Бүгінгі таңда Солтүстік Қазақстан облысының кітапханалар желісі 318 облыстық, аудандық, қалалық, оқу мекемелік, 284 ауылдық кітапханадан тұрады. Оның қатарында 705 кітапханашы жұмыс істейді. Биыл М.Жұмабаев ауданының Қарақоға, Таман, Сулышоқ ауылдарының, Мамлют ауданының орталық, Қызылжар аудандық балалар кітапханасы күрделі жөндеуден өтіп, жаңаша жаңғырды. Барлық кітапханадағы кітап қоры 4 млн данадан асады, оның ішіндегі қазақ тіліндегі әдебиет 1,7 млн-ға жеткен. 220 кітапхана компьютерлендіріліп, интернет желісіне қосылған.
Кітапханалардың тұрақты оқырмандарының саны 225 мың адамнан асты, ал келушілер 3 млн адамнан артық. Кітап қорын қашықтан пайдаланушылар саны 2,8 млн адамға жеткен. Осы мәліметтердің бәрін облыстың ең байырғы, басты ой ордасы – Сәбит Мұқанов атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапхананың (ОӘҒК) директоры Бейбітгүл Әбілмәжінова өзінің журналистерге берген брифингінде айтты.
С.Мұқанов атындағы ОӘҒК-дегі өзіндік және сатып алынған ҚазҰЭК, Қазақстан Заңдары, Литрес, Лань және т.б. электрондық дерекқорлары пайдаланушылардың тұрақты сұранысына ие екен. Сайттар, әлеуметтік желілер және жергілікті БАҚ, блогтинг (немесе блог жүргізу үдерісі) кітап пен оқуды насихаттаудың негізгі алаңына айналған.
Білмейтін адамдар кітапханашылардың жұмысы кітап беру мен қабылдау ғана деп түсінеді. Шын мәнінде кітапханашылар ақын-жазушылар, мемлекет және қоғам қайраткерлері, жалпы елге ортақ және жергілікті тарихи тұлғалардың мерейтойларына байланысты түрлі мәдени іс-шара өткізіп тұрады. Былтыр облыс кітапханалары 3 млн-нан артық адам қатысқан сондай 26 мыңдай іс-шара өткізген.
Астанадағы Ұлттық кітапханада болған кәсіби конференцияда біздің облыс ауылдарындағы кітапханалардың басқа облыстармен салыстырғанда әлеуметтік желілердегі белсенді жұмысы аталып өткен. Облыс кітапханаларында өлкетану сипатындағы 74 573 кітап цифрлық форматқа көшірілген. Кітапханашылардың кәсіби шеберліктерін арттыру үшін әдістемелік семинарлар, вебинарлар, тренингтер, шеберлік сабақтары, офлайн режімде конференциялар және онлайн медиасауаттылық, ЅММ, Мобилография курстары өтіп тұрады. Ауылдық кітапханашылар Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Ұлттық кітапхана ұйымдастырған конкурстарға, форумдарға қатысып, жүлделі орындар алып жатыр. Мысалы, Ғ.Мүсірепов ауданының Володаровка ауылдық кітапханасының кітапханашысы Николай Вербовский «Үздік ауыл кітапханашысы» республикалық конкурсының жеңімпазы атанды.
Облыс кітапханаларында 57 коворкинг орталығы, 1 675 клуб, «әуесқойлар бірлестіктері», 318 «Парасат жолы» орталығы, облыс бойынша 395 орталық жұмыс істейді.
