Бұл іске мұрындық болған – Сарқан ауданына қарасты Қарауылтөбе ауылының азаматы. Ол жергілікті халықтың өтініш-тілегін ескере отырып, Сарқан аудандық аурухана базасында гемодиализ орталығын іске қосты. 60 млн теңге жеке инвестиция салған кәсіпкер Азамат Доланбаев жетісулық атпал азаматтарға үлгі болды.
Кім болсаң да, қайда жүрсең де туған жеріңді ұмытпаған абзал. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев алдымен ауылға сол топырақтан түлеген азаматтардың жаны ашуы керек екенін айтқан еді. Себебі сырттан келіп ешкім құшақ жаймайды. Сондықтан кәсіпкердің ерлігі көңіл сүйіндіреді.
Сарқан ауданы әкімдігінің мәліметінше, меценат аудандық аурухананың бос тұрған үй-жайының шағын бөлігіне жөндеу жұмыстарын жүргізіп, гемодиализ қызметі үшін арнайы жабдықтар әкеліп орнатқан. Орталық орналасқан алаңның көлемі – 85,2 шаршы метр. Орынды жалға алу ақысы мемлекеттік бюджетке төленеді.
Осылайша, 19 мың тұрғыны бар Сарқан қаласында бүйректің созылмалы жеткіліксіздігі ауруына шалдыққан адамдардың қанын тазалап, қалыпты өмір сүруін қамтамасыз ететін орталық іске кірісті. Бұрын сырқаттар гемодиализ алу үшін Сарқаннан 151 шақырым жердегі облыс орталығына қатынайтын болса, енді оларға алысқа жол тартудың қажеті жоқ. Тұрғындардың мерейі тасып, көңілі алып-ұшып жүр. Әуелі орталықтың ашылуымен тұрғындарды аудан әкімі Ғалымжан Маманбев құттықтап, елжанды азаматқа алғысын білдірді.
«Осы уақытқа дейін ауданда мұндай орталық болмағандықтан, созылмалы бүйрек аурулары бар азаматтардың Талдықорған қаласына баруына тура келді. Жол алыс емес, дегенмен кезек күтіп, сырқат адамның әрі-бері қатынауы оңай емес. Оның үстіне қалаға ауыл-ауылдан ем іздеп келетіндер қаншама? Адам өмірі – ең қымбат құндылық, денсаулық ешқандай ақшамен өлшенбейді. Осы ретте Азамат бауырымыздың игі ісіне алғыс білдіремін», деді Ғ.Маманбаев.
Орталықта Германияда жасалған құрал-жабдықтар орнатылған. Мұнда бір мезгілде 4 науқас ем қабылдай алады. Медициналық қызмет тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі аясында МӘМС жүйесі арқылы тегін көрсетіледі. Тұрғындар алдын ала дәрігердің анықтамасы арқылы тексерілуіне болады.
«Емдеу үдерісі әр адамға аптасына 3 рет жүргізіледі. Бір сеансқа шамамен 4 сағат жұмсалады. Бүгінде Сарқан ауданынан бөлек Ақсу және Алакөл аудандарының жақын аймақтарының науқастарын қоса алғанда 10 азамат ем алып жатыр. Олардың денсаулығы жіті қадағалауымызда. Қалада көрсеткен ем-домды осында алуға болады», дейді дәрігер Олжас Байжанов.
Алматы қаласының «Bios» клиникалық базасынан арнайы білім алған білікті дәрігер әріптесі Мұрат Бөлегеновпен бірге орталықта науқастарға арнайы медициналық көмек көрсетеді. Қазір қос дәрігерге қаралуға асық алыс-жақын аудандардан келген халықтың қарасы көп. Олар арнайы кезекпен келіп, тексеріліп жатыр.
Осы ретте жетісулық дәрігерлердің ісіне адалдығын айта кету керек. Әрине, медицина саласында күнделікті әртүрлі жағдайлар орын алып жатады. Оның бәріне ақ желеңділерді кінәлай бергеніміз дұрыс емес. Мәселен, өткен жылдың желтоқсан айында Үштөбе қаласындағы үйлердің бірінде жылу жүйесінің жарылуы салдарынан 2017 және 2021 жылы туған екі бала термиялық күйік пен жарақат алған еді. Сөйтіп, қос бүлдіршін Көпсалалы облыстық балалар ауруханасына ауыр жағдайда түскен еді. Дәрігерлердің дер кезінде көрсеткен медициналық көмегінің нәтижесінде екі бала да аман қалды. Оларға медициналық авиация желісі бойынша көмек көрсетіліп, балалар реанимацияда ем алды.
«Дененің 85 пайызы термиялық күйік алған бала реанимация бөлімінде бақылауда бір ай болды. Оларға жоғары технологиялық медициналық көмек көрсетілді. Бүгін бала үйге аман-есен шығарылды. Оның інісі реанимация бөліміне бет, мойын, кеуде қуысының алдыңғы жағы, екі жоғарғы аяқ-қол аймағында, дененің алдыңғы қабырғасында, төменгі екі аяқтағы күйікпен түскен болатын. Сәтті емдеуден кейін 12 қаңтарда ауруханадан шығарылды», дейді балалар хирургі Даурен Тасболатов.
Оның айтуынша, дененің 40 пайыздан астамы күйік алған жағдайларда өте ауыр жарақат болып саналады. Бұл балаларда дененің зақымдануы 80 пайыздан асқан. Қайта дәрігерлердің біліктілігімен оңалған.
Талдықорған қаласының реаниматолог, травматолог және хирург дәрігерлердің кәсіби және жанқиярлық әрекеттерінің нәтижесінде ғана балаларда аса ауыр асқынуларды болдырмай, зақымдалған аяқ-қолдардың функцияларын толығымен қалпына келтіре отырып құтқарды. Бүгінде кішкентай пациенттердің өмірі мен денсаулығына ешқандай қауіп төніп тұрған жоқ.
Жетісу облысы