• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Ғылым 23 Ақпан, 2024

Қазақстан мен Британ Кеңесі ынтымақтастығы білім беру саласында өз жемісін беріп отыр

143 рет
көрсетілді

Қазақстан білім беру саласында халықаралық серіктестік қызметін одан әрі дамыту және отандық университеттерді интернациялауды жеделдету жолында мемлекеттік инвестицияны әрдайым арттырып келеді. Бұл – еліміздің дипломатиялық, экономикалық және академиялық тұрғыдан ұзақмерзімді перспективаларға негізделген стратегиясы. Елімізде кейінгі уақытта шетелдік, оның ішінде білімі мен ғылымы ғасырлар бойы дамып, бүгінде әлемдік брендке айналған Ұлыбритания университеттерінің кампустарын, филиалдарын ашу үрдісін байқауға болады. Оның бәрі еліміздің әлеуметтік-экономикалық даму тұрақтылығының, әсіресе білім мен ғылымға көптеп ден қоюының жемісі деу­ге болады. Сонымен қатар бұл – Қазақстанның дамыған мемлекеттермен жан-жақты тиімді қарым-қатынас орнатып, олардың озық техника-технологиясын, инновациясын, білімі мен ғылымын интеграциялаудағы қарқынды қадамдарының нәтижесі.

Британ Кеңесі – Ұлыбританияның мәдени байланыстар мен білім беру мүмкіндіктерін ұсынатын халықаралық ұйымы. Ол Қазақстан Үкіметінің өнер, креативті экономика, білім және ағыл­шын тілі салаларындағы ұстанған бағы­тына сәйкес жекелеген адамдарға және мекемелерге шығармашылық идея­ларды зерттеуге және іске асыруға, жоға­ры сапалы білім алу мен әлемдік дең­гейде біліктілікке ие болу жолында Ұлыбританиямен байланыс құруға мүмкіндік береді.

Британ Кеңесінің Жаһандық серік­тес­тіктерді дамыту бағдарламасы (Going Global Partnerships programme) әлем бо­йынша университеттерге, колледждер­ге және өзге де білім беру мекемелері­не қуатты, әділ, инклюзивті жоғары білім беруде халықаралық байланыс­ты күшейте отырып, ғылым, техника, кәсіптік білім мен оқыту бағытында бірлесіп жұмыс істеуге қолдау көрсетеді. 2021 жылдан бастап Қазақстанда атал­ған бағ­дарламаның бір бағыты болып саналатын Ұлыбритания мен Қазақ­стан университеттері арасындағы транс­ұлттық білім беруді (TNE) дамытуға бағытталған InterLinks (ИнтерЛинкс) шағын гранттар жобасы іске асырылып келеді. Бұл факультетаралық бағдарлама жер­гілікті университеттерге екіжақты байланыстарды күшейте отырып, Ұлы­британиядағы әріптестерімен тығыз байланыс орнатуға мүмкіндік береді. Жоба қос диплом, бірлескен ғылыми ынтымақтастық, қашықтықтан оқыту мен оқытуда цифрлық технологиялар­ды пайдалану, студенттер мен қызмет­керлердің ұтқырлығын арттыру сияқты серіктестікке негізделген.

Сонымен қатар InterLinks жобасы кәсіпкерлік дағдылары мен креа­тивті индустрияларды дамытуға бағыт­талған және бес жыл бойы сәтті жүзеге асырылып келе жатқан Creative Spark (Креативті бастау) бағдар­ламасымен де байланысты. Бұл бағ­дарлама Ұлыбритания мен 7 елдің 110 уни­верситеті мен шы­ғарма­шылық институты арасындағы серік­тестікті дамытуға бағытталған. Қазақ­станмен 9 серіктестік құрылды. Олардын 5-еуі InterLinks жобасы аясында Ұлыбритания университеттерімен ынтымақтастығын жалғастыруда.