Бейбітгүл Мағжанқызы С.Мұқанов атындағы ОӘҒК-де ұзақ жылдан бері директор болып келеді. «Қазір кітапханамызды өңірдегі ең көне және ең ірі кітапхана ретінде ақпараттың, білім мен мәдениеттің заманауи көпфункционалды алаңына айналдырдық. Кітапханамыздың кітап қоры 700 мыңнан асады, соның ішінде 215 мыңнан астамы – мемлекеттік тілде. Қорымыз жыл сайын 10 мың дана жаңа кітаппен, құжатпен толықтырылады. Тұрақты оқырманымыздың саны – 45 685, ал жылдық келушілер саны бір миллион адамға таяу. Ресурстарымызды сайт арқылы қашықтан пайдаланушылар саны 3 млн-нан асты. Кітапханамыз көптеген халықаралық, барлық республикалық конкурстарға қатысып, бірнеше рет жеңімпаз атанды. Мәселен, 2014 жылы «Қазақстанның ХХІ ғасырдағы үздік кітапханасы» атағына ие болдық. 2018 жылдан бері «Рухани қазына» республикалық фестиваліне қатысып, оның тұрақты жеңімпаздары қатарынан көрініп келеміз. «Үздік ауылдық кітапхана», «Үздік аудандық кітапхана» аталымдары бойынша М.Жұмабаев ауданындағы Қарақоға, Аққайың ауданындағы орталық кітапхана жеңімпаз болды. Сондай-ақ біздің ОӘҒК республикалық кітапханалар арасында «Оқырманы озық өлке» – «Лучший читающий регион» республикалық байқауының жеңімпазы болды. Көршілес Ресей еліндегі «Кітапханалар достастығының білім беру ынтымақтастығы» (Мәскеу қ.) халықаралық жобасына және Төменгі Новгородтағы «Ресей кітапханалар астанасы» конкурстарына қатыстық. Біздің кітапхана халықаралық қорлардың 27 грантының иегері, соның ішінде мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған роботтехника кабинетін ашуға грант ұтып алдық. Кітап пен оқуды насихаттау бойынша 44 жоба жүзеге асырылды. Соның ішінде «Туған жер», «СҚО кітапханаларын жаңғырту», «Солтүстіктің інжу-маржаны» онлайн-картасы, «Біздің Мағжан» порталы, «Көше, мобильді кітапханалар», «Смарт-орындықтар», «Вики-Приишимье» және т.б. жобалар бар. Халықаралық деңгейде А.Пушкин атындағы Омбы ОӘҒК, А.Югов атындағы Қорған ОӘҒК, Челябі ғылыми кітапханасымен бірлесіп, «Шекарадағы кездесулер» халықаралық жобасын, Саха ұлттық кітапханасымен (Якутия), Ямал-ненец ұлттық кітапханасымен (ЯНАО) «Онлайн шығармашылық кездесулер» жобаларын іске асырып келеміз», деді Бейбітгүл Әбілмәжінова.
Брифингке қатысқан Ғ.Мүсірепов атындағы Солтүстік Қазақстан облыстық балалар мен жасөспірімдер кітапханасының директоры Көгершін Бердіғұлова да өздерінде істеліп жатқан жұмыстар жөнінде баяндады. Бұл кітапхананың қоры – 215 мың, соның қазақ тіліндегісі 30 мыңдай екен. Тұрақты оқырмандар саны былтыр 16 мың адам болған, ал барлық келгендер саны – 151 мың. «Былтыр Мағжан Жұмабаевтың 130 жылдығын мерекелеуге арналған бірқатар іс-шара өткізілді. «Бір ел – бір кітап» республикалық акциясы аясында белгілі жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Еуропалық Франц Кафка атындағы алтын медаль иегері Төлен Әбдіктің шығармаларын насихаттау іс-шараларын өткіздік. Ал осы жыл балалар жазушыларына арналған іс-шаралармен басталды. Жерлесіміз Зейнел-Ғаби Иманбаев пен балалар әдебиетінің классигі Бердібек Соқпақбаев ағаларымыздың 100 жылдығына арналған бірнеше іс-шара өтті», деді К.Бердіғұлова.
Кітапхана жұмысының жарқырап-жандана түсуі халық мәдениетінің артуының кепілі екені белгілі. Мәдениетті адам білімге де құштар болады. «Артық білім – кітапта» деп даналарымыз тегін айтпаған ғой. Сондықтан да еліміздің қиыр терістігіндегі кітапхана жұмысының жандануы көңілге қуаныш ұялатады.
Солтүстік Қазақстан облысы