Әлемдік классиканың алтын қорынан ойып орын алған ағылшын драматургі У.Шекспирдің «Асауға тұсау» комедиясы қазақы табиғатпен етене үндесетін бірегей туындылар қатарында. Ұлттық сахнада ең алғаш 1943 жылдың 16 қазанында Мәскеудің А.Луначарский атындағы театр өнері институтының мұғалімдері О.Пыжова мен Б.Бибиковтың қолтаңбасында көрермен назарына ұсынылған комедия жылдармен бірге жаңарып, түрленіп, 80 жылдан аса уақытты артқа тастаса да, көрермен қызығушылығын бір сәт те бәсеңсіткен емес.
Ең алғаш Петруччио рөлінде Шәкен Айманов ойнаса, Катаринаны КСРО халық әртісі Хадиша Бөкеева кемеліне келтіре кейіптеп, көркемдік биікте құйқылжытқан еді. Саңлақтар салған сара жолды араға 70 жыл салып елордалық Жастар театры сахнасында тамаша тандем – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Әділ Ахметов пен актриса Айнұр Рахипова заманауи көзқарас, жаңаша сараптауда көрерменіне қайта ұсынды. Алғаш сахналанған күннен-ақ көпшілік көңілінен шыққан қойылым 10 жыл бойы аншлагпен өтіп келе жатқанына куәміз. 2013 жылдың желтоқсан айында өткен премьерадағы нөпір көрермен 10 жылдан бері титтей де сейілген емес. Керісінше, қай кезде көрсең де айтулы комедияға билет таба алмай сарылған, сабылған халық. Осыдан-ақ спектакльдің деңгейін бағамдай беруге болатын шығар. 10 жыл бойы репертуар рейтінгісі мен театр фестивальдарының алдын бермей келе жатқан спектакльдің сахнадағы 10 жылдық жемісті жетістігін кеше театр ұжымы көрерменімен бірге тағы бір мәрте еске түсіріп, театр ішін нағыз өнер мерекесіне ұластырды.
Драматургия дүлдүлі Қалтай Мұхамеджановтың сөзімен айтсақ, Шекспир шығармасын сахнаға қою – әрбір өнер иесінің бұғанасы бекіп есеюіндегі ұлы емтихан. Ал Жастар театрының осы сынаққа батылдықпен келіп, классикалық комедияның пернесін дөп басуы, үлкен жетістік дер едік. Режиссер, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Нұрқанат Жақыпбай қолтаңбасына тән жаңашылдық пен тосыннан, тыңнан өрілер режиссерлік тапқырлықтар Шекспир шығармасының шын мәнінде шырайын кіргізді.
Ұзақ жылдар бойы көрермен қауымның сүйікті спектакліне айналған «Асауға тұсауда» актер Әділ Ахметов айрықша жарқырады. Шәкен Айманов салған тұңғыш сүрлеуді кейін Ыдырыс Ноғайбаев жалғаса, бұл қойылымда эстафета актер Әділ Ахметовке тиіпті. Фактура, қиымыл-әрекет, сыр-сымбат жағынан кейіпкер болмысын тап басып таныған режиссер таңдауы дөп түскен. Өзіне жүктелген жауапкершілікті актердің де жіті сезінгендігі сөз саптасы мен сахнадағы жүріс-тұрысынан айқын аңғарылады. Сөзі анық, әрекеті нық. Кейіпкерін барынша жанды етіп шығаруға тырысқан. Серілік пен сергектік, фактура мен ішкі тереңдік қатар өрілген Петруччио бейнесі Әділ Ахметовтің кейіптеуінде көркемдік биікке көтерілген. Актер кейіпкер кілтін адаспай тапқан. Әртістің бітім-болмысы, рөлге қона кеткен келісті келбет, сахнадағы әбжіл қозғалысы мен есепсіз энергиясы нағыз Петруччионы көз алдымызға әкелді. Сөзіміздің айғағы – актер Әділдің сомдауындағы айтулы рөл мамандар тарапынан жоғары бағаланып, қазақтың тұңғыш режиссері Ж.Шаниннің 125 жылдығына арналған Түркі әлемі театрларының «Театр көктемі – 2017» халықаралық фестивалінде Петруччио рөлімен «Қойылымдағы ұтымды бейне» аталымында топ жарған еді. Талантты әртістің шеберлігі мен жалпы қойылымның көркемдік сапасына белгілі ресейлік шекспиртанушы ғалым Алексей Бартошевич: «Асауға тұсауды» автор жастық шағында жазған, сондықтан да пьесаның өн бойы жастық жалынға тұнып тұр. Осыны режиссер театрдың жас ерекшелігіне, аудиториясына сай өте ұтқыр да дөп таңдаған. Жастардың ішкі энергия, жалынды жасампаздығы, сахнадағы көз ілестірмес шапшаң қимылы шын мәнінде сүйсінтеді. Әсіресе Петруччиоға (Әділ Ахметов) тәнті болдым. Актер тек бой сұңғақтығы, сыртқы келбет көркемдігімен ғана емес, ішкі актерлік шеберлігімен де, дауыс мәнерімен де көңілге берік орнығып, көрермен қойылым соңында өз Петруччиосымен қимай қоштасады. Менің де көңілімде сондай бір қимастық сезім қалды», деп қазақ актеріне таңдай қаға қол соққан еді.