Үш жыл ішінде InterLinks 22 серік­тес­тікке қолдау көрсетіп, шамамен 220 000 фунт стерлинг мөлшерін­дегі қаражатын грант ретінде бөл­ді. Бір­қатар серіктестіктің өзара жұ­м­ы­­сы­на тоқтала кетсек, Лондон уни­­вер­­си­тетінің Шығыстану және африкатану мектебі Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетімен және Л.Н.Гу­милев атындағы Еуразия ұлттық уни­верситетімен ынтымақтаса отырып, Ұлыбританияның озық тәжірибесі негізінде докторанттар мен ғылыми қызметкерлерге арналған Зерттеу әдіс­темесі курсын әзірледі және қанат­қақты түрде өткізді. Глазго универ­ситеті Қ.Сәтбаев университетімен ин­же­­нерлік магистр дәрежесін оқытуды қарастырып жатса, Қазақ ұлттық қыз­дар педагогикалық университеті Сассекс университетімен жоғары білім беру мектебінің үлгісін жетілдіру және жаңа жоғары білім беру курстарын бірлесіп жобалау немесе бірлескен докторантура бағдарламаларын іске асыру мүмкіндіктерін қарастырып келеді. Алайда InterLinks жобасы ая­сын­дағы серіктестік тек ұлттық уни­вер­ситеттермен ынты­мақ­тасумен шек­тел­меген. Мысалы, Қарағанды индус­­триялық университеті Портсмут уни­верситетінің көмегімен бірлескен ғы­лыми жобалардың стратегиясын және қызметкерлер мен студент­тер ал­масу механизмдерін қайта қарас­тыр­ды. Қазіргі уақытта Ольстер универ­ситеті (Солтүстік Ирландия) А.Байтұр­сынұлы атындағы Қостанай өңірлік университетімен ағылшын тілінде бірлескен магистр бағдарламасын оқытуға уағдаласты.

Осылайша, InterLinks жобасы екі ел университеттерінің арасында бұ­рын-соңды болмаған серіктестік мүм­кіндіктерін тудырып отыр. 2023 жылғы InterLinks жобасының іске асуын бағалау есебіне қатысқан британ­дық респонденттердің бір­қатары InterLinks-ке дейін олар Қазақ­станды қарастырмағанын айтса, ал қазақстандық қатысушылар бұл жоба осыған дейін Ұлыбританиямен серік­тестік орна­тудағы сәтсіздіктерді жойып, өзара ынтымақтастыққа жол ашқанын білдірген.

Кез келген ел үшін шетелдік уни­верситеттердің кампустарын ашу бі­лім саласының беделін арттырып, осы салада атқарылып жатқан жұмыс­тардың нәтижесін көрсетеді. Алайда транс­ұлттық білім беру стратегиясы аясында Ұлыбритания университеттері­нің көпшілігі аз капиталды қажет ететін, тәуекелі төмен бағыттарды іздейді. Осы стратегияларды ұстана отырып, орнатылған екіжақты серіктестіктің бірден-бір мысалы ретінде 2023 жы­лы А.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінде Хериот-Уатт уни­верситетінің қос дипломдық үш бағ­дарламасының іске қосылуын айтуға болады. Хериот-Уатт университеті 2021 жылдан бері InterLinks жобасының серіктесі ретінде қазақстандық университеттермен әріптестік орнатуды көздеген болатын. Нәтижесінде, аймақтық университетпен табысты ынтымақтастық орнатылып, 300 студентке Қазақстан Үкіметінің гранттық қолдауы қамтамасыз етілді. Осылайша, аталған университеттің студенттері әлемге әйгілі британдық университет жүйесі бойынша білім алып, қос диплом алу мүмкіндігіне ие болды.

Бұл Британ Кеңесінің InterLinks шағын жобасы Қазақстан Үкіметінің қолдауы арқасында ауқымды ұлттық жобаға айналып, екі ел арасында маңыз­ды білім беру бағдарламаларын іске асыруға негіз болғанын көрсетеді.

Осы орайда биыл 29 ақпан мен 1 наурыз аралығында Британ Кеңесі интернациялау және халықаралық се­рік­тестіктердің сапасын қамтамасыз ету тәсілдеріне арналған форум өткі­зеді. Форум барысында пленарлық сессиялар ұйымдастырылады және Ұлыбританияның Сапаны қамтамасыз ету агенттігі (Quality Assurance Agency) тренинг ұйымдастыратын болады. Сонымен қатар Британ Кеңесі 7 елде, соның ішінде Қазақстанда да жүргізілген трансұлттық білім беру бойынша аймақ­тық зерттеулерін ұсынады. Бұл зерт­теу Қазақстандағы трансұлттық білім саясатын егжей-тегжейлі талдау­дың және оны 2024 жылы одан әрі жетіл­дірудің бастамасы саналады.

 

Надежда ТРУБОВА,

Қазақстандағы Британ Кеңесі Білім бағдарламаларының жетекшісі