Ол бала жасында оңашалықты қалап, Шекспирдің кітаптарын оқып өсіпті. Өмірдің сан қатпарлы сырына, ғажайып әлемнің өзгеше құбылыстарына ерте қызыққан ол кейін өсе келе магиялық реализм стилінде қалам тербейтін үлкен жазушы болды. Чилидің әдебиеттегі Шолпан жұлдызы атанған Изабель Аленде бір ғана «Рухтар үйі» атты романымен әлемге танылды. Романнан саяси астар іздеген оның туған елі аталған шығарманы басып шығаруға тыйым салды, тіпті сол тұста өзге испан тілді елдер де Изабель Аленденің есімінен ат-тонын ала қашты. Бұл күндері Калифорнияда тұрып жатқан оған сұхбат алу ойымыз бар екенін айтып хабарласқанымызда, тұңғыш рет қазақ журналисіне сұхбат беріп отырғанын айтып, келісім берді.
– Қазақ оқырмандары Пабло Неруданы жақсы біледі, оның өз халқының әдебиетіне, әлемдік руханиятқа сіңірген еңбегі орасан екені шындық. Сіз де Чили топырағында өскенсіз. Қазір Америкада өмір сүргеніңізбен, балалық, жастық шағыңыз Чили елінде өтті, Неруданың шығармалары сізге қалай әсер етті?
– Пабло Неруданың поэзиясы менімен өмір бойы бірге. Мен мәңгілік шетелдікпін, өмірімнің көп бөлігін шетелде өткіздім. Неруданың поэзиясы мені туған халқыммен, атамекеніммен, ондағы ақеділ жұртыммен, өз тамырыммен байланыстырады, маған Чили сұлулығын сезіндіреді. Ал осыдан кейін оның жаныңды өзгеше ғажайыпқа бөлейтін жырлары қалай әсер етпей тұра алсын! Бірақ сенің бұл сұрағыңа менен гөрі әдеби сыншы немесе әдебиет мамандығының профессоры жақсы жауап бере алар ма еді деп ойлаймын.
– Сіздің кітаптарыңыз көптеген тілге аударылып, 50 миллионнан астам данамен сатылды. Бұл – жазушы үшін үлкен бақыт. Мұндай жетістікке жету үшін талант пен еңбектен басқа не керек?
– Соңғы есеп бойынша менің кітаптарым 77 миллионнан астам данамен сатылды. Бұл көрсеткішке өзім де сене алмаймын. Бірақ бұл – шындық. Жазушылық жолда кереметтей жолым болды деп ойлаймын. Мен сияқты өз ісіне ұқыпты, таланты асқан жазушылар өте көп, бірақ олардың бәрінің бірдей жолы бола бермеді.
– Романдарыңызда миф пен жеке тәжірибені қалай үйлестіре алдыңыз?
– Бұл шынымен ойланатын сұрақ екен. Егер сөзіме сенсеңіз, мен мына әлемді жұмбақ жер деп есептеймін. Біз түсіндіре алмайтын немесе басқара алмайтын көптеген құбылыс бар екені анық. Тым қатты ырымшыл да емеспін, бірақ жұмбақ болып көрінетін дүниелерге қызығамын. Сол үшін бұл үрдіс менің өміріме, жақсы шығармалар жазуыма өзгеше мүмкіндік берді.
– Алғашқы романыңызды өз еліңізде басуға тыйым салынғанын естідік, мұның себебі неде? Саяси астары бар ма?
– Саяси себептермен 80-жылдардың басында Чилиде «Рухтар үйі» атты кітабыма тыйым салынды. Әскери диктатура өнердің, әдебиеттің және журналистиканың барлық түрлерін цензураға айналдырды. Сондықтан менің кітабым тыйым салынған көптеген кітаптың бірі болды десем болады. Бір қызығы, қазір АҚШ-та бұл романға Солтүстік Каролинада, басқа оңтүстік штаттарда да тыйым салынған. Неге екенін біле алмадым. Бір жақсысы, тыйым салынған кітапты оқырман іздеп жүріп оқығысы келеді.
– Шығармаларыңыздағы кейіпкерлер – негізінен әйелдер. Сол кейіпкерлер арқылы қоғамның бет-бейнесін ашқыңыз келді ме, әлде өзіңіз әйел жазушы болған соң, әйелдер тағдырын шығармашылығыңызға арқау еттіңіз бе?
– Мен рухы қайсар, төзімді әйелдер туралы жазамын. Өйткені олар менің айналамда жүреді. Олар туралы оқиға құрастыруымның еш қажеті жоқ. Маған тек оларды бақылап, тыңдау ғана жеткілікті. Мен құрған қордың мақсаты – тәуекелге бел буған әйелдер мен қыздарға көмектесу. Біз бірнеше елде жұмыс істейміз. Осы арқылы ерекше әйелдердің сан алуан әлемін таныдым. Олардың кейбіреуі өмірден түңілді, бәрінен, әсіресе балаларынан айырылды. Бірақ олар қайтадан аяғынан тік тұрып, өзгеше күш-қуат, жанашырлық һәм қуанышпен өмір сүре алатын күйге жетті. Қазір олардың іс-әрекеттері мені шабыттандырады, мүмкіндігінше олар туралы айта да, жаза да бергім келеді.
– Қаламгердің қоғам алдындағы міндеті қандай деп ойлайсыз?
– Көркем шығарма жазушыларды өзара байланыстырады, кейде олардың жүрегіне сәуле де шаша алады. Бір сөзбен айтқанда, жазушы қоғамға әсер етуі мүмкін. Мен, мысалы, бірнеше аболиционист топтың жұмысынан гөрі құлдыққа қарсы әрекет еткен «Том ағайдың лашығы» романы туралы жиі ойланамын. Көркем шығарма өзгелерге шынайы әсер етуі үшін ол сөзсіз шындыққа негізделуі керек. Әлемдегі миллиондаған босқындар туралы естігенде, бұл құбылыстың нені білдіретінін елестете де алмаймыз. Бұл жай ғана санақ па? Бірақ бір босқынның оқиғасы баяндалатын романды оқығанымызда, оның атын біліп, жүзін елестете алатын болсақ, бәрі басқаша болар еді. Әне, сол сәтте әлгі босқын біздің өзіміз, ал өмірден теперіш көріп қиналған бала біздің баламыз сияқты елестеуі әбден мүмкін. Әлемнің бір шетінен мені іздеп, сұхбат алуға ниеттенгенің үшін алғысымды білдіремін.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен –
Дүйсенәлі ӘЛІМАҚЫН,
«Болашақ» бағдарламасының George Washington университетіндегі зерттеушісі, Америкадағы «Абай орталығының» үйлестірушісі,
АҚШ