Ғылыми жобаларды коммерцияландыру, өнертабысты өндіріске енгізу ғалымдар үшін өзекті мәселеге айналып отыр. Осы бағытта «Кәсіпкерлік қоғамдастық, ғылыми мекемелер мен мемлекет арасындағы ынтымақтастықты ынталандыру механизмдері» сессиясында бизнес және ғылым ықпалдастығы мәселесі талқыланды.
«Digital Almaty: Х индустриясы және болашақтың цифрлық эволюциясы» форумы аясында өткен сессияда Алматы қаласы кәсіпкерлер палатасының төрағасы Нұрсұлтан Шоқанов ғылыми идеялар мен әзірлемелерді коммерцияландыру еліміздің әлеуметтік экономикалық даму көрсеткіштеріне оң ықпал ететін маңызды тетік екенін атап өтті. Сарапшының айтуынша, ғылыми жобаларды коммерцияландыру барысы оңайға соқпайды. Нәтижесі еліміз үшін стратегиялық маңызы зор болғанымен, бұл – ұзақ әрі күрделі үрдіс. Бүгінде ел экономикасы шикізаттық емес бағыттан арылып, өңдеу бағытындағы әлеуетті арттыруға баса мән беріп отыр. Сондықтан мемлекеттік органдар, даму институттары, ғылыми орталықтармен бірлесіп, креативті индустрия, инновациялар саласын дамытуға күш салуы маңызды.
Мемлекет басшысы өткен жылы Ғылым және технология жөніндегі ұлттық кеңестің отырысында экономиканың өндірістік секторларындағы ғылыми-зерттеу жұмыстарының көлемін ұлғайту үшін бизнес пен ғылыми қоғамдастық арасында тығыз өзара іс-қимыл орнату қажеттігін атап өткен болатын. Осы орайда «Атамекен» ҰКП басқарма төрағасының орынбасары Тимур Жаркенов «Ғылым мен бизнес – инновациялық әлеуетті дамытудың екі маңызды құрамдас бөлігі. Осы екі сектор арасындағы тиімді ынтымақтастық қана экономикалық және әлеуметтік мәселелерді шешуге, жаңа жұмыс орындарын құруға жәрдемдеседі», деп атап өтті.
«QazInnovations» инновацияларды дамыту жөніндегі ұлттық агенттік» АҚ төрағасы Санат Ахановтың айтуынша, елімізде ғылыми жобаларды қолдау құралдары жеткілікті, бірақ орталықтандырылған жүйе жоқ. Осы орайда спикер бірқатар ұсынысын алға тартты. «Салалар бойынша әзірлемелерді кластерлеу, яғни әртараптандыру қажет. Бұл жерде жобалардың жетілу барысын қарастыру маңызды. Әзірлемелер бойынша ағымдағы чек-листке де назар аударған жөн. Бұл әзірлемелер әлемдік трендке жата ма, жоқ па, оған сұраныс бар ма, отандық нарықтың сыйымдылығы, әлемдік нарықтағы орны қандай екенін зерделеу маңызды. Мұнымен қоса әлеуетті клиенттердің тізбесі жасалуы керек. Бұл бағытта «Атамекен» ҰКП қолдауы маңызды. Осы күрделі тізбекті ғылым саласы жүйелі түрде топтастырып, ұсынып жатса, әрі қарай кәсіпкерлік бағытта жалғастыра аламыз. Бұл – үздіксіз жалғасын таба беретін үрдіс», деді спикер.
Мемлекет басшысының тапсырмасымен қазіргі кезде «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы инвестициялық жобалар тізілімін әзірлеп жатыр. «Қазіргі кезде инвестициялық жобалар туралы деректер әкімдіктерде ехсel кестесі түрінде жиналады. Жүйелілік жоқ. Сондықтан инвестициялық жоба бірнеше жыл бойы іске асырылмай жатады, кәсіпкер уақыт жоғалтады. Ұлттық палата Инвестициялық жобалардың бірыңғай тізілімін жүргізу механизмін ұсынып отыр. Жобаны қазір қанатқақты режімде іске қосып жатырмыз», деді «Нарықты мониторингілеу және сараптау орталығы» ЖШС директоры Айбек Ерғожаев айтты.
«Ғылым қоры» АҚ басқарма төрағасы Камиль Ақатов қор тарапынан атқарылып жатқан жұмыстар барысына тоқталса, «Omir Group» компаниясының негізін қалаушы және CEO, Schulich Startups стартаптар ұйымының мүшесі Дінмұхамед Қонаев Канаданың стартаптарды қолдау тәжірибесімен бөлісті.
Сессияда сонымен қатар мегаполис экономикасын трансформациялаудың драйвері туризм, өндіріс, креативті индустриялар мен ІТ саласын дамытуда өңірлік палата жергілікті атқарушы органдар, жоғары оқу орындарымен, даму институттарымен тығыз байланысты жұмыс істейтін болады. «Атамекен» ҰКП баспасөз қызметінің дерегіне сүйенсек, былтыр қараша айында Алматы кәсіпкерлер палатасы мен New Ventures (InDrive) ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойғаны белгілі. Ынтымақтастық аясында оңтүстік астана бизнесмендері New Ventures-тен 100 миллион долларға дейінгі инвестиция алуға үміткер бола алады. Ал Алматы қаласының кәсіпкерлер палатасында креатив индустриялар мен инновацияларды дамыту жөніндегі кеңеспен сала мамандары, кәсіпкерлер, сондай-ақ барлық мүдделі тарап бірлесе жұмыс істеу мүмкіндігі қарастырылған.
АЛМАТЫ