста сол ауылға баратынымыз есімде. 1945 жылы Айша апай соғыстан келді. Біз ол кезде 25-мектепте оқитынбыз.

1948 жылдан бастап әкемнің туыс­тары бізді іздей бастады. Мұның түп негізінде Ілиясқа деген құр­метпен қоса, ертең келіп ұлын сұраса қайтеміз дегендей шарасыздық та бар еді. Ұстал­ған кезден көп ұзатпай ақынды атып тастағаны ол кезде мәлім емес-ті. Ілияспен аталас Талап Сұл­тан­бековтің шешесі Дәмеш апай Айшаға жолығады. Талаппен таныстырды. Айшекең «Ілияс­тың баласы жігіт болды» дегендей мақ­­таныш сезімімен таныстырып, екеуі­нің маған көздері жасаурап қарағаны есімде.

Дирижер Тұрғыт Оспанов мені Радиокомитеттің қазақ аспаптары оркестріне оқушы етіп жаздырып, домбыра тартқызатын, Нұрғиса аға да бізді үйретуші еді. Ол кісі мені әлі оқушым дейді. Туыстар соны да біледі екен.

Тағы бірде үйге еңгезердей қара кісі келді. Ол Ілекеңнің немере туысы Болат Ешмұхамбетұлы Тәшенов болып шықты. Ол кісі маған көп жәрдем берді. Оның айтуынша, Тау-кен академиясында оқып инженер болып шығуына Ілекең жәрдемдескен екен. (Болат аға Д.Қонаевпен бірге оқыған).

Жасым он сегізде. Айшакеңнен рұқсат алып Болат мені қонақүйге ертіп келді. Ондағы әңгімеден:

– Папаң мені оқытты. Қарыз­дармын. Енді сені оқытуым керек. Мен ағаңмын – деп айтқаны есімде қалыпты.

Сөйтіп, мен сол кісінің ықпалымен 1949 жылы мектепті бітірген соң Мәскеудегі Түрлі түсті металдар мен алтын институтына оқуға түстім. Соны бітіргелі осы салада жұмыс істеп келемін. Әйелім Фарида Бартушева, мамандығы – микробиолог. Ғылым академиясында істейді. Жамал, Резеда деген екі қызымыз бар. Жамал Васич деген югослав жігітімен қосылған. Ілияс (Илюша) деген немереміз бар. Алексей Иванович Васич – театрда жарықтандырушы болып істейді. Ал Резедамыз – Мәскеуде аспирантурада оқиды.

Анықтай түсетін бір-екі жай мынау. Талдықорған облысында Ілияс музейі бар. Музей директоры жас қыз (аты есімде жоқ) қай жылы келіп көп деректі біліп, көп мәселені анықтап мамам, папам және 3-4 жастағы мен үшеуміздің бірге түскен суретімізді алып кеткен болатын. Мамам ондағы папамды қиып тастаған...

...Терезе сыртында Түркістан жері созылып жатыр. Ол басталғалы қашан. Міне, Түркістан жеріне де жеттік. Саят аға жолдастарымен пойыздан түсті. Мен әрі кетемін. Екеумізде де қимастық оянғандай. Айырық жолға түскенмен біз қосылып тұр едік. Бізді қосқан ақын рухы болатын. Қайран Ілияс!

Саят аға түсіп қалды. Мен жалғыз отырып, дөңгеленген далаға қарап ойға баттым.

* * *

Енді мына бір жағдайды айтайық. Оңтүстіктегі Жетісай ауданына қарасты «Красная звезда» кеңшарының директоры Сапар Жаштаев бір әңгіме үстінде, Ілиястың күйеу баласы Санжар Жандосов Жансүгір ақсақалдың Мақтааралда қайтыс болғанын айтып, оның қабірін табуға мүмкіндік бар-жоғын сұрастырып еді, деген-ді. Ілияс 1931 жылы аталған ауданға келіп кеткен. «Арай» журна­лының №6 (89) санында жазушы Серік Жанәбілов «Отыз екінші жылдың көкек айында Жансүгір Ташкенттен әрі солтүстік батыстағы Мырзашөлде, Мақтаарал жерінде тұратын немере інісі Құсайынды іздеп барды. Артында қалған атамекені Ақсуды ашаршылық жайлады. Торғайдай тозған ел жан сауғалап жан-жаққа кетіп жатты» деп жазады «Зауал» әңгімесінде. Осы әңгіменің аяғына таман «Ата, ата, Ілиясың Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы болыпты. Бүгінгі газетке шығыпты» деген сөйлем бар. Осыған орай айтар екі-үш ауыз пікір бар еді. Ілияс 1931 жылы өлең жаз­ған дедік. Мен бөлімше тұрғындары арасынан Ілиясты көргендерді іздеп, жо­лық­тым. Ілияс бұдан бұрын да, кейін де Мырзашөлге келмеген. Оның 1931 жылы, ия дәл осы кезде келуіне не себеп болды?