Ал кезінде аталған бейнені бүтін образ биігіне көтерген КСРО халық әртісі Хадиша Бөкеева жолын жалғаған актриса Айнұр Рахипованың да кейіпкер болмысын барынша бойына сіңіруге тырысқаны көрініп тұр. Бұл – актерлік шеберліктен бөлек, шынайы маңдай тер, толассыз еңбектің жемісі екені анық. Петруччиодай жігіт серісінің сүйгенін ойнау сахнагерден ішкі тереңдіктен өзге, физикалық күш-жігер мен пластикалық органиканы талап етеді. Одан басқа М.Әуезовтің құнарға бай поэзия тілімен аударылған тәржімасын қосып қойыңыз. Осының бәрінің басын қосып, шашауын шығармай сайрату – кез келген актирсаға қол емес. Катарина – мықтылардың үлесі! Міне, осылайша есімі аңызға айналған Хадиша Бөкеевадан кейін Шекспирдің «ақылды тентегін» тұп-тура 70 жылдан кейін Айнұр өзгеше жаңғыртты. Дұрысы, жарқыратты. Жай ғана ойнап қойған жоқ, ол – Катаринаны ғаламат бейне биігінде бедерледі. Актрисаның Катарина бейнесіне келудегі осы есепсіз еңбегі лайықты бағаланып, 2017 жылы Түркістан қаласында өткен қазақтың тұңғыш режиссері Ж.Шаниннің 125 жылдығына арналған Түркі әлемі театрларының «Театр көктемі – 2017» халықаралық фестивалінде Катарина рөлі үшін «Үздік әйел бейнесі» жүлдесін еншілеген болатын.
Комедияның тағы бір көңіл марқайтқан тұсы – актерлік ансамбль өнерінің біртұтастықта жүйеленуі. Толық театр труппасы қатысқан қойылым осы ұйымшыл ұжымдық бірліктің арқасында көкейге берік орнықты. Сахнадағы кеңістіктің көп бөлігін қимыл-қозғалысқа сай бос қалдырып, әртістердің өзі жанды декорацияға айналған. Цирк әртістеріне тән шеберлікпен сахнаның арғы бетінен бергі бетіне секіріп, шеңбер жасай, домалай қозғалған труппа таланты мен әртүрлі дыбыс шығаруда қақпақ, ожау, шылапшын сынды сан түрлі құралдың көмегіне жүгінуі де эксперименттік театр элементтерін еске салды. Режиссердің тағы бір ұтымды шешімі – сахнаны ойната білуі. Әр жерден ашылған жертөле тектес едендегі тесіктер, ат орнына пайдаланылған дөңгелекті ағаш бұйымдар – барлығы да комедияның көркемдігін үстеп, көрігін қыздырды. Езуге күлкі үйірді. Костюм суретшісінің (Ерлан Тұяқов) ашық түсті маталардан әдіптеп тіккен киім үлгілері де комедия табиғатынан алшақ кетпеді. Ертедегі Италия жеріндегі карнавалдарды бір сәтке көз алдымызға келтіргендей, еуропалық өнер думанының ішінде жүргендей әсерге бөлендік. Он жыл бойы сахнадан түспей, өнерде жаңалық жасаған, жыл сайын кемелденіп, өзектілігі мен көркемдік қуаты артып келе жатқан жарқын қойылымның ғұмыры әманда ұзақ болсын дейік ендеше.