Ақтаудағы №13 гимназияның 11-сынып оқушысы Диляра Сапар Шанхайдағы Нью-Йорк университетінің грантын ұтып алды. Оқу ақысы – 208 000 доллар.
«Times Higher Education University Rankings» зерттеуінше Нью-Йорк университеті әлемнің үздік жоғары оқу орындары рейтингінде 30-орында тұр. Университет 19 мамандық бойынша білім береді. Тапқырлығымен дараланған Диляра бизнес және экономика саласын таңдап отыр. Бұл университетке биыл 50 мыңға жуық үміткер құжат тапсырған. Ал бакалавр бойынша тек 1 400 студент оқуға қабылданады. Олардың жартысы Қытай елінен болса, қалған бөлігі АҚШ-тан. Ал 70-ке жуығы өзге елдерден келіп оқиды.
Үздік аттестатқа үміткер қызымыз шетелдік оқу ордаларының білім грантына үміткер ретінде өз мүмкіндігін сынап көргісі келген. Оның көкейінде 10-сыныпқа дейін шетелге түсу туралы ой мүлдем болмаған. Бірақ жас талаптарды шекара сыртына оқуға жіберетін компания АҚШ, Гонконг, Италияға оқуға кетіп жатқан қаншама қазақ баласы туралы айтқанда, ойы түбегейлі өзгерген. Сол сәттен бастап шетелге барып білім аламын деген шешім қабылданып, мақсат қойылған. Сөйтіп, компанияның дайындық барысы тым қымбат болғаннан кейін, өз бетінше дайындалуды жөн көрген.
– Орта мектеп, қарапайым отбасы әлемдік оқу орнына түсуге кедергі емес. Мақсатты айқындап, өз өмірімізге өзіміз жауапты екенімізді неғұрлым ерте түсінсек, соғұрлым өзімізге жақсы. Біздің болашағымыз – тек біздің таңдауымыз. Неге екенін білмеймін, бірақ тек америкалық университетке түскім келді. Басқа елдерді тіпті қарастырғым да келмеді. Мақсатқа қарай жүретін дайын жолдың болмауынан, оқуға түсу барысы біраз қиынға түсті. Сонда да мойымай, барлығын өзім зерттеп, мүлде білмейтін үдеріске басымды сұқтым. Әлемдік бақталастық жоғары болғандықтан өзімнің оқуға тусу пайызым аз екендігін іштей біліп жүрдім. Сонда да үмітім сөнбеді. Ақпанның 16-сы түнгі екі жарымда жауабы поштама келген екен. Мен таңертең 7.30-да көрдім. Мектепке дайындалып жатқанда ноутбугымды ашып порталға кіріп қалып едім, «Сongratulations» деген құттықтау сөзін көрдім. Сол кездегі қуанышымды сөзбен айтып жеткізе алмаймын, – дейді талапты қызымыз.
Диляра көпбалалы отбасыдан шыққан. Қарапайым орта мектепте оқиды. Оның ата-анасы әрқашан білімге жетелеп, қабілеттерін ашып отырған. Өзінің айтуынша, қыздарының армандарына ешқашан қарсы шыққан емес. Тіпті шетелге оқу орнына түсемін дегенінде де барынша қолдаған.
– Диляраға 8-сыныптан бері жетекші болып келемін. Мектептің қоғамдық өміріне белсене араласатын өнерлі, табиғатынан дарынды оқушы. Өзіне берген тапсырманы бұлжытпай өз уақытында орындап, өткізіп отырады. Сыныпты қоғамдық жұмысқа қатысу жағынан үнемі алдыға тартып, барлығын ұйымдастырады. Азаматтық көзқарасы қалыптасқан, өңір жұмыстарына белсене араласады. Диляра – барлық пәннен де бірдей қабілетті, жан-жақты оқушы. Болашақтан көп үміт күттіретін жастарымыздың бірегейі,– дейді сынып жетекшісі Гүлназ Орынғалиқызы.
Белгілі бір бағыт-бағдар болмаса бұл – қиын іс. Қаншама ауыл баласы шетелде оқуды былай қойғанда, өзіміздің университеттерге оқуға түсуді «тар жол, тайғақ кешу» көреді. Ал Диляраны аппақ арманы алға жетелей түскен. Ол америкалық университеттерге түскен қазақтардың сұхбаттарын көріп, ютуб каналдарға жазылып, олармен әлеуметтік желі арқылы танысқан. Қалай дайындалғандары туралы жүз шақты бейнежазба көріп, ақыл-кеңес алған. Ең алдымен емтихандарға дайындалып, қоғамдық өмірде белсенді болып, өзін тұлға ретінде жақсарта бастаған.
Бір қызығы, ол тек осы оқу орнына емес, Түркияның үш беделді университеттеріне де құжат тапсырған. Алдымыздағы наурыз айында Назарбаев университетіне де тапсыратын ойы бар. Тіпті «Шетелге оқуға түсу» саласындағы компанияларға жұмысқа тұрып, жас талаптарға жол көрсетпекші.