– Ілиястың әкесі Мақтааралда көмілген деген сөз бар. Әкесін іздеген шығар Ілияс, – дейді Сағынтай Өскенбаев. Әкем Өскенбай Жұматаев 1929 жылы «Жаңа тұрмыста» бригадир, 1936 жылы «Қызылабадта» председатель болған. 1942 жылы майданға аттанып, Сталинградта хабарсыз кетті. «Қара қағаздың бәрін айта беруге шыдамай соғысқа кетті» дейтін Дәнекүл анамыз. Қойды мыңғыртқан, жылқы-түйені көбейткен ұжымшар председателі әкемнің Балғын, Марал деген екі аты болған. «Қызылабад» ығы-жығы, ел көп-ті. Ол кешеге дейін алты көше еді. Мүсәлі Ізбасаров әкем кеткен соң ұжымшарға бастық болған. Сол «Қызылабад» жылқысы – Қызылқұм өңірінде бәйге бермеген. Ұжымшарда жылқының есебі жоқ-ты. Мотор, Сафуанның Сарқасқасы, Балғын, Марал деген аттар – сурет еді, керемет жүйрік. Сабыр қарақасқа, Бозқоян, Күмісқұйрық, Алтынжал, Жызақ қарақасқа, Күйіксан сияқты аттарды әкем әңгімелеп, Ілияс қызыға тыңдапты, сұрай түсіп, жазып алып отырыпты. Атты (мініп жүрген) тұсап қойып, екі ұжымшар («Жаңа тұрмыс» пен «Қызылабад») арасындағы жоңыш­қа­лықта отырып әңгімелесіпті. Бұл өмір­ді қойсаңызшы, ақалтеке – дон тұқы­мы­мен аралас, қақпан бел, ешкі бас дәу ат еді Балғын. Ол Маралдың баласы болатын. Кейінірек, қартайғанда дәп сол аталған жоңышқалықта жас айғыр кеңірдегінен тістеп, қансырап өлді…

Ілиястың әкесін іздеп барғанын ауыл адамдарының басқа әңгімелері де дәлелдегендей. Демек Жансүгір ақсақал 1931 жылғы Ілиястың баруынан бұрын сол жақта (Мырзашөлде) болған. Елдің айтуында, Ілияс әкесіне тірілей жолықпаған. Қабірін тапқан-таппағаны белгісіз. Екінші пікір мынадай. 1926 жылы құрылған КазАПП 1932 жылы таратылып, сол жылы Ілияс Қазақстан Жазушылар одағы ұйымдастыру комитетінің төрағасы болады. Сөйтіп, 1934 жылғы Кеңес Жазушыларының І съезіне дейін істейді. Ілиястың І съезге қатысқаны, М.Горькиймен суретке түскені, әңгіме­лес­кені, кинолентаға түскені мәлім. Сонда жазушы С.Жанә­білов әңгімесінде кейіп­керіне Жансүгірден сүйінші сұратып отырған тұста, Ілиястың жазушылардың төрағасы болғаны газетке шықты дегенде, яғни 1932 жылы Жансүгір марқұм қайтыс болып кеткен-ді. Өйткені 1931 жылы «Жаңа тұрмысқа» келіп, өлең жазған Ілияс әкесіне тірі­лей жолыға алмады дедік… Сүйінші сұрау артық, жаңсақ дерек. Бірақ соны деректі – Жансүгірдің де, Ілиястың да Мырзашөлге қатысты дерегін пайдалана отырып, деректі көркем әңгіме жазған, оны қобызшы Молықбай тағдырымен байланыстыра баяндаған талантты жазушы C.Жанәбіловке алғыстан басқа айтарымыз жоқ, әрине.

