Алматылықтар жақсы біледі, өткен жылы араға алпыс жыл салып алғаш рет Әуежай көлінің түбі тазаланған болатын. Өйткені су қоймасы 1963 жылдан бері тазартылмаған еді. Сол сияқты қаланың қақ ортасындағы Сайран көлінің де көркі кіріп, жергілікті фауна қалпына келе бастады.
Сайран көлі де былтыр ғана қала билігінің тікелей араласуымен тазартылған еді. Себебі тұрғындар тарапынан шіріген тұнба мен қамыстың мүңкіген иісіне шағым көбейіп кеткен-ді. Сонымен көлдің түбі мен жағасынан 140 мың текше метрден аса қоқыс пен лай шығарылды.
Сайран көлі қала тұрғындары серуендейтін сүйікті орын болса, алматылықтар кейінгі уақытта көлде балықтар пайда бола бастағанын, жағалауда балық аулап жүрген құстарды байқағанын айтып жүрген-ді.
Ал таяуда фотограф Дмитрий Доценкоға аққұтанның көкбас балықты аулап тұрғанын суретке түсіріп алудың сәті түсіпті. «Бұл біздің Алатаудың эндемик-балығы болғандықтан, мен өте құнды сурет түсірдім деп ойлаймын. Ойлап қараңызшы, 2024 жылы – осы заманда екі миллион тұрғыны бар мегаполистің қақ ортасында эндемик нағыз жабайы табиғатты көре аласыз. Бұл ғажап қой, оны қорғау керек», – дейді алматылық фотограф Instagram парақшасында.
Әуежай көлі қаланың төменгі Түрксіб ауданында орналасқан. Су қоймасының толымдылығы –1 250 000 текше метр, орташа тереңдігі шамамен – 8 метр. Оның да жағасына күніне мыңнан аса адам келеді.
Қазіргі таңда көлге зерттеу жүргізіліп, жобасы түзетіліп жатыр. Су айдыны толық құрғатылғаннан кейін, осы жылдың екінші тоқсанында оған 3 шынжыр табанды экскаватор, 1 тиегіш, 25 самосвал мен 35 жұмысшы жұмылдырылады.
Резервуарды механикалық тазарту суды толығымен төгіп тастағаннан кейін ғана іске асқан, ол бұрын-соңды әуежай көлінде жасалмаған.
Биыл Алматы әкімдігі Әуежай көліне қоса Қарасу көлін тазартуды жалғастырады.
АЛМАТЫ