Бір қуаныштысы, ізденімпаз ға­лым профессор Темірбек Қожакеев «Жұлдыз» журналындағы (№2, 1990 жыл) «Журналист Жансүгіров» деген зерттеу мақаласында мынандай тың дерек келтіреді. «Ілияс жергілікті газеттерге қамқорлық жасап, оның қызметкерлерін газет ісіне үйретуден де жалықпаған. Осыған бір дәлел: 1931 жылдың көктемінде ол Оңтүстікке командировкаға барады. Бұл кезде Мақтаарал ауданы жаңадан ұйымдасып, онда орыс және қазақ тілдерінде газет шығаруға ұйғарылған екен. «Голос хлопковика» газеті шыға бастапты да, қазақ тілінде газет шығаратын адам табылмай отыр екен. Ілияс бірер жасты газет жұмысымен таныстырып, алғашқы нөмірді шығарысып кетейін» дейді.

Сөйтіп, ол «Мақташылар үні» газетінің тұңғыш нөмірін өз басшы­лы­ғымен жарыққа келтірді. Оның бас мақаласын да өзі жазады. Жас журналистерге газет қызметінің сырларын түсіндіреді. Ұстаз ағаның көмегімен сол газеттің тұңғыш редакторы болған Әділбай Омаров кейін белгілі журналист ретінде танылды». (Мұхтар Әуезовтің оңтүстікке сапарында серік болған да осы Әділбай Омаров). Ақынның Мырзашөлге сапарына қосымша дерек болған, бұл пікірге қосылмасқа әддіміз жоқ.

…1937 жылғы сталиндік репрессия халықтың арасында қорқыныш, үрей туғызды. Қорқу, үрку жүрген жерде қиянат та жүреді екен. Осы қорқудың салдарынан талай адамдар өзінің не істеп, не қойғанын білмей де қалды. «Қазақ әдебиетінде» (1989 жыл 10 ақпан) профессор Құдайберген Жұбанов туралы мақала шықты. Авторы – Әмірхан Меңдеке. Ұлттық мәдениетіміздің үлкен жанашыры Қ.Жұбанов 1935 жылы 14 қаңтарда «Ленинші жас» газетінде «Із – жас күш» деген мақала жариялап, бір топ жастан зор үміт күтетінін айта келіп, соның ішінде Есмағамбет Ысмайылұлын ерекше бөліп атайды. Екі жылдан соң «Социалистік Қазақстан» газетінің 30 қыркүйектегі санында осы Е.Ысмайылов Қ.Жұбанов туралы «Грамматикадағы анархия туралы» деген көлемді мақаласын жариялады. Сонда «Жұбанов грамматикасында… екі мысалдың бірі I.Жансүгіровтің өлеңдері мен сөздері екендігін және айтпауға болмайды. Бұл грамматика қазақ тілінің мектепте оқылуға тиісті оқу кітабы емес, осы күнгі қолданып отырған емлемізге, үкімет қаулысына қайшы жазылған өте зиянды кітап…» дейді автор. Осылар­ды білетін ғалым Р.Сыздықова «Интелли­генциямыздың тарихы – қоғамдық ой-санамыздың тарихы. Бізде ұлттық интеллигенциямыздың тамаша өкілдері туралы, олардың тағдыр-талайы туралы арнаулы зерттеулер өте аз. Біздіңше, осыған көңіл бөлу керек. Зерттеу керек» десе, бұл пікірге қосылмай болмайды.

Сөзімізді тағы да «Алматы ақшамы» газетінде жарияланған мақаласында ойымыздағыны дөп басып, ортақ пікірімізді білдірген Т.Қожакеевтің ұсынысымен аяқтағымыз келеді. «Көп азаматтарымызды қостап, үштеп, топтап бір жерге апарып атқаны, көмгені даусыз. Сол сұмдықты, сол бұйрықты орындағандардың көзі тірілері бол­мауы мүмкін емес. Соларды көн­ді­ріп, ардагерлеріміздің жатқан жерін көрсет, күнәңді жу деу керек. Бей­күнә жандар құлаған жерден хабар берер документтер де табылар. Әйтеуір жазықсыз жан тапсырған сол боз­дақ­тардың сүйегін тауып, Көктөбе сияқ­ты айтулы жерлерге арулап қайта қо­йып басына еңселі ескерткіштер орна­ту – парыз». Өте дұрыс айтылған бұл сөз Ілияс Жансүгіровке де әбден қатысты.

 

Мылтықбай Ерімбетов,

ақын, Халықаралық

«Